Үндістанда ауа температурасы шамадан тыс ысып, 52 градусқа дейін жеткен. Салдарынан ормандарда өрт, ел астанасында су тапшы болып, ыстыққа төзбеген тұрғындар жаппай естерінен танып жатыр. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үндістан астанасында екі күн бойы аптап ыстық сақталып отыр. Нью-Дели билігі тұрғындарға қалада су жеткіліксіз болуы мүмкін екенін ескертті. Әдетте күніне екі рет су алатын аймақтар енді оны күніне бір рет қана алады. Осы уақытта Үндістанның Джамму және Кашмир штаттарында жоғары температура орман өрттерін тудырды. Қаза тапқандар мен өрттен зардап шеккендер жоқ.
"Кешеден бері мұнда өрт өршіп тұр. Өрт әртүрлі жерлерге таралып жатыр. Адамдар тұншығып, көптеген қиындықтарға тап болды. Мамандар бар күш-жігерін салса да, өрт әлі сөндірілмеді", – деді Үндістан тұрғыны Мұстафа Шабнам.
Үндістанның метеорологиялық департаменті елдің солтүстік-батысындағы бірнеше аудандарға төтенше жағдайдың "қызыл" деңгейін жариялады. Мамандар тұрғындарға көшеге шықпауды ескертіп отыр. Алайда күн сайын ондаған азамат есінен танып ауруханаға түсіп жатыр.
"Адамдар көшеге тек маңызды іс болса ғана шығуы керек. Басқа уақытта үйде отырғандары жөн. Ауа температурасы тым жоғары. Мен ауруханада жұмыс істеймін. Біз күн сайын миға қан кетудің көбірек жағдайларын көріп отырмыз", – деді медбике Карла.
Делиде ауа райына байланысты студенттердің жағдайы қиындаған. Олар да есінен танып, ауырып жатыр. Себебі оқу орындарындағы желдеткіштер істен шыққан. Ал Наджафгархта электр қуаты мүлдем жоқ.
Мамандар араб теңізінен салқын жел біртіндеп соғып, ол ауа температураның біртіндеп төмендеуіне әсер етеді деп үміттеніп отыр.