Фото коллаж: Артур Нығметтің кітабынан фотолар
Жас қазақ журналист-зерттеушісі Артур Нығметтің кітабы 1991 жылғы Орал оқиғаларының белгісіз беттерін ашады.
8 тарау: Казактар жиынының соңы
9 тарау: Аяқталмаған тексерулер, дұрысы ұмытылған десе де болады
8 ТАРАУ. КАЗАКТАР ЖИЫНЫНЫҢ СОҢЫ
15 қыркүйек күні Оралда Ресейдің барлық он бір казак әскери бөлімінен делегаттар жиналды. 1991 жылдың 15 қыркүйегі жексенбіде Орал бұлтты болды, күн кейде ашылғанымен күздің салқыны байқалатын. Оның алдында қазақ шерушілері 15 қыркүйек күнін «Қаралы күн» деп жариялау туралы шешім қабылдаған еді. Ленин атындағы орталық алаңға жиналған халық саны арта түсті. Алаңда мыңдаған адам тұрды.
Шерушілер қатарында студенттер көбейе түсті, олар ауылшаруашылық аудандарында астық жинап жүрген жерден жұмыстарын тастап, қалаға жеткен екен. Жиналғандар арасында Оралға өздері, жүрек қалауымен келгендер де көп болды. Ондаған жылдан соң алғаш рет Кеңес үкіметі тұсында қазақтар Отан тағдыры өз қолдарында екенін сезінгендей еді. Олардың барлығы жағдайдың өте қауіпті екенін, қарсылық тек бейбіт сипатта болу керектігін түсініп тұрды.
Қазақ белсенділерінің жұмыла бас көтеруіне Молдағали Рысқалиев басшылық жасап отырған облыстық телерадиокомитеті салмақты үлес қосқан, олар жергілікті радио мен телеарнадан Орал оқиғалары туралы жедел хабарлар ұйымдастырды. Ал радиодан сағат сайын алаңдағы жағдайдан хабар беріліп отырды. Облыс аудандарындағы халық қалаға қарай автобуспен, сыймағандары жеңіл көлікпен «казактардың мерейтойына» ағылып жатты. Қалаға ағылған ел тасқынын тоқтату үшін Оралға кірер тұстарға милиция бекетін қоюға тура келді.
«Кеңес өкіметінің тұсында Орал осыншама казакты бұрын-соңды көрмеген еді. Олардың киімдері де түрлі-түсті болатын: бірі таулықтардың ұлттық киіміне ұқсайтын мундир; бірі тіпті кеңес офицерлерінің қайта тігілген униформасын кигені анық көрініп тұрды; үлкені де кішісі де оқа, жолақтар, жұлдыз, тіпті цифр тағылған погондары бар форма киіп жүрді. Бас қонақ – Ресей атамандар одағының төрағасы Александр Мартынов погон тақпай, қарапайым киінгенімен, қаракөк мундирінің үстінен портупейін тағып алған, - деп жазады «Азаттық» радиосы 2011 жылы жүргізген зерттеуінде.
«Мерейтой» түске таман Құтқарушы Мәсіх шіркеуінде құлшылықтан басталды. Шіркеу кіреберісіндегі гранит тұғырда осы Оралдағы бас шіркеудің құрылысы басталған уақытты көрсететін «1891» белгісі орнатылған. Ол кезде, яғни 19 ғасырдың аяғында Орал казактарының Ресей империясына қызметінің 300 жылдығы тойланған еді. Ал 20 ғасырдың басында патшалық режим құлағаннан кейін большевиктер казак қауымдастығын құртты деуге болады. Алайда демократ болып көрінген сол большевиктер Кеңес Одағының күні батар тұста империяны ұстап қалу миссиясымен, казак қауымдастығын қайта жандандырды.
Казактар мәселесі 15 қыркүйек күні Оралдағы Құтқарушы Мәсіх шіркеуінің алдында үш түсті Ресей империясының туын көтеруден басталғаны тегін емес еді. Жерден шыққандай атамандардың байрақтары мен өзге де казак әскерлерінің атрибуттары пайда бола қалды. Орал және Гурьев епископы Антоний салтанатты құлшылық рәсімін өткізді.
Жағдай шегінен шығуға жақындап қалды. Құлшылық қылып болған казактар сап түзеген бойы марш жасап қала ортасымен жүруге жиналды. Оралдағы шиеленістің артқаны соншалық, қазақ шерушілерінің басшылары Орал облыстық халық депутаттары кеңесінің штабында радикалды шара қолдануды талап ете бастады. Олар өздеріне халық депутаттарының облыстық кеңесінің төрағасы Нәжімедден Есқалиевтың шығып, неге әлі күнге дейін казактардан папахалар мен лампастар алынбағанын, неге олардың бәрі Ресейдің өзге қалаларынан Оралға келгенін түсіндіріп беруін талап етті. Халық дүрліккен үстіне дүрліге түсті.
Облыс басшылығы «Азат» жетекшілерінің бұл тегеурінін әзер ұстап тұрды. Ресей шекарасында кез келген сылтаумен, «жаппай тәртіпсіздік пен оны тоқтату қажеттілігін» немесе «бітімгершілік миссиясы» туралы казактардың өтінішімен қозғалуға дайын танкілер тұрғанын Есқалиевтың айналасында тек санаулы адамдар білді. Кеңес Армиясы осылай 1956 жылы Венгрияға, 1979 жылы Ауғанстанға кірген еді, «төменнен өтініш» немесе «қапталдан контрреволюция» болған жағдайда жердің бәрін осындай қимылмен басып отырды. Облыс басшылығы казактар мен қазақ белсенділері арасында қақтығыс болмауы үшін барын салды.
- Әлі есімде, 15 қыркүйек, сағат 13-те менің жұмыс кабинетіме ауылшаруашылық институтының ректоры Сергей Жұбаев пен обкомның идеология жөніндегі хатшысы Рахметолла Сүйербаев келді. Олар алаңда болып жатқан митингтің кейбір детальдарын жеткізді. «Азаттықтардың» ұранымен толқыған митинг қатысушылары менімен кездесуді талап етіп, мені қорқақ деп айыптағаны жаныма қатты батты, - деді Нәжімеден Есқалиев. - Бұл енді, тым артық болатын! Бізге түрлі айыптаулар тақты, өмір солай ғой, өзі. Бірақ мені ешкім, еш уақытта қорқақ деген айыптамаған. Мен алаңға барып, шеруші халықпен кездесуді ұйғардым, бірақ менің алдыма МҚК басқармасы бастығы Анатолий Михайлович Дружинин еңгезердей денесімен тұра қалды. Оның батыл қимылынан, ұйқысыздықтан бозаң тартқан жүзінен мені кабинеттен шығармайтыны түсінікті болды.
«Кешіріңіз, Нәжімеден Ихсанович, Сіз мына кабинеттен мені өлтіріп барып қана шыға аласыз, - деді полковник Дружинин, ақырын әрі нық дауыспен.
МҚК облыстық басқармасы бастығының сол кездегі орынбасары Нұрахмет Ералиев осы кітаптың авторына, егер сол сәтте Дружинин Есқалиевты тоқтатпағанда, алаңда орны толмас оқиға болуы мүмкін екендігін айтты.
Кейін мәселені қарауға Алматыдан МҚК мен ІІМ-нен арнайы келген екі генерал МҚКБ бастығы Дружинин сол кезде дұрыс шешім қабылдаған деген қорытынды жасады. Олардың пікірінше, облыс басшысының қауіпсіздігіне жауап беретіндер оның жазалануына да жол бере алмайтын еді. Бірақ, ең бастысы ол емес, «азаттықтардың» қаланың орталық алаңында облыстың бірінші басшысын, КСРО халық депутатын соққыға жығып, ал «тәртіпсіздіктерді басу» үшін Оралға әскер кіргізуге керемет сылтау болар еді. Бұл жорамал кейін басқа да айғақтармен дәлелденді.
Ресей аймақтарынан келген казак делегацияларында, түрлі санақтар бойынша, шамамен 300-500 адам болған. Шіркеудегі ғибадат, ұзақ, шамамен екі сағатқа созылды. Одан кейін казактар үш көше арқылы «Зенит» зауытының Мәдениет сарайындағы салтанатты жиынға, Үлкен шеңберге беттеді. Шіркеуден жиынға бет алған казактар топпен жүріп келе жатты, кейбіреулері айналадағы қалалықтарға сәлем беріп, қол бұлғады. Оларға жауап ретінде жергілікті тұрғындардың наразы үндері естілді. Алайда сол кезде казак отрядтары өз жақтастарының қолдауымен саппен жүріп өтуі үшін милиция «азаттықтар» сабын ығыстырған сәт болды. «1991-қыркүйек. Орал оқиғасы» кітабының авторы Нұрлыбай Сисенбай сол кездегі «азаттықтардың» эмоциясын былай сипаттайды:
«Осы кезде осының бәрін көріп тұрған «Азаттық» сақшылары намыстан бойларын ыза кернеп, жанарлары жасқа толды. Жанға батқаны, милицияның оларды итеріп тастағаны болды. Қан көтеріліп, көз қарауытып, ызадан жұдырық түйілді. Уәде – Құдай сөзі, амал не, берген серт бар, үндемей ызаға булыққан олар әрең тұрды».
Осы уақытта ең қиын күннің екінші бөлігі де келген еді. Сағат 14:30. «Зенит» зауытының Мәдениет сарайына жақындаған казактарды 113 қазақ белсенділерінің тізбегі күтіп тұрды. Алайда «Декларация жауынгерлеріне» Мәдениет сарайының барлық кірер жолдарын толық жауып тастауға мүмкіндік берілген жоқ. Ақ ормалдарын байлаған «Азат» жігіттерін ығыстырған милиция казактардың Мәдениет сарайына өтуі үшін жанды дәліз жасап берді. Мәдениет сарайы алдына жиналған қазақ белсенділері мен казактарды қалқан, шоқпармен қаруланған ОМОН отряды бөліп тұрған еді. Жақын жерде өрт сөндіретін көліктер мен жедел жәрдем де тұрды.
Қарсыластық шиеленісе түскеніне қарамастан казактар Үлкен шеңберді дүрлікпей, асып-саспай бастауға тырысты. Оқиғаның 20 жылдығына орай «Азаттық» радиосының сайтындағы мақалада «Мәдениет сарайына кіреберісте баян ойнап тұрды, танымал казак әндері айтыла бастады, бірақ бұл көңілді көтере қойған жоқ» деп жазылған. Казак делегаттарымен тайсалмастан тікелей байланысып, жағдайды бақылауға тырысқан облыстық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары Бәтес Исмағұлова да осында болды. Ол жағдайды ушықтырмау үшін алаңдағы қазақ шерушілері басшыларымен де тікелей жұмыс істеді.
Казактар мейрамын қазақтар ұлттың намысына тиетін отаршылдардың мазағы ретінде қабылдағанын жеткізген 113 қазақ еріктілерінің бірі Мұңайдар Балмолда былай деп еске алады:
«Олар сол күні қазіргі Достық даңғылымен «Хан тоғайға» дейін барып, жолай ол жақтағы шіркеуде де мінәжат қылып, қазақ үшін қасиетті саналатын, кезінде Бөкей сұлтандарын ақ киізге отырғызып, хан сайлаған киелі «Хан тоғайда» той-думандарын жалғастырмақшы екен. Бұлары мазақ қылу емес пе? Десе де, оның бірі де іске аспады».
Expert Kazakhstan журналына берген сұхбатында «Азат» жетекшісі Жасарал Қуанышәлин сол кездегі оқиғаны былай баяндайды:
«Біз, 113 жігіт саппен казак концерті жоспарланған «Зенит» Мәдениет сарайына қарай жүрдік. Алда Айсұлу Қадырбаева, «Азат» туын ұстаған мен және Алматыда «Азат» жанынан құрылған «Аттанайық Ақжайыққа!» жедел штабының басшысы Орал Сәулебаев. Біз «Зенитке» жақындадық, осы арада бізді милиция тоқтатты. Олар біздің алдымызда тізбек болып тұрып алды, біз болсақ олардың алдында тұрмыз. Сәлден соң автобустармен казактар келді, түрлі әшекей белгілерімен, лампастарымен ерекшеленген олар саппен Мәдениет сарайына өтті».
Осы кезде «Зенит» алдында тосын жағдай орын алды. Қала алаңында тұрған жүздеген қазақ белсенділерінің бір тобы тізбекті бұзып өтіп, «Зенитке» қарай лап қойды. Олар алаңдағы орындарынан қозғалмауы керек болатын. «Казактар өз автономиясын жариялайын деп жатыр» деген сөз алаңда тараған кезде шыдамы таусылған жігіттер Мәдениет сарайына қарай аттанды. Бұл жанжалдың апофеозы, шарықтау шегі еді. Сол кезде қолында сәбиі бар қарапайым қазақ әйелі тізбекті бұзып өткен жігіттердің алдына ежелгі қазақ салтымен ақ орамал тастады. Тегеурінді тасқын тоқтады. Ақ орамалдан аттауға болмайды деген түсінік әр қазақтың қанында бар ұғым болатын».
Сол қатерлі сәт Жасарал Қуанышәлин сұхбатында кеңінен баяндалған:
«Осылайша, 15 қыркүйекте 113 белсенді «Зенит» Мәдениет сарайына бардық. Біз барып мәселені шешеміз, ал қалалық атқару комитеті алдындағы алаңда қалғандар орындарында болсын, ешқайда қозғалмасын деп қатаң тапсырдық. Казактар саппен Мәдениет сарайына өтті дегенді естіген кезде олар бірдей сол жаққа қарай лап берген. Ғимарат арасы жақын еді. Ал біз, 113 белсенді көше бойымен қозғалып келе жатқан халықты, алып толқынды көргенде, шынын айту керек, қорқып кеттік! Бұл бір айтып жеткізу қиын көрініс еді! Мына алып толқын қазір «Зенит» Мәдениет сарайын басады деп ойлаудың өзі қорқынышты еді! Сондықтан, қақтығысты болдырмау үшін біз олардың алдына жанды тізбек болып тұра қалдық. Бірақ тулаған топтың тоқтайтынына, тізбекті бұзып өтпейтініне ешқандай кепілдік жоқ еді. Осы арада бағымызға орай, Жамбылдан келген Хадиша Кәрібаева алға шықты да, келіп қалған топ алдына ақ орамалын тастап: «Тоқтаңдар!» деп айқайлап жіберді. Жігіттер қаққан қазықтай тұра қалды!
Бұл дәстүрді, яғни қазақтарда мұсылман адам ананың ақ орамалынан аттап өтуге болмайтынын көбі білмейтін де еді. Бірақ бұл қазақтың қанында жатты! Генетикалық жадында болды! Сын сағаты соққанда ол ұлттың ұжымдық жадынан шықты! Шықты да қантөгістің алдын алды!
Сосын жүгіріп жеткен мешіт имамы Зейнолла «ГАЗик» үстіне шығып алып дұға оқыды. Жиналғандар тыныштала бастады. Бұл бізге жағдайды бейбіт жолмен шешуді ойлап алуға уақыт берді, мүмкіндік берді».
Бірнеше жыл өткен соң, ІІБ-ның бұрынғы бастығы, Қазақстан ішкі істер министрі Владимир Шумов Оралдағы текетірестің соңғы күнінің негізгі детальдарын растайтын «Мазасыз үш күн» мақаласын жазды. «Ең қауіпті сәт 15 қыркүйек күні, сағат 15:00-де «азаттықтардың» үлкен тобы машина жасаушылардың Мәдениет сарайына қарай қозғалған кезде туды. Онда біздің тарапымыздан казактар жиындарын өткізіп, тыныш қана тарауға рұқсат берілген еді. Жігіттерді милиция отрядтары мен «Азат» қозғалысы мүшелерінің санаулы бөлігі тоқтатты. Жараланғандар туралы әңгімелер шындыққа сәйкес келмейді. Бәрі тыныш аяқталды». Ол оқиғаларға Владимир Шумов осындай қорытынды жасайды.
Текетірес түйінінің шешілер сәті, яғни Үлкен шеңбердің басталар кезіне келді. Жүздеген қазақ жігіттері жиын өтетін залға кіруге ұмтылды. Қария-казактар болса, жігіттер шынымен залға кірген жағдайда жас казактарды төбелеспеуге зорға көндіріп тұрды. 2011 жылы «Азаттық» радиосының журналисіне берген сұхбатында осы оқиғалардың куәгері, сол кездегі милиция подполковнигі, кейін «Жайық казак қоғамының» атаманы болған Анатолий Авилов жаппай төбелес туындаған жағдайда казактар жағына «Зенит» зауытының ұлты орыс төрт мың жұмысшысы шығатын еді деп айтты. Ол жағдайда қазақтар мен орыстар арасында үлкен қақтығыс болатын еді, бұған жауапты болатын «Азат» жетекшілері деді Авилов. Оның айтуынша, казактар «Қазақстан заңын мүлде бұзбай, жай өздерінің дәстүрлі мерекесін өткізді».
Казактардың бас жиыны көркемөнерпаздар концерті ретінде басталды. «Концерт» алдында Ресей казактар Одағының атаманы Александр Мартынов бағдарламалық сөз сөйледі. Мәдениет Сарайы қабырғасы артынан жиналған адамдардың шуы қаттырақ естіле бастады. «Кет!», «Кетсін!» деген айқайлар жиын өтіп жатқан залға жетті. Қатты толқығаннан кейбірі көз жастарына ерік берді, еңіреген дауыс та шығып жатты. Мәдениет сарайының алдындағы алаңды тығыз қоршауға алған топ енді-енді ішке лап беруге жақын. Жарылыс әне-міне басталғалы тұрды.
Жасарал Қуанышәлиннің Expert Kazakhstan журналисіне берген сұхбатынан:
«Облыстық ІІБ бастығы полковник Владимир Шумов казактарда тек концерт өтіп жатыр деп жиналғандарды тыныштық сақтауға шақыруға тырысты. Бірақ адамдар оған сенбеді, ал милиция жағдай қиындап кетсе, адамдарды ұстап тұра алмайтынын түсінді. Мен Шумовты кинобудка арқылы залда не болып жатқанын қарауға шақырдым. Дәл сол кезде Мартынов сахнада оралдық жерлер қазақтарға емес, казактарға тиесілі, сондықтан Ресей құрамына кіру керек деген «жалынды» сөздерін айтып жатты. Мен Шумовтан: «Мынау ма концерт?» деп сұрадым. Ол осындай «концертті» тоқтату үшін бес минут уақыт сұрады.
Казактар жиынына қарсылық акциясы жетекшілерінің бірі, «Азат» белсендісі Серік Ерғали өзінің естеліктерінде казактар «концертін» дереу тоқтату туралы талапты «азаттықтар» облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы Нәжімедден Есқалиевқа жеткізгенін жазады. Жиынды таратуға «Азат» жетекшілері ең көбі 15 минут уақыт беруге келісті. Басқа жағдайда билік қандай шара қолданса да, қарсылықтың одан әрі қалай боларына жауап бермейтіндерін ескертті.
Сол кезде де, қазір де казак жетекшілері казактардың мерейтойлық жиынында дүрбелең туатындай ештеңе болмағанын, бұл «зиянсыз, әдеттегі қоғамдық мейрам» болғанын алға тартуда. 2011 жылы «Азаттық» радиосы журналисіне берген сұхбатында казак старшинасы Борис Мясников мерейтойлық жиын залында Қазақстан территориясын бөліп алу туралы үндеулердің болмағанын, залда «тек концерт» өткенін айтады. Оның айтуынша, «билік өкілдері «Біз енді «Азат» жігіттерін ұстап тұра алмаймыз» деген сөздермен бірнеше рет жиынды тоқтатқан. Ақырында, жиын тоқтады. 700 орындық залды лық толтырған казактар, көптеген бақылаушы мен Ресейден келген журналистер, жергілікті шенеуніктер апатты жағдай есігі арқылы ғимараттан шықты».
Сәл болмағанда Мәдениет сарайының есігінен жүздеген, тіпті мыңдаған қазақ шерушілері ішке кіретін еді. Полковник Владимир Шумовтың бұйрығымен жиын дереу тоқтатылып, казактар мен бақылаушылар артқы есіктен шығарылып, автобусқа отырғызылды. Осы кезде казактарды эвакуациялауға арналған автобустар Мәдениет сарайының ішкі ауласында дайын тұрды.
Казактар Орал вокзалына жеткізілген жоқ, милиция көлігі жол бастаған автобустар Оралға жақын Ростошинский (қазіргі Белес) мен Шипово (қазіргі Тасқала) стансаларына бет алды. «Самара делегациясы өздерінің ПАЗиктерімен кетсе, орынборлықтар да өз көліктерімен кетті, қалғандары Ростошинский стансасында Ресейге жүретін пойыздарға отырды, әйтеуір, пойызда орын болды»,- дейді Борис Мясников.
Кейін Қазақстан ҰҚК төрағасының орынбасары болған, МҚК облыстық басқармасының бастығы Анатолий Дружинин өзінің «Жолдас генерал» кітабында 1991 жылдың драмалық сипаттағы ауыр күні, яғни 15 қыркүйектің негізгі детальдарын берді, сонымен бірге бұл шиеленіс қарапайым халықтың, қазақтардың да, орыстардың да даналығы арқасында шешілгенін атап өтеді.
«Егер біз қарсы жақтың ашық қақтығысына, қан төгілуге жол берсек, онда ешқандай тәуелсіз Қазақстан да, оның БҰҰ-да мойындалуы да болмайтын еді. Оралға және республика территориясының батыс бөлігіне бітімгершілік күштер деп аталатын әскер кірер еді де процесс жайлап күшіне енер еді. Мен Орал атаманы Качалинмен тіл табысып, келісе алдым. Құдайға шүкір, ол заң білетін сауатты, тәкаппар, бірақ келесімге келуді білетін адам болып шықты. Казактарға бірнеше автобустар жеткізілді, Мәдениет сарайының арт жағынан топ-тобымен шығарылған олар темір жол вокзалдарына жеткізіліп, вагондарға отырғызылды. Қалған халық Хан тоғайына қарай қозғалды, көңілдерін орнына түсіру үшін оларға жақсылап отыру қажет болды.
Осы кезде тізбекті бұзған «азаттықтар» ашық түрде үйлеріне қарай кеткен үш казактың артынан жүгіре жөнелді. Жастардың жаны тізбектің шешілуін қалаған еді, айналаны ашу керней кетті. Бізде соңғы жасақ, табельді қарулары бар атқа мінген 10 милиционер қалған еді. Олар жастарды қуып жетіп, кері қайтарып, жанжал тез басылды. Өте қиын жағдайда өзге облыстардан қосымша күштер тартпай-ақ, жергілікті құқық қорғау органдары мен қоғамдық күштердің, партия-кеңес қызметкерлерінің күшімен біз қантөгіске жол бермедік. 1991 жылдың 20-21 қыркүйегінде облыстық халық депутаттары кеңесінің сессиясы өтті. Орал оқиғалары туралы Н. Есқалиев пен Н. Мордасовтың баяндамаларын тыңдаған сессия облыс басшылығының қызметіне бірауыздан қолдау білдірді және казак қауымдастықтарының заңсыз акциялары нәтижесінде қалыптасқан төтенше жағдайдың бейбіт жолмен аяқталуын қамтамасыз еткен шараны құптады. Орал өңірі мен барлық Қазақстан халқының санғасырлық достығы қатаң сынаққа төтеп берді. Осы оқиғалардан кейін Оралға бірінен кейін бірі келген көптеген республикалық органдардың өкілдері де бұл б». Өз естелігін Анатолий Дружинин осылай түйіндейді.
Казактардың шұғыл эвакуациясынан кейін де шеруші қазақтар тарауды ойламады. Халықтың мазасы кеткен, эмоциясы басылар емес, қазір темір таяқтармен, сымдармен қаруланған казактар келеді деген сыбыс желдей есіп тұр. Бірақ бұл бос сөз еді және «Азат» қозғалысы штабының мүшелері шерушілерге тарауға бұйрық берді. 16 қыркүйекке қараған түні Орал қаласының орталық алаңы мазасыз күндер мен түндерден кейін алғаш рет тынышталды, бірақ «азаттықтар» митингісі тағы бірнеше күнге созылды.
«Азат», «Аттанайық Ақжайыққа!», «Қазақ тілі» ұйымының жетекшілері, үш күнге созылған текетірес нәтижесін қорытындылау үшін «Форум» ғимаратындағы өз штабына жиналды. «Азат» партиясы 1991 жылдың 17 қыркүйегінде жасаған мәлімдемесінде «казактар мерейтойы» деп аталған шараның өтуін айыптап қана қоймай, Қазақстанда күш көрсетушілер деп танылған казактар ұйымына тыйым салуды, казак формасындағы киімдерді, шерулік киімді де киюге, қандай болмасын қару алып жүруге тыйым салынуын талап етті.
1992 жылғы Президенттік комиссия қорытындысында «осы кезде «азаттықтар» митингіге шығушылардың әрекеттерін толықтай бақылауда ұстады, қақтығысқа жол бермеумен қатар, құқықтық тәртіп күштерінің араласуына қажеттілікті де тудырған жоқ» деп атап көрсетілді.
9 ТАРАУ. АЯҚТАЛМАҒАН ТЕКСЕРІС.
ДҰРЫСЫ ҰМЫТЫЛҒАН ДЕСЕ ДЕ БОЛАДЫ
1991 жылғы Орал оқиғаларынан кейін үш ай өткен соң Кеңес Одағы ресми түрде тарады. 1991 жылғы тамыз бүлігінің салдары босқа болған жоқ. 1991 жылдың көктемінде өткен референдум КСРО-ның сақталуына дауыс берсе де, кеңестік империяның ыдырауын ештеңе құтқара алмайтыны анық еді. 1991 жылдың жазында КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачев жеңіл-желпі, орталыққа шоғырланбаған федерация ретіндегі жаңа одақ – Кеңестік Тәуелсіз Республикалар Одағын құру жобасына күш салды. Алайда жаңа Кеңестік Одақ келісіміне қол қою шарасы тамыз бүлігі мен Михаил Горбачевті КСРО президенті лауазымынан алып тастау әрекетінің салдарынан болмай қалды, ал одан кейін барлық қалған республикалар тәуелсіздігін жариялады. Ресейлік бірінші президент Борис Ельцин бастаған Ресей де тәуелсіздікке ұмтылды. Ельциннің Горбачевпен жеке текетіресі де КСРО-ның құлауын тездетті.
6 қыркүйекте КСРО-ның Мемлекеттік Кеңесі Балтық жағалауы республикасының үшеуі (Литва, Латвия, Эстония) КСРО құрамынан шыққанын мойындады. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев президент болып алғаш рет 1990 жылы республика Жоғарғы Кеңесінде сайланған болатын, енді оған жалпыхалықтық легитимизация қажет еді. Назарбаев әдеттегідей, Қазақстан тәуелсіздігін жариялауға асықпай, күтті. Оны тек 1991 жылдың 16 желтоқсанында, КСРО ресми түрде өмірін тоқтатқаннан кейін бірақ жариялады.
1 желтоқсанда Украина өз тәуелсіздігін жариялады, ал бұл ел 1922 жылы КСРО-ны құрған үш ресми құрылтайшы мемлекеттің бірі болатын. Бұл Ресей, Беларус және Украина президенттеріне Беларус басшысының Беловежская пущадағы саяжайында мұнай-газ тасымалын талқылаймыз деп жиналуға сылтау болды. Олар Горбачевтан құпия түрде КСРО-ны ресми таратуды ақылдасты. «Қастандық жасаушылар» Назарбаевты да өз жағына тартып еді, ол «қосымша жанармай құйып алып, ұшып келемін», деді де келмей қалды. Мәскеуден ары ұшпай Горбачевтің қасында қалды. КСРО-ны тарату туралы Беловеждік акт кеңес халқын ғана емес, бүкіл әлемді таңғалдырды. Бүкіл әлем тарихи дамудың жаңа жолына түсті. Сол кезде Ельцин өзінің 1999 жылы МҚК-ні жақтаушылар тобы биліктен алыстатылып, орнына ешкім танымайтын полковник Владимир Путиннің келетінін, ал оның Кеңес Одағын қайта құру мақсатында сәтсіз әрекеттер жасайтынын ешкім болжай алмаған еді.
1991 жылы желтоқсан айының соңында Алматыда КСРО орнына Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы шартқа қол қойылды, іс жүзінде бұл құжаттың күші жоқ болып шықты, ол керісінше бұрынғы одақтас республикалардың бір-бірінен алшақтауын жылдамдатып жіберді. Тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағының кейбір аймақтарында ол кезде қан төгіліп жатты, кейбір шекаралар күшпен қайта сызылды, ондаған мың адам қаза тапты.
1991 жылы Молдова мен Молдовадан бөлінген ресейшіл Приднестровье арасындағы текетірестің соңы қақтығысқа ұласты. Олардың қарулы құрамалары бір-бірімен шекаралас Дубоссары қаласында шайқасқа түсті. Приднестровьедегі жанжал 1989 жылдан бері өршіп тұрды, өндіріске бай аймаққа кезінде орыс жұмысшылары мен инженерлерін қоныстандырған еді, бұл жерде орыс казак қауымдастығын жандандыру да іздегенге сұраған болды, соғыс ұшқыны лап ете қалды. Молдова әлі күнге дейін Приднестровьені өз юрисдикциясына қайтара алған жоқ, әлем Приднестровьені легетимді мемлекет деп таныған жоқ, аймақ сұр экономикалық зонаға, Украина мен Молдова арасында Ресей шекарасынан алыста жатса да, оның анклавына айналды. Қайта жанданған Қаратеңіздік казак қауымдастығы қуыршақ режиміне айналған Тирасполді бақылаушы міндетін атқаруда.
1991 жылдың қыркүйегіндегі «Орал казак автономиялық республикасын» жариялау ісіне бейбіт түрде қарсы тұрған «Азат» бастамасын қолдаған мыңдаған адамдар мен Нәжімеден Есқалиев қомандасының күш-жігері арқасында Қазақстан тәуелсіздігі қорғалып қалмағанда, осыған ұқсас жағдай Батыс Қазақстанда да болуы мүмкін еді.
1991 жылдың 20-21 қыркүйегінде Оралда облыстық халық депутаттары кеңесінің сессиясы өтті, сессия шиеленіскен жағдайды тұрақтандырған облыс басшылығының жұмысына жоғары баға берді. Қазан айының соңында Оралға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді, ол өзінің қайта сайлануына дайындалу үстінде еді, ол да облыс басшысы Есқалиевтың орынды әрекеттеріне мақтау айтты. «Халықтың көңіл-күйін де түсінемін. Егер менің кандидатурама оралдықтардың ең болмаса 60 пайызы дауыс берсе, мен риза болар едім», - деп айтқан еді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев.
Орал оқиғаларын тексеру бір рет, бірден Президенттік комиссия деңгейінде жүргізілді. Оның өзі Алматыда, Жамбыл мен Оралда аштық жариялаған «Азат» пен «Ана тілі» қозғалысы белсенділерінің тиісті талаптары негізінде басталды. Тексеріс шара қабылдау деңгейіне дейін жеткен жоқ, тіпті ел парламентінде де қаралған жоқ, ресми жарияланым да болған жоқ. Қорытынды құжат мәтіні тек қазақ ұлтшыл-патриоттары қозғалысы жанында шығарылып тұрған «Азат» газетінде ғана жарияланды.
Президенттік комиссия мынадай қорытындыға келді: «Орал оқиғалары бұрынғы КСРО-ның түрлі аймақтарында болған және империяшылдық сипаттағы оқиғалар тізбегінің бірі болып табылады. 1990 жылдың 20 қаңтарында Бакуде болған қайғылы оқиға салдары мен себептерін тексеру мақсатында құрылған Парламенттік комиссия жұмыстарының «Известия» газетінде жарияланған нәтижелері бұған дәлел бола алады. Нақты айтқанда, деректер мен фактілерге сүйенген Әзербайжандық қомиссия «Бакуде «Орыс картасы» іске қосылды» деп атап көрсетті. Балтық елдері мен Молдовада да орыстарды орталықтың империялық саясаты кепіліне айналдыру, оларға республикалардың мемлекеттік тәуелсіздігі мен шынайы егемендікке қол жеткізу жолына кедергі жасау қажет болған жерде осылай ойын ойнатты».
Президенттік комиссия мынаны «атап айту қажет деп санады: Орал оқиғаларын бұрынғы орталықтың неоимпериялық саясатының жалпы контексінен бөліп қарауға болмайды. Қазақстан Республикасының Президенті, үкіметі, парламенті осы маңызды мәселеге барынша мұқият назар аударуы және сепаратистік күштердің мемлекет тәуелсіздігі мен республиканың территориялық тұтастығына қол сұғу, қауіп төндіруі ықтималының жаңа тәсілдеріне дайын болуы қажет. Бұл аспектіде Орал оқиғалары болашаққа айқын сабақ және ескертпеге айналуы тиіс», - деп есептеді.
Алайда Президенттік комиссияның бұл ескертпесі жоғарыда болсын, қарапайым халық арасында болсын, тиісті дәрежеде естілді ме екен? Президенттік комиссия қорытындысы ресми қабылданған жоқ, құжат «тым үлкен – 40 басылым парағы» деп уәж айтқан комиссия төрағасы, Қазақстан президентінің кеңесшісі Серік Әбдірахманов қорытынды құжатқа қол қойған жоқ. Комиссияның басқа екі мүшесі де қол қоюдан бас тартты.
Құжат мәтінін Орал оқиғасының басты қатысушысының бірі Жасарал Қуанышәлин дайындаған еді, бұл жерде мүдделер қайшылығы бар. Осылайша, қорытынды құжатта Орал облысы басшылығының орны мен рөлін көрсеткен жерлерде оның сол кездегі көзқарасы басым. Комиссия оқиғаның ізін суытпай жұмыс істеді, көптеген құжаттар жинады және Орал облысы басшылығына ұсынылған алғашқы жобасы мүлде басқа болды. Ұзаққа созылған қоштасу банкетінде Нәжімеден Есқалиев командасына айтылған марапат сөздердің көп болғаны сонша, тіпті Алматыға ұшатын ұшақтың кешкі рейсін кідіртуге тура келді.
Алайда Алматының жоғары кабинеттерінде комиссия қорытындысының мәтіні ауқымды өзгерістерге ұшырады, Орал облысы басшылығының жұмысына берілген баға енді жағымсыз сипатқа ие болды. Жауапкершілікті ауру бастан сау басқа итере салудың үйреншікті дағдысы іске қосылды. «Орал облысындағы қыркүйек оқиғаларына саяси және құқықтық баға беру бойынша Президенттік комиссия» анықтамасының қорытынды бөлімінде облыс басшылығын, яғни Нәжімеден Есқалиев пен Владимир Гартманды жауапқа тарту ұсынылды. Есқалиев облыс басшысы ретінде казактармен болған текетірес үшін айыпталды, оның және көмекшілерінің, Қазақстанның барлық аймақтарынан келген «мыңдаған «Азат» қозғалысы белсенділерінің қақтығысты болдырмау үшін жүргізген белсенді жұмысы жоққа шығарылды.
Солай болса да, бүгінгі күні бұл құжат бірнеше белгілі адамдар қолдарын қойған, анық бағасы берілген жалғыз ресми құжат болып табылады: Орал оқиғалары сырттан («КСРО арнайы қызметі» деп оқуға болады) жоспарланып дайындалды, Қазақстан басшылығы алдағы онжылдықтарға сабақ алуы керек, ал казактар мен қазақтар текетіресі тарихи бағасын алуы тиіс.
Соңғы мәселе әлі орындалған жоқ. Егер 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы ондаған ән-өлеңдер, кітаптар жазылып, документалды фильмдер түсіріліп, жүздеген газет-журнал мақалалары жарияланған болса, 1991 жылғы Орал оқиғалары жаңа тарихта ақ таңдақ болып тұр. Бірнеше ғана естелік кітаптарды айтуға болады, олар оқиғаға қатысушылардың мемуары жанрында жазылған, яғни оларда объективті көзқарас аз. Орал оқиғалары туралы қазақ тілінде жазылған он шақты мақала болса, орыс тілінде жалғыз зерттеу мақаласы «Азаттық» радиосының сайтында 2011 жылдың қыркүйегінде жарияланған. Орал оқиғалары жайлы ғылыми-сараптамалық зерттеулер мүлдем жүргізілген жоқ.
Орал оқиғалары жайлы жақ ашпау дәстүрі сол 1991 жылдың күзінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл оқиғалар «түкке тұрғысыз» деген мәлімдемесінен басталған еді. Қазақстанның жаңа тарихында, қазіргі уақытта, яғни елде билік ауысқаннан кейін де тасада қалды. Жұмбаққа толы, ал ол оқиғаның кейбір ащы шындығын ашудың өзі оны одан әрі тұмшалай түседі.
- Отыз жылдан астам уақыт бойы бұл оқиғалар туралы айтпай келдік, билік өзінің жаңа тарихында бұл оқиға болмағандай кейіп танытып оны еске алмауға, ал Кеңес Одағы күйрегеннен кейін тіпті, оны ұмыттыруға тырысты, - деді Нәжімеден Есқалиев кітап авторымен әңгімесінде. – Мүмкін, тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңінде бұл туралы сөз қозғамаған дұрыс та болған болар, бірақ көп уақыт өтті және қазіргі ұрпақ 1991 жылы Оралдағы трагедияның алдын алғаны туралы шындықты білуі тиіс. Біздің ұрпақ саясат сахнасынан кетті, сондықтан да мен Орал өңірінің ғана емес, бүкіл Қазақстанға маңызды кезең болған ресейлік казактармен текетірес туралы шындықты айтуға міндеттімін деп санаймын. Бұл жөнінде әлі де араласып тұратын, Орал облысы басшылығында бірге қызмет істеген бұрынғы әріптестерім үнемі айтып жүр.
Егер Мәскеуден қолдау тауып отырған Орал казак қауымдастығын қайта жандандыру мен ұлықтауға өз командасы мен «Азат» жетекшілері қарсылық көрсетпеген жағдайда оқиғаның қалай өрбитінін Есқалиев жақсы білді. Қорқыту мен бопсалау, ұлтаралық араздықты өршіту мен елдің батыс аймағын Қазақ КСР-інен бөліп алуға бағытталған белсенді әрекеттер іске қосылар еді. Орал обкомының бірінші хатшысы болған Есқалиев Кремльдің көңіл-күйін жақсы деңгейде білетін. Мәскеулік достарымен, өзге респубикалардағы әріптестерімен үнемі байланыста болған ол көңілдегі күдігінің растығына көз жетізді. Есқалиевтың командасына одақтық басшылық жақтан арандатушылық күтуге тура келді.
Казак жетекшілері Орал оқиғаларынан кейін өздерінің сирек білдіретін әлеуметтік пікірлерінде, тіпті қазір де, яғни 32 жыл өткен соң, «Ресей патшасына қызметтің 400 жылдығын» мерекелеуде ешқандай жаман ниет болмағанын айтуда. 2011 жылдың қыркүйегінде «Азаттық» радиосына берген сұхбатында сол кездегі орал казактарының жетекшілері Анатолий Авилов, Алексей Святынин, Виктор Водолазов барлығы «Үлкен шеңберде Орал казактары республикасын құру, әскер кіргізу туралы КСРО мен Ресей басшылығына өтініш беру туралы» ойдың болмағанын айтады. Қарсыластардың осындай деректерін казак жетекшілері жалаға жатқызып отыр. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қарсы болған Орал қалалық кеңесінің 1990-91 жылдардағы депутаты ретінде казак қауымдастығының қайта қалыптасуында белгілі орны болған саясаткер Петр Своик те «Азаттыққа» осындай пікір білдірген.
Орал казактарының қазіргі атаманы, «Жайық-Орал казактары Одағының» төрағасы Вячеслав Солодилов та осы ойда. «Бәрі де мейрамның сәтсіз таңдалған атауынан, яғни «Ресей патшасына қызметтің 400 жылдығы» деп аталуынан туындады. Оны кеңес кезінде аталып жүрген «Қала күні» деп атау керек еді, сонда ештеңе де болмайтын еді». Оның айтуынша, Орал казактары Ресейден келген қонақтарын күтіп алып, мейрамды еркін тойлағылары келген. Алайда оңтүстіктен адамдарды не үшін алып келгені белгісіз, жоспардағы мереке еш негізсіз бұзылды, дейді Солодилов.
Не болса да, текетірес түбінде Оралда және тұтас Кеңес Одағында болуы керек еді. 1991 жылдың қыркүйегінде казактар мен қазақ белсенділерінің текетіресі қашып құтылмайтын жайт еді. Кеңестік империяның күйреуі апатқа ұшыраған пойыз секілді жолдағының бәрін қиратып, тапап, жүйткіп келе жатты.
Оралдың Курени ауданында, Жайық қалашығының қақ ортасында асқақтап тұрған Михаило-Архангельский шіркеуінің басшысы Феодосий сол Орал оқиғаларының куәгері. Біздің кітапқа адам өмірі мен оның рухани құраушылары туралы берген сұхбатында, сол кезде Оралда кейбіреуге шыдам мен өз кеселдерін ауыздықтау жетпей қалғаны туралы айтты:
- Ельцин сол кезде «Тәуелсіздік қанша керек болса, сонша алыңдар» деді. Байлаудағы ит сияқты адамдар болады, кейін оларды бұғаудан босатады. Ондай адам еркіндік деңгейін, не болатынын, не болмайтынын білмейді. Қоғамда бұның бәрі көзге онша байқала бермейді, жалпы шеру бейбіт те тұрақты түрде өтті, әркімнің өз уайымы бар еді. Сол жерде, яғни Алтын шіркеу алдында казактар мен «азаттықтар» өзара қатынастарын анықтап жатты. Ал қарапайым адамдар қалай өмір сүрді, солай өмірлерін жалғастырды, еңбек етті.
Бәрі бейбіт жолмен шешілді, казактар мен орыс тілді тұрғындар және тұрғылықты қазақтар арасында қайшылық болған кезде дін басылары мен биліктің осы қайшылықтарды шешуге парасаты жеткілікті болғанын айтқан Феодосий сөзін былай жалғады:
- Осы кезде тыныштық орнатуда біздің сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Есқалиев пен әкей Антонийдің үлкен ықпалы болды. Олардың күш салуының, жараға тұз қайдан себілгенін түсінгенінің арқасында елде тыныштық сақталып қалды. Президент Назарбаев айтқандай, Қазақстанда достық пен бейбітшіліктің екі қанаты бар: православие мен ислам. Бұлар – бейбітшілікті сүйетін діндер. Біздің ұлы көршілеріміз – Ресей мен Қытай, біз олармен тату, көршілік қатынаста болуымыз керек. Біздің биліктің ақылды саясатының күшімен сол кезде дау аяқталды да, Құдайға шүкір, кейін ешқандай мәселе туындаған жоқ.
Михаило-Архангельский соборының іргесі 1750 жылы қаланған, собор Қазақстандағы ең ежелгі шіркеу болып табылады, тастан салынған көне соборлардың бірі. Кеңес кезінде ол екі рет ұзақ мерзімге жабылды. Сол құдайсыз өмірде «тарихи-өлкетану музейі» мәртебесі берілген собордың иконостасы мен фрескаларының сақталып қалуы да ғажап. Орал облысының басшылығы 1989 жылы соборды православтарға қайтарды, шешімді обкомның бірінші хатшысы Нәжімеден Есқалиев қабылдады.
Бізбен әңгімесінде Нәжімеден Есқалиев Ресей казактар Одағы атаманы Мартынов бастаған жүздеген казактар мен бірнеше мың «азаттықтар» арасындағы текетірестің соңғы күнінде өзінің екі жақын серіктесі, Оңтүстік Қазақстанның тумасы, облыстық ІІБ бастығы Владимир Шумов пен облыстық қауіпсіздік комитеті басқармасының бастығы Анатолий Дружининнің шешуші рөл атқарғанын айтты. Осы адал офицерлердің, Қазақстанның патриоттарының батыл әрекеттері арқасында Оралда қанды қақтығысқа жол берілмегенін, болашақ ұрпақ үшін Қазақстанның территориялық тұтастығы сақталып қалғанын айтты.
- Милициядағы қызметін Шымкент облысында жедел қызметкер болып бастаған Владимир Георгиевич Шумовтың қызметтік жолы ауыз толтырып айтарлықтай, ол бізге ІІБ бастығы болып ауысты, қазақ тілін жетік білді. Дружинин де бізде туған қазақстандық, ол да қазақша жақсы білді, болмысы қазақтарға жақын болды. Қазір генерал Шумов пен генерал Дружинин өмірден озып кетті, бірақ сол қаһарлы күндері Қазақстанның аймақтық тұтастығына қауіп төнген сәттегі ізгі ниеттерін, тарихи жеңістегі олардың орнын қазақтар тиісінше бағалауы керек. Мен Қазақстанның жаңа басшысы олардың ел алдындағы еңбегін елеуге мүмкіндік табады деп үміттенемін.
1991 жылдың қыркүйегіндегі драмалық оқиғалар осылай жақсылықпен аяқталды. Орал облысы басшылығы, ІІБ мен МҚК, қала кәсіпорындарының көптеген басшылары, халық жасақтары мен облыс жұртшылығы өз аймағында бейбітшілік пен тыныштықты қорғап қалды, Қазақстан тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтап қалды. Нәжімеден ақсақал бізбен әңгімесін осындай оймен түйіндеді. Екі жылға созылған Кеңес Одағының күйреуі, 91-ші жылдың қыркүйек оқиғасы оның денсаулығына әсер етіп, инсульт алып қалады.
Болмысынан берік, жігерлі, өзіне де, өзгеге де талапшыл азамат Есқалиев ол кезде 50 жаста болатын. Алайда қыркүйектің шуақты күндерінде мерей жас елеусіз қалды. Астрахан облысында туып-өскен ол Қазақстанда жоғары білім алып, Оралдағы басшылық қызметіне дейін Талдықорған облысында басшылық қызмет атқарды.
Орал оқиғасынан екі жылдан кейін Көкшетау облысына ауыстырылып, бір жыл сол облысты басқарды. Ол кезең елдегі экономикалық дағдарыс кезі еді, Ресеймен ортақ ақша зонасы ыдырады, инфляция жүздеген пайызға қарқындап кетті, ірі және орта кәсіпорындар төлем жүйесінің құлдырауынан тоқтап қалды. 1994-98 жылдары Нәжімеден Есқалиев дипломатиялық қызметте болды, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Украинада Қазақстан елшісі қызметін атқарды.
1991 жылғы Оралдағы қыркүйек оқиғаларынан биліктегілердің әлі сабақ ала алмай отырғаны, ал қарапайым халықтың, әсіресе жастардың, тіпті орта жастағы қазақстандықтардың сол кездегі марионеттік казак басшылары мен кеңестік арнайы қызмет тарапынан Қазақстан тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына төнген қауіп туралы ештеңе білмейтіні алаңдатты. Ол оқиға мұнайға бай Батыс Қазақстанды саяси салмағы өсіп келе жатқан Ресейге қосып алуды жоспарлаған Кремль мен Лубянканың (МҚК) жобасы еді.
- Бізді және біздің Орал облысын сол кезеңде біздің ортақ бір ұлы елдің азаматы болғанымыз да құтқарды, өйткені бізде КСРО азаматының төлқұжаты болды. Мәскеу кейіннен өзге аннексиялық актілерінде қолданған ресейлік төлқұжаттарды тарату сияқты ұтымды тетіктерді ол уақытта пайдалана алған жоқ. Орал казактары автономиясын құру әрекеті сәтсіз аяқталғаннан кейін Кремль осыған ұқсас жоспармен, тек ресейлік төлқұжаттарды таратуды пайдаланып, кейбір мақсаттарына қол жеткізді, грузиндік Абхазия мен Осетия аймағын, молдовалық Приднестровьені бөліп алды, - дейді Нәжімеден Есқалиев. – Ол кезде шыңыраудың шетінде тұрған біз ұлтаралық қақтығыс шыңырауына құлап кетуден аман қалдық, дүрбелең мен соғысқа жол берген жоқпыз, ал ол Орал облысының едәуір бөлігін солтүстіктегі күштірек көршінің тартып алуына әкелетін еді.
Орал оқиғасынан бір ай өткен соң Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нәжімеден Есқалиевты ресми сапармен Ұлыбританияға баратын үкіметтік делегация құрамына марапат ретінде қосты. Дағдарысты шешу барысында көзге түскен Есқалиевтың кейбір серіктестері лауазымды, шенді қызметтерге ие болды. Владимир Гартман Солтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды, полковник Владимир Шумов Қазақстанның ішкі істер министрі болып тағайындалып, генерал шенін алды, Анатолий Дружинин Оңтүстік Қазақстан облыстық МҚКБ бастығы болып тағайындалып, генерал болды, полковник Бекболат Мұқышев Батыс Қазақстан облыстық ІІБ бастығы болып тағайындалып, генерал шенін алды, әкімшілік органдардың облыстық бөлімі басшысы полковник Асылбек Жаманбаев Гурьев облыстық ІІБ бастығы болып тағайындалып, генерал болды, Дружининнің орынбасары Нұрахмет Ералиев Қызылорда облыстық МҚКБ бастығы болып тағайындалды.
Облыстық және қалалық халық депутаттары кеңестердің, ұйымдардың, құқық қорғау органдарының ондаған қызметкері орден және медалдармен марапатталды. Бірақ ең басты марапат – Орал облысындағы қалпына келген бейбіт өмір болды, дейді Нәжімеден Есқалиев. Қазақ және орыс халқының ғасырлар бойы қалыптасқан достығы ауыр сынға төтеп берді, ортақ еліміз тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін жаңа ізгі істермен, жетістіктермен жалғасын тапты.
1991 жылдың соңына қарай Коммунистік партияның басшылық құрылымынан ештеңе қалған жоқ еді, халық депутаттары кеңесінің де күні өте бастады. 1992 жылдың басында облыстар мен аудандарда Қазақстан президенті Әкімшілігіне тікелей бағынышты әкімшіліктер пайда болды. Давос экономикалық форумынан қайтып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында кең құрамды үкіметтік делегация бар еді. Олар Орал әуежайында аялдады. Ел басшысы әдеттегідей нан-тұзбен қарсы алынды, әуежайда шағын кешкі ас ұйымдастырылды.
Сол кезде жиналғандарды таңғалдырған оқиға орын алды. Нұрсұлтан Назарбаев сол мезетте Есқалиевты Орал облысы әкімінің лауазымына тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл 1992 жылдың 2 ақпаны еді, обкомның бірінші хатшысы лауазымы орнына осындай лауазым енді-енді енгізіле бастаған болатын. Есқалиев облыс басшыларының ішінде бірінші болып осы жаңа лауазымға тағайындалды. Сол жерде Нәжімеден Есқалиев Орал облысын Батыс Қазақстан облысы деп атау туралы келісімді де алды. Айқын шекаралық белгі ретінде Қазақстанның шеткі аймақтарындағы үш облыс атауы да картада белгіленді: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан. Кейін 2018 жылы басқа бір имидждік есеппен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта аталып, облыс орталығы ежелгі Шымкенттен кесенелерімен әйгілі көне Түркістан қаласына көшірілді.
- 1991-1993 жылдары менің жеке өзіме алғыс білдірген екі жүзден астам жеделхат пен хат келді, БАҚ-та Орал оқиғалары туралы мақалалар жазылды, - деп еске алды Нәжімеден Есқалиев.
Сол қыркүйек күндері туралы оралдық жазушы, казак Алексей Святыниннің жабасынан үзінді: «Біздің облыс халқына жік салуды, Ресейдегі көршілерімізбен араздастыруды тілеушілер көп болған сол 1991 жылғы күздің толқынысқа толы күндері, менің ойымша, бәрінен де біздің губернаторға қиын болғаны анық. Халықтың құрметі мен махаббатына ие болу сыны - соғыстан да ауыр сын. Бұл сынаққа ол шыдады. Бізде былай деп айтылады, махаббатқа ие болдың ба, казак, енді шыда! Ол халықпен жеке байланысқа шықты, ал бұл үлкен іс, үлкен өнер. Бір сөзбен айтқанда, қала казактары арасында қазір айтылып жүрген сөз – Есқалиев ауыр кезеңге төзді және орыстар мен қазақтар арасында туындаған шиеленісте өзінің тыныштық пен келісімге негізделген тұрақты саясатын жүргізе алды. Осы оқиғалардан кейін «Зенит» зауытының ұжымы атынан біздің Орал облысын бітімгершілік аймағы деп жариялауды ұсынамын, басқалар бізден үлгі алсын».
Белгілі суретші Сәкен Ғұмаров былай деп жазды: «Ең ауыр жылдары Есқалиевтың облыста қайта құруға ұқсаған әрекеті «әдемі келісім» деп аталады. Тітіркендіретін ашық қызыл түс біртіндеп қызғылт, қызғылт сары, сары түске ауысты. Бұл - табиғаттың сұлулығы. Тәңір – аспан көк түсті, тыныштандыратын және осы әлемге, келісімге бастайтын түс. Құдайдың әмірімен қайырымды ер келісімге келе алатын еді және ол келді де. Орал өңірі жеріне ол дер кезінде келген екен».
Приуральный ауданы Ленин атындағы колхоз бригадирі, Социалистік Еңбек Ері, казак Иван Шкилев: «Маған соғыс ардагері ретінде зейнетке ерте шығуға рұқсат берді. Бірде үйге Есқалиев келді, шай іштік, ол маған «Неғып үйде отырсың? Жұмыс істейік, туған егістігіңе бар» деді. Ал мен қуана-қуана жұмысқа оралдым. Былтыр осында, қалада қиын болды. Ата-бабам казак болғандықтан маған да ауыр болды. Бірге өсіп, бірге астық жинаған, өмір бойы қуанышта да, қиындықта да бірге болған адамдардың бір-біріне қарсы шыққаны түсініксіз. Ащы сөздерін айтып, бір-біріне ұмтылған адамдарды айдап салған кімнің қара ниеті екен? Н.Есқалиев халықты тыныштандырды, бұрынғыдай бір-бірін құрметтеуге, бір-біріне сеніп өмір сүруге бастады. Біздің аймақ – бай аймақ, бұл жерде молшылықта өмір сүру үшін үрей тудырмай, бірге еңбек ету керек. Қазақтар үшін де, орыстар үшін де Орал өңірі – ортақ отан. Біз оны бірге сақтауымыз керек».
Нәжімеден Есқалиев пен оның серіктестерінің туған өлкеге тұрақтылық пен бейбітшілікті қайтару жолындағы қажырлы еңбегі мен жұмсаған күш-жігерін Орал облысындағы беделді, белгілі адамдар осылай риясыз бағалап, шынайы да жылы сөздерін арнап жатты. Әрине, сол 91-жылдың қыркүйегінде Қазақстан шекарасында Оралға, одан кейін Гурьевке кіруге дайын Приволжск-Орал әскери округінің танкілері тұрғанын халық арасында ешкім білген жоқ. Арада жылдар өткеннен кейін 1991 жылдың күзіне дейін осы әскери округ қолбасшысы болған, басып кіруге әскер дайындаған генерал Альберт Макашовтың өзі оны Есқалиевқа мойындаған еді. Бұрын қарсылас болған, екі адамның кездесуі де кездейсоқ болды.
Артут Нығмет
