24 қаң, 2019 сағат 16:53

Оразақын Асқармен қоштасу рәсімі Алматыда өтеді

Бүгін дүниеден өткен белгілі ақын, қоғам қайраткері Оразақын Асқарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Алматыда өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Белгілі ақын, қоғам қайраткері Оразақын Асқарды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі 25 қаңтар күні Алматыдағы Жазушылар одағында өтеді. Жаназа сағат 10.00-де басталады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай.

Еске сала кетсек, бүгін қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқар 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Оразақын Асқар 1935 жылы Қытай Халық Республикасының Іле аймағында дүниеге келген. Құлжа қаласында гимназияны бітіріп, Үрімжі қаласындағы Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне түскен. Қосымша «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке тұрған. 1955 жылы атамекені Қазақстанға көшіп келіп, 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп шығады.

Біраз жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында нұсқаушы, республикалық Кітап палатасында бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында аға редактор болған. Жылдар бойы қазақтың қара өлеңін ел ішінен жинап, екі томын бастырды. «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысты.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ақын, қоғам қайраткері, Оразақын Асқардың дүние салуына орай көңіл айтты. 

"Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, көрнекті қаламгер, ұлт жанашыры Оразақын Асқар ағамыз дүниеден озды. Ұлттық әдебиетімізде өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалдырған талантты суреткер, қазақтың біртуар азаматы келмес сапарға аттанды. Қазақ әдебиетінің қаралы күні баршаңызға қайғырып көңіл айтамын. Алла алдыңыздан жарылқасын, аға! Жаныңыз жәнатта болсын", - деп жазды министр көңіл айту хатында.