Футболдан Қазақстан чемпионатының сегізінші турында Алматының «Қайраты» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қос команда да ел біріншілігінде үздік шығудан үміткер, әсіресе, өткен турда күтпеген жерден «Атырауға» есе жіберген «Қайратқа» шегінер жоқ еді.
Алматылықтардың бапкері бұл жолы шабуыл шебінде бразилиялық Вагнер Лавқа қоса украиналық Адеринсола Эсеолаға үміт артты. Алайда 25-минутта қонақтардың қорғаушысына қарсы дөрекі ойнаған В.Лавқа қарағандылық төреші Артем Кучин әуелі сары, сосын қызыл қағаз көрсетті.
Шымкенттіктер сан басымдығына ие болғанымен, ойын тізгінін ел чемпиондары уысынан шығарған жоқ. Ақыры 61-минутта қарсы шабуылды қырғызстандық Гүлжігіт Алықұлов әдемі ұйымдастырып, Сергей Кейлерге пас берді. Ол айып алаңынан табылған А.Эсеолаға сырғытты. Эсеола мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Ойынға тыңнан қосылған шабуылшылар Штрели Мамба мен Хосе Канте де қанжығаларын майлап, есепті 3:0-ге жеткізді.
Осылайша 15 ұпай жинаған «Қайрат» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. «Астана» 20 ұпаймен көш бастап келе жатса, «Тараз» (17 ұпай) екінші орында тұр.
Келесі турда «Ақтөбе» - «Астана», «Атырау» - «Каспий», «Тобыл» - «Тараз», «Қызылжар» - «Қайрат», «Ордабасы» - «Тұран», «Ақжайық» - «Жетісу» командалары өзара кездеседі.