Орамал тағатын оқушылардың мәселесіне қатысты жиын. Ақтөбе қаласы, 1 қараша 2017 жыл.
8 қаңтарда Ақтөбеде бір топ ата-ана облыстық әкімдікке келіп, аймақ әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездеспек болды, деп хабарлайды Азаттық.
Ата-аналар орамал тағатын қыздарының мектепке кіре алмай жүргеніне наразы.
Әкімдікке келген әйелдер облыс әкімі Сапарбаевтан орамал тағатын қыздарға бөлек мектеп ашып беруді талап етпек болған. Бірақ наразы аналар әкіммен кездесе алмады. Оларды Ақтөбе облыстық білім департаментінің басшысы Ләззат Оразбаева мен дін істері департаментінің басшысы Жолдас Қалмағамбетов қабылдады. Бір сағатқа созылған кездесуден кейін аналар "мәселеміз шешілген жоқ" деп шықты.
Орамал тағатын қыздардың шешелері егер мектеппен келісімге келе алмаса, қыздарын сабаққа жібермейтіндерін айтты. Облыстық білім департаментінің басшысы Ләззат Оразбаева балаларын мектепке жібермейтін ата-аналарға шара қолданып, айыппұл салатындарын айтты.
Дін істері департаменті басшысы Жолдас Қалмағамбетовтың айтуынша, "ешкімнің діни ұстанымына тыйым салынбайды, бірақ мектепте орамал тағуға болмайды".
Желтоқсанда Астана қаласының Есіл аудандық сотында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын 60-тан аса ата-ананың талап арызы бойынша сот басталған. Сотқа жүгінуге мектепте орамал тағуға қатысты туған дау себеп болған.