Фото: gov.kz
Орал әуежайына жолаушылар ұшағы қона алмады, - деп хабарлайды "Мой город" Telegram-арнасы.
3 желтоқсанда ауа райының қолайсыздығына байланысты Орал-Астана рейсі кейінге шегерілген. Ал Алматы-Орал ұшағы Ақтөбедегі қосалқы аэродромға қонған. Бұл туралы басылымға Мәншүк Мәметова атындағы Халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі хабарлаған.
Сондай-ақ 4 желтоқсанда Алматыдан ұшатын рейс кейінге шегерілген. Оралға келудің болжамды уақыты - 16:00. Одан бөлек, Алматыдан келетін тағы бір рейс екі сағатқа кешіккен. Орал әуежайының баспасөз қызметі 3 желтоқсан сағат 18:00-ден 4 желтоқсан сағат 04:00-ге дейін көктайғақ болып, жаңбыр жауғанын түсіндірді.
"Бұл ұшу қауіпсіздігіне теріс әсер етеді, өйткені жауын-шашыннан мұз пайда болады. Мұндай жағдайларда әуежай мұзға қарсы реагентті пайдаланады. Әуекомпаниялар ауа райы болжамына және ықтимал тәуекелдерге сүйене отырып, рейстерді орындау бойынша өз бетінше шешім қабылдайды. Төртінші желтоқсанда -3-тен +6 градусқа дейінгі температураның күрт ауысуына байланысты тұман қосылды, бұл көруді қиындатады. Әуекомпаниялар жоғарыда аталған рейстерді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады", - деді Мәншүк Мәметова атындағы Халықаралық әуежайдың баспасөз қызметі.
Әуежай өкілдері әуекомпаниялардың жолаушыларға барлық қажетті көмекті көрсетіп жатқанын атап өтті.