25 шіл, 2024 сағат 19:22

Ордабасы ауданында инвест-жоба арқылы 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды


Фото: Түркістан өңірлік комминикация қызметі


Ордабасы ауданында биылғы жылдың 6 айында 3 инвестициялық жоба іске қосылды. Жалпы құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын бұл өнеркәсіп орындарында 533 жаңа жұмыс орны ашылып отыр, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Өңір эконономикасына айтарлықтай үлес қосуға қауқарлы жобалар қатарында «JNRAY Group» компаниясының тігін фабрикасы, «Borte Engineering» компаниясының тамақ өнеркәсібіне арналған өндірістік техникалық жабдықтар шығару фабрикасы мен «Бөрте милка» компаниясының сауын сиыр басын 400 басқа, сүт зауытының қуаттылығын тәулігіне 10 тоннаға ұлғайту жобалары бар.


«Үш жүздің басын қосып, елдің татулығы мен бірлігі болған Ордабасы ауданына биыл 60 жыл. Осы мерейтойға орай аудан әкімдігінің қолдауымен 28 маусым БАҚ өкілдерінің мерекесі қарсаңында елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
2024 жылдың 5 айында аудан бюджетінің өзіндік кірістері артып, өткен жылмен салыстырғанда 733 млн. теңгені құраған. Ал соңғы 2 жылда бұл көрсеткіш 6,9%-дан 32,7%-ға өскен. Нақтырақ айтқанда, биыл ауданға 10,2 млрд. инвестиция бағытталып, оның ішінде, өнеркәсіп саласында құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын, 3 ірі жоба, 133 жұмыс орнымен ашылған. Алғашқы аялдамамыз «Jnray» тігін фабрикасы болды. 2024 жылдың сәуір айында өз жұмысын бастаған фабрика, тәулігіне 500 дана өнім шығаруға қауқарлы. Жалпы құны – 1 млрд. 300 млн теңгені құрайтын кәсіпорынның өндіріс алаңы 1,5 гектар. Компанияның өнімі толықтай дерлік еліміздің ішкі нарығына жіберіледі. Жалпы тігін фабрикасы 3 кезеңмен іске асырылуда, 2023 жылы құрылысы басталып, биыл аяқталады деп жоспарланған. Толығымен заманауи құрылғылармен жабдықталған фабрика, қазіргі таңда 50-ге тарта ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр»,  – дейді арнайы турды ұйымдастырушылар.


Бадам елді мекенінде ашылған «JNRAY Group» ЖШС-ң тігін фабрикасы тәулігіне 500 дана өнім алуға қауқарлы. Оның жалпы құны – 1 миллиард 300 миллион теңгені құрап отыр. Бүгінде фабрика өнімдері облыс көлемінде ғана емес, республикаға да танылып үлгерген. Жобалар толығымен іске асқан жағдайда өңірде сүт өңдеу саласы артып, өнім көлемі де ұлғая түспек. Ал, тігін фабрикасына деген тапсырыс көлемі де көбейеді деп күтілуде.


Ал, Ресей және Италия елдерімен бірлесіп қолға алынған «Borte Engineering» компаниясының тамақ өнеркәсібіне арналған өндірістік техникалық жабдықтар шығару фабрикасының өнімдері алыс-жақын шетелдерге экспортталып жатыр. 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған нысанның жалпы құны – 1 миллиард 100 млн теңгені құрайды. 


Компания қазіргі таңда сүт өнімдеріне арналған құрал жабдықтар шығаруда. Елімізде алғаш рет ашылған бұл кәсіп түрінің дәл осы ауданға салынуы экспортқа қолайлы болуы үшін дейді компания директоры.


Ауыл халқының негізгі табыс көзі шаруалышықта. Бүгінде ауданда сауынды сиыр санын арттырып, табиғи сүт өнімдерін шығарып отырған «Бөрте милка» компаниясы жұмыс жасайды. Жалпы ферма 3 кезеңмен іске асырылған. 2015 жылы сүт тауарлы ферманың құрылысы басталып, 1-ші, 2-ші сиыр қораларының құрылысы жүргізілген. Заман талабына сай фермада Швецияның «ДеЛаваль» компаниясы құрал-жабдықтары, сиыр сауатын роботтары орнатылған. Айта кетейік, мұнда 136 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал Венгрияның «Хуланд Трейд» компаниясынан алынған. 110 адамды жұмыспен қамтып отырған фермаға, Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. Сонымен қатар, 400 бас ірі қара малға қоражай салынуда.


Бұдан бөлек, 2024 жылдың соңына дейін құны 6,9 миллиард теңгеге, 354 жаңа жұмыс орнымен 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың ішінде «Central Asia Aluminum» компаниясы алюминий бұйымдарын өндіру жобасы, «Dala Construction.kz» компаниясының қабырғаларға, еденге және төбеге арналған жылу оқшаулағыш материал (керамзит) өндіру жобасы, «Anuar Company» компаниясының қыш зауыты бар. Сондай-ақ «Батыр Бетон» компаниясының темір бетон бұйымдарын және асфальт шығару жобасы, «AMG Park» компаниясының балаларға арналған ойын алаңшаларын жинау жобасы, «KAZDEZGROUP» компаниясының заласыздандыру өнімдерін өндіру жобасы, «Steel Frame» компаниясының металл өнімдерін өндіру жобасы іске қосылмақ.


Темірлан елді мекенінде «Құртай» каналы бойындағы гүлзар, жаңа демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Бұл жаңашылдық елді мекеннің ажарын аша түспек. Нысан биыл шілде-тамыз айларында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Онда балаларға арналған ойын алаңшасы, орындықтар, жарықшамдар орнатылып, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған.Қажымұқан ауыл округі, Темірлан елді мекенінде 250 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы спорт кешенін салуға 1078,9 млн.теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, Самал мөлтек ауданында да арендалық тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Қазір онда 1 қабатты, 2 бөлмелі 26 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Ауданда тұрғын үй кезегінде 2223 адам тіркелген. Құрылыс жұмыстарын қазан айына дейін толық аяқтау жоспарланған.


Сонымен қоса ауданның орталық саябағында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігіне арналған мемориал ашылған. Саябақтың жаңа құрылысмен қоса, ауданда болып жатқан өзгерістермен де таныстық.2023 жылдың шілде айында тұрғындар қолданысына берілген «Ана мен бала» аллеясының ауданда алар орны ерекше. Саябақ ынтымақ пен татулықтың мекені саналған Ордабасы ауданындағы алтын құрсақ аналардың құрметіне салынған. Айта кетейік, ауданда ел демографиясына үлес қосып келе жатқандар аз емес, бұл ретте, 268 бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқты» орденін иеленген ана, 120 «Батыр ана», 785 «Алтын алқа», 2928 «Күміс алқа» иегерлері және 7886 көпбалалы ана тұрады.