18 қыр, 2025 сағат 13:45

ОРАЛДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС. 1991 ЖЫЛ ‒ 2,3 ТАРАУ


Фото: Артур Нығметтің кітабынан алынды

Жас қазақ журналист-зерттеушісі Артур Нығметтің кітабы 1991 жылғы Орал оқиғаларының белгісіз беттерін ашады.

2 тарау: Горбачев казактарға көз жұма қарап отыр

3 тарау: МҚК полковнигі Червяков казактарды арандатуда

Кіріспе және 1 бөлім: ОРАЛДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС. 1991 ЖЫЛ


2 ТАРАУ. ГОРБАЧЕВ КАЗАКТАРҒА КӨЗ ЖҰМА ҚАРАП ОТЫР

1990-1991 жылдар түйіскен тұста Кеңес Одағы іргетасының шайқалуымен бірге Коммунистік партия да әлсіреп, ыдырай бастады. 1990 жылдың 15 наурызында КСРО президенті болған Михаил Горбачев КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы да болып қалған еді. Горбачев пен оның ортасы бірінші кезекте екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде аннексияланған Балтық жағалауындағы үш республиканы қоластынан шығармауға тырысты. Бірақ Латвия, Литва және Эстония бөлінді де тәуелсіз болып кетті. Бұл аймақта казак қауымдастығын жандандыруға қандай да бір себеп болса, Мәскеу оны қалт жібермей пайдаланатын еді. Біздің түсінгеніміз, Мәскеу арнайы қызмет қолымен Ресей империясының бұрынғы аймақтарында казак қауымдарын қайта жандандыруға бар күшін салған екен.

Орал казактары мен Дон казактары бұрынғы Ресей империясындағы екі байырғы казак қауымдастығы болатын. Оны жандандыру бірден Орал казактарының бөлінуі туралы ашық ұранмен ортаға шықты. Жайық казактары деген атауға ие болған Орал казактары қазақтардың Кіші жүзінен күшпен тартып алған және карталарына «ежелден өз жерлері» деп белгі салған жерлермен бірге бөлінуі керек деді.

Қайта жандана бастаған казактарға қарсы Алматы тарапынан айтарлықтай қолдау болмайтынын сезген Орал облысының басшысы Нәжімеден Есқалиев қолайлы сәтті ұтымды пайдаланып, ең болмағанда президент-бас хатшы бейтарап ұстанымда болады деген үмітпен Михаил Горбачевқа көпшілік алдында жүгінуді ойлады. Алайда үміт ақталмады. 1991 жылдың мамыр айында Алматыда партия-шаруашылық активі, яғни республикалық конференция өтті. Конференцияға КСРО президенті Михаил Горбачев қатысып, сөз сөйледі. Осы орайда, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы күшпен басылғаннан кейін Горбачевтің Алматыға келмегенін айта кеткен жөн. Өзі ашық түрде ұнатпайтын Дінмұхамед Қонаев басшылық еткен тұста да Қазақстанға келген жоқ. Тек бір рет 1985 жылы Целиноград қаласында болды. Сол 1991 жылдың мамыр айында Алматыда өткен жиында Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаев та сөз сөйледі. Ол баяндамасында республиканың бірқатар облыстарында құрылған радикалды казак қауымдастықтарының белсенділігіне байланысты көп ұлтты Қазақстан халқының алаңдаушылығы туғанын

Горбачев болса бұған қатысты ештеңе айтқан жоқ. Сонда КСРО президентінің Қазақстанның басшы кадрлар құрамымен әңгімесі барысында Назарбаевтың тапсырмасын пайдаланған Есқалиев елдің бірінші басшысына өз өтінішін жеткізді:

- Құрметті Михаил Сергеевич, Орал облысының еңбеккерлері мен коммунистері атынан КСРО мен Ресей казактар Одағының қауымдастығының қатысуымен «Жайық казактарының патшаға қызмет етуінің 400 жылдығын» Оралда атап өту ниетіне байланысты қалыптасып отырған күрделі жағдаймен мұқият танысуыңызды сұраймын. Біз Сізден онсыз да қиын кезеңде барлық жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған, тұрақсыз ахуал қалыптастыратын бұл шараның өтуіне тыйым салуыңызды сұраймыз.

Жиналыс президиумында отырған Горбачев оқыстан ашуланып, Есқалиевтың ойын аяқтауына мұрша берместен сөзін дөрекілене бөліп жіберді:

- Біріншіден, ел ішінде ешқандай қиыншылық жоқ. Егер сіздің облысыңызда қиыншылық болып тұрса, оны қарастыру керек. Біз де қарап отырмаймыз! Екіншіден, казактар да халық, кеңес халқы. Әр халық немесе жұрт өз тарихына құрметпен қарауға құқылы және ол тарихындағы есте қаларлық даталарды атап өте алады. Мен де саған, казактар облыста шарасын өткізбейді деп кепілдік бере алмаймын!

Залда отырғандардың ешқайсысы Горбачевтің осындай ашық та дөрекі мәлімдемесіне қарсылық білдіре алмады. Өлі тыныштық орнады, мәселе басшылық заңға сай жабылды және қайта талқылауға жатпайтыны анық болды.

Үзіліс кезінде Нәжімеден Есқалиевқа жақындаған президент Назарбаев:

- Бәленің қайдан шығып жатқанын енді түсіндің бе? деді, Есқалиев:

- Иә, түсіндім, - деп жауап берді.

Горбачевтан қатаң тойтарыс алған Есқалиевқа енді тек өз күші мен Жаратқанға ғана үміт арту қалған еді. Горбачевтің Қазақстандық партия-кеңес басшылары құрамының алдында айтқан сөзі Орал казактарының басшысына жеткенін естігенде ол таңғалмады. Орал казактары индульгенция, яғни карт-бланш, жоғары мандат алғандай болды. Горбачев тарапынан болған «қолдаудан» жазаланбайтындарына сенген олар Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жіберуге арсыздықтары жетті. Хат стилистикасы Илья Репиннің «Запорождықтар түрік сұлтанына хат жолдады» деген әйгілі суреті рухында жазылды. Картинада казактар түрік сұлтанының берілуге және шапқын мен тонау жасамау туралы ұсынысына жауап ретінде батыл хат жолдайды-мыс.

Емлесі мен стилін сақтай отырып, оқырманға оралдық казактардың Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатының толық мәтінін ұсынуды жөн көрдік:

«Құрметті Президент! Орал казактарының Ресей мемлекетіне қызмет етуінің 400 жылдығын атап өтуге байланысты Сізге Орал казактарымен кездесуге шақыру жіберілген болатын. Біз Сізден жауап алған жоқпыз. Ақиқатында, дәлірек айтсақ, «Қазақстан аймағында казактардың патшалық режимге қызметінің қандай да болсын жылдығын атап өтуіне біз жол бермейміз» деген мәлімдемеңізді ел Президентінің қатысуымен өткен республикалық жиында айттыңыз. Осы сарынды, тарихи оқиғаларды осылай біржақты түсіндіруді біз соңғы бір жарым жыл бойы облыс басшысынан, оның айналасындағылардан үнемі естіп келеміз. Сіздің ымыраға келе алатын, оң жақ, сол жақты бірдей тыңдай білетініңізге сенгендіктен, біз Сізден мұндайды күткен жоқ едік. Егер біз қателескен болсақ, өкінішті. Жалпыға ортақ мүдде үшін өкінішті. Біз диктат тіліне, тарихи ақиқатты бұрмалауға қарсымыз. Бос айқай, тарихты күшпен қайта құру аймақтағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтаудың жақсы жолы емес. Біздің Ресейдің еркіндік сүйгіш казак қауымдастығының ұрпақтары екенімізді ұмытпаған жөн. Бізге деген осындай қатынастан соң өзімізді Сіз айтқандай «қазақ жерінде қара шаңырақта, туған үйдегідей сезіне» алмаймыз. Орал өзенінің оң жағалауы еш уақытта қазақ жері болмаса да, осы бір абайсызда айтқан сөзіңізбен, кең пейілмен «қазақ жерінде тұруға» рұқсат бере тұра Сіз біздің тарихи отанымызға деген құқымызды сызып отырсыз. Шамасы біреулердің әлеуметтік тапсырыстарын орындап отырған Қозыбаев, Елагин, Беспаев, Григорьев сияқты ғалымдар ғана бұл фактіге қарсы дат айтуы мүмкін.

Бәлкім, олардың, осы ғалымдардың, дәйектерін казак мейрамын қаралауға пайдаланылып отырған болар. Егер Алтын Орда ұрпақтары Мәскеуде Тоқтамыстың қаланы өртеп жібергенінің 600 жылдығын, ал татарлар өз бабаларының орыс астанасын алғанына 400 жылдығын атап өту туралы ұсыныстар берсе, орыстар оны қалай қабылдар еді? Алдымен бұл «аса зиянды» өтірік Кеңес Одағының Батыры Е.Орақбаевтың аузымен берілді («Приуралье» облыстық партиялық газеті, 16.05.91 ж), ал осы жылдың 12 маусымында республикалық телевидениеде Сіз де қайталадыңыз. Біздің ойымызша, бұл салыстырулар дұрыс емес сияқты: ол мысалда өзге қаланы басып алу, өртеу, тонау, ал бұл жерде Сіз және сол Е.Орақбаев айтып отырғандай «патшалық режимге» емес, Ресейге қызметтің мерейтойын атап өту. Режимдер (патшалық, сталиндік, брежневтік, пиночеттік және басқалар) келеді, кетеді, ал егер азаматтық қақтығыс ушықпаса, сол жерде ғасырлар бойы мекендеген ұлттар есебінен бір ұлтты көтермелеу әрекеті болмаса, мемлекет қалады. Біздің 378 жыл бұрын өзіміздің бабаларымыз тұрғызған қалада мерейтой (жүз жылда бір рет) өткізу туралы ниетіміз неге республика, облыс басшылығының ашуын туғызып отыр? Орал облысының Қазақстанға 20-шы жылдары қосылған тарихын адамдардың ұмытуы, тарихты білмеуі үшін бе?

Біз екі жақты түсіністік болғанын қалаймыз. Сондықтан да Сізді екінші рет Өзіңізге қолайлы уақытта Оралға келуге шақырамыз. Мерейтойға болмаса да, бізбен кездесуге. Бізде айтатын ашық, адал әңгіме табылады. Сіздің келуіңіз Орал казактарының жандану үрдісін табандылықпен елемей отырған жергілікті билікке жақсы үлгі болар еді. Сіздің сөзіңізден кейін бұл билік жалаға, басқа да лайықсыз актілерге де тоқтамастан бізге дискредитацияны одан әрі күшейтті. Олар Сізге де біздің қозғалыс туралы бұрмаланған ақпарат беруде. Біздің ойымызша, әзірге облысты Н.Есқалиев басқарып отырған уақытта Орал өңірінде тұрақты ахуал орнауы қиын. Ол диалогқа көнбейді, өзгенің пікіріне құлақ аспайды, менмендікке бейім, өзінің қателеспейтініне сенімді. Облыстағы тұрақсыз ахуалға біз емес, бастамашы болған өзі деу дұрыс болар, ал казак қауымдастығы тарапынан конституцияға қарсы, заңсыз әрекеттер болған емес, біз «әскери жасақтар» құрған жоқпыз, қару сатып алған жоқпыз. Бұл туралы алып-қашпа сөзге сүйенген Есқалиев мәлімдеді, оның тапсырмасымен бұқаралық ақпарат құралдары да ақпаратты таратты. Құзырлы органдар болса бұл сандырақты жоққа шығарды.

Мынадай сөз бар: казактарды құртуға болады, бірақ тізерлету мүмкін емес! Енді құрту да мүмкін емес, уақыт өзгерді, біз оған сенімдіміз. Ең дұрысы халықтар достығын нығайту, тұрақтылық үшін түсінісе отырып қарым-қатынас тетіктерін іздеу. Біз Сізбен сол себепті де кездескіміз келеді. Біздің шынайы сенім мен құрметімізді қабыл алыңыз».

Орал казактары Одағының Үлкен құрылтайында (конференция) қабылданды, 15 маусым, 1991 ж.»

Байқағанымыздай, Орал казактарының Назарбаевқа жазған хатының мәтіні тегеурінмен, үзілді-кесілді батылдықпен жазылған, бір қарағанда сол кездегі қалыптасқан әкімшілік шекара шеңберінде жазылғандай болып көрінгенмен, Қазақстанның тәуелсіздікке деген барлық құқын жоққа шығару сарыны анық көрініп тұр. Мұндай хатты казактар өздері жаза алмас еді. Құжаттың КОКП ОК-де немесе тіпті МҚК-де дайындалғаны анық.

Горбачев Назарбаевтың қатысуымен өткен жиында Есқалиевты қатаң түрде қайтарып, қатысушылардың алдында казактарды қолдайтынын мәлімдегеннен кейін Қазақстан басшыларының ешбірі бұл тақырыпқа жолағысы келген жоқ. Оқиға қантөгіспен аяқталған жағдайда туындайтын жауапкершіліктен қашқан олар 1991 жылдың қыркүйегіндегі қатерлі күндерінде кабинеттерінде болмауға, Оралмен байланысқа шықпауға тырысты. Нәжімеден Есқалиев сол күндері жоғары ресми билік өкілдерінен тек Қазақстан Жоғары Кеңесі төрағасының орынбасары Серікболсын Әбділдинмен ғана байланыса алды.

Нәжімеден Есқалиевтың айналасындағылар күштің тең емес екенін білді. Өз дереккөздеріне сүйенген Орал облысының күштік құрылым басшылары Ресейдің Самара мен Орынбор қалаларынан Орал бағытына казак отрядтары шоғырланғанын, ал Оралдан бар-жоғы 120 шақырымдағы Самара облысының Үлкен Черниговка селосы маңына Приволжск-Орал әскери округінің қолбасшысы генерал-полковник Альберт Макашов әрекетке сигнал күткен танк полкін орналастырғаны туралы баяндап жатты. Үрей мен дүрбелең туғызбау үшін бұл туралы Есқалиевтың қасындағы аздаған адамдар ескертілді.

Казактарды тізгіндеу туралы өтінішті Мәскеу қабыл алған жоқ, ал Горбачевтен секемденген Қазақстан басшылығы халық депутаттарының Орал облыстық кеңесіне қандай боласын көмек көрсетуге ниетті болмады. Сонда Нәжімеден Есқалиев өзінің КСРО Жоғары Кеңесі депутаты мандатын пайдаланып, казак жетекшілерін «Орал казактарының патшаға қызметінің 400 жылдығын» атап өтуден бас тартуға сендіреді деген үмітпен КСРО үкіметі төрағасы Николай Рыжковқа, Ресей казактары Одағының жоғары атаманы Александр Мартыновқа және КСРО-ның бірнеше белгілі қайраткерлеріне хат жолдады.

Есқалиевтың бұл хатына тек КСРО Жоғары Кеңесі төрағасы Александр Лукьянов қана жауап берді. Ол тұрақтылық тілеген жалпылама сырғытпа хат жіберді. Сол уақытта Одақ басшылығы кенет өздерінің де казактар ұрпағы екенін еске түсіре бастады. КСРО үкіметінің төрағасы Николай Рыжков пен КСРО қорғаныс министрі Дмитрий Язов өздерінің дон казактарынан шыққанын мәлімдесе, Ресей Федерациясы вице-президенті Александр Руцкой тер казактарының ұрпағы болып шықты, ал КСРО президенті Михаил Горбачев пен оның жерлесі, Ресей казактары Одағының жоғары атаманы Александр Мартынов өз тектерінен кубандық казак қауымдастығы іздерін тапты.

Ресейдің барлық аймақтарында, сонымен бірге одан да тыс жерлерде казак әскерлері шұғыл жандана бастады, сандықтардан нафталиннің иісі сіңген мундирлер шығарылды, жаңа мундирлер тігілді, анда да, мұнда да қисық қанжарлар жарқылдай бастады. Ауадан қанды жанжалдың иісі айқынырақ сезіле бастады. Кеңес Одағы ыдырай бастады, ұлттық сана-сезімнің өсуі мен отар болған КСРО халықтарының тәуелсіздікке деген ұмтылысын Мәскеу казактар отрядының қолымен тоқтатуға тырысты. Осылайша түрлі-түсті казак әскери қауымы құмырадан шыққан жын секілді саясат сахнасына келді.


3 ТАРАУ. МҚК ПОЛКОВНИГІ ЧЕРВЯКОВ КАЗАКТАРДЫ АРАНДАТУДА

Қалай да Орал казактарының 400 жылдық мерейтойын өткізуге деген құлшынысы арта түскен казак жетекшілерімен болған текетірес шарықтау шегіне жетпей тұрғанда Орал облысының басшысы Нәжімеден Есқалиев барлық күштік құрылымдарды өзіне бағынышты етіп үлгерген болатын. Бұл әрекеттің дұрыстығын 1991 жылғы тамыз бүлігінде консерваторлардан құралған топтың Михаил Горбачевті биліктен алыстатуға тырысқан сәтсіз әрекеті көрсеткен еді. Сол кезде Орал облысының күштік құрылымдары ТЖМК бүлікшілері штабының жетегінде кетпей, Қазақстанның билігі тарапында қалды. 91-ші жылдың тамызы Орал облысының күштік құрылымына алдағы айда, яғни қыркүйекте болатын текетірес алдындағы даярлық болғандай.

Алайда жергілікті арнайы қызметтердің халық депутаттарының Орал облыстық кеңесі айналасына бірігуі оңай болмады. Жергілікті қауіпсіздік қызметкері, МҚК полковнигі Владимир Червяковтың күшін жою Нәжімеден Есқалиевтың сол кездегі казак жетекшілерінің екпінін басу мақсатында іске асырған ең тәуекелді әрекеті болды. Ол түрлі жолдар арқылы МҚК-нің облыстық басқармасымен қатар, облыстық ішкі істер (милиция) басқармасын, сондай-ақ облыстық әскери комиссариатты да өз бақылауына алды. Осылайша, 1991 жылғы қыркүйектің қиын-қыстау күндері Орал облысының күштік құрылымы мәскеулік биліктің емес, облыстық басшылықтың жағында болды.

Бәрінен де кеңестік арнайы қызметтің басшылығымен бітімге келу қиын болды. Бірден айта кету керек, Қазақ КСР МҚК-ның Орал облысы бойынша басқармасының бастығы Владимир Червяков, негізінде, жандана бастаған казак қауымдастығының мәскеулік кураторы еді. Кеңес Одағы ыдырай бастады, бірақ барлау қызметкерлері Кремльдің арнайы тапсырмасымен, кейбірі өз қалауымен ыдырап жатқан империяның аумағына келешекке арнап ұлтаралық жанжалдардың, қарулы қақтығыстардың, тіпті соғыстың дәнін егіп қалуға асықты. Осындай асықпай жарылатын миналар бірінші кезекте, империялық сана-сезіммен қаруланған Червяков сияқты чекистердің қолымен қойылды.

Ресми түрде Қазақ КСР МҚК-ның орталық аппаратына бағынатын Червяков тікелей Мәскеуге, МҚК-нің одақтық аппаратына жұмыс істеді. Сондықтан да оны лауазымнан шеттету үшін Коммунистік партияның Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәжімеден Есқалиев үлкен тәуекелге барды. Оның қолында облыстың басты жергілікті қауіпсіздік қызметкерінің іріткі салушылық әрекетін дәлелдейтін аудиожазба болды. Оңды-солды қадам басса не болмаса бір қателік кетер болса, полковник Червяков Есқалиевтың өзіне кісен салып жіберуі әбден мүмкін еді. Дегенмен, барлығын рет-ретімен баяндайық.

Ол кезде Кеңес Одағында барлық істерді ашық немесе құпия түрде мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бақылап отыратын. Бұл олардың төменнен жоғарыға дейінгі билік жүйесіндегі артықшылығы болды. Аймақтардағы МҚК қызметкері жергілікті билікке жауапты болмағандықтан, олардың келісімінсіз тағайындалып отырды. Сондықтан да МҚК облыстық басқармасы басшылығының кезекті ауысуына Нәжімеден Есқалиев көңіл бөлмеді. Байыпты да жүзі жылы полковник Петр Помилуйконың орнына орталықтан сырт келбеті сұрықсыздау, көзін алып қашып, қулана күліп отыратын Владимир Червяков келді. Кейде адамның мінез-құлқы оның аты-жөнімен сәйкесе қалатын кездейсоқтықтар болып тұрады. Бұл атқарушының жағдайы да осындай еді.

Көп ұзамай Червяковта «бейшара казактарды» қолдау жөнінде Мәскеудің тапсырмасы бары байқалды. Казактар жиындарында жиі көзге түскен ол, әдетте көпшілік алдында сөйлемейтін, бірақ казак атаманы және оның көмекшілерімен ұзақ әңгімелесетін. Бірде обком партиясының жиналысынан кейін Есқалиев Червяковтың қалуын өтінеді, әңгіме барысында казактардың радикалды қозғалысына байланысты қоғамда жағдайды ушықтыратын қауіпті үрдіс қалыптасуы мүмкіндігі туралы айтты. Сонда МҚК облыстық басқармасы басшысы «бәрінен хабардармын, алаңдауға негіз жоқ» деп облыс басшысын сендірген болды.

Мұнымен облыста кадр ауыстыру науқаны тоқтамады. Мәскеу тағы бір тосын сый жасады. Саясатқа бейтарап қарайтын облыстық атқару комитетінің төрағасы Николай Рогожниковтың Мәскеу сенімін ақтай алмайтынын, казактардың ахуалын шиеленістіре алмайтынын сезген орталық билік оны орнынан босатып, Ресейге алып кетті. Орнына тағы да Орал обкомының келісімінсіз басқа шенеунік тағайындалды. Бұл ауыс-түйістердің бәрін сол кездегі Кеңестік Қазақстанның басшысы болып отырған Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин жүргізді. 1986 жылдың желтоқсанында Қазақстанды көп жылдар басқарған Дінмұхамед Қонаевты ауыстырып, бас көтерген қазақ жастарын айуандықпен басып ұстаған осы Мәскеу эмиссары Колбин. Колбин де Кеңес Одағы тараған жағдайда жаңа империялық саясаттың авангарды ретінде казак қауымдастықтарын жандандыруға бағытталған Кремль саясатын үнсіз жүргізіп отырды.

Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымына Рогожниковтың орнына партия-кеңес мектебінде шыңдалған, Целиноград облысында туып-өскен қазақстандық неміс Владимир Гартман жіберілді. Соңғы уақытта ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде инспектор болып істеді, ол кезде кадрлық резервте тұрған, осындай екінші топтағы партия шенеуніктері болатын. Олар партиялық-кеңестік иерархиядағы қандай да бір жетекші рөлге көтерілуді күтеді. Міне, сол күткен сәт те келді, халық депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитеті төрағасы, қазіргі тілмен айтқанда, облыс парламенті атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Негізінде, Есқалиевтың «оң қолы» лауазымына келді, Есқалиевтің өзі қысқа мерзімде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы қызметтерін қоса атқарды.

Нажмеден Есқалиев Гартманмен ол Оралға келгеннен кейін танысты. Денелі келген, орақ тілді, тәкаппарлау адам екен. Тіліндегі аздаған кекештігі өзіне жарасып тұратын. Қызметінің алғашқы күндерінен-ақ ол «тәртіп орнатуға» келгенін жасырған жоқ, бірақ оның жергілікті казактармен ашық түрде араласуы секем тудырды. Оған Қазақ КСР МҚК-ның Орал облысы бойынша басқармасының бастығы Владимир Червяков жақын жүруге ұмтылды. Халық депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің жаңа төрағасы онымен бірден достасты. Көп ұзамай Есқалиевқа олардың әлденені бірге жоспарлап жүргені, өздері жетілдірген казактар жетекшілерімен кездесіп жүргені белгілі болады.

«Омега», «Металлист», «Коммунзапчасть» сынды әскери зауыттарда және басқа да кәсіпорындарда құрылып үлгерген казак ұйымдарына Гартман көптен күткен қонаққа айналды, оның казак ұйымдарымен болған кездесулерінде сөйлеген сөздері қызу қолдауға ие болды, ресми түрде Есқалиевтың орынбасары болып есептелетін Гартманның сөздерінен казактарды қолдайтыны байқалатын. Казак автономиясын құру идеясы Орал облысында барлық жерде қызу талқылана бастады. Өзін еркін ұстайтын Гартман барлығына өзін кімнің республикалық деңгейдегі қызметшісі екенін көрсетуге тырысты.

Міне, ақиқат ашылар сәт те келді, облыстық партия конференциясында күтпеген оқиға орын алды: облыстық атқару комитеті төрағасы Гартманды обком бюросы құрамына сайларда делегаттардың үштен бірінен көбі қарсы дауыс берді. Обком бюросы облыс деңгейіндегі жоғары алқалы басшылық орган, өз алдына кішігірім Саяси бюро. Облыстық конференцияға қатысқан Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ыңғайсыз оқиғаға қатысты алаңдаушылығын білдірді. Гартман бір жағынан Есқалиевқа бағынышты болса, екінші жағынан Қазақстан үкіметіне, яғни Назарбаевқа да бағынышты болатын.

Назарбаевты әуежайға шығарып салған Есқалиев Гартманның обком бюросының құрамына ресми сайлануына қатысты бәрі ойдағыдай болады деп сендірді. Алайда бұл 1989 жыл еді, горбачевтік демократизация авторитарлық режимге оңай соқпады, бұрынғы жаппай «құптаймыз» дейтін сөз өтпейтін болды, жергілікті коммунистер өздерінің көңілінен шықпаған Алматы немесе Мәскеу арқылы тағайындалғандарға дауыс бермеу құқығына ие болды.

Келесі күні обком пленумында Гартман бюро құрамына тағы да өтпей қалды. Облыс үшін бұл төтенше жағдаймен тең болса, Гартман үшін апатпен тең болды, бұл оның қызметтік мансабының аяқталуына да әкелуі мүмкін еді. Ол кәдімгідей басылып қалды. Бұндай жағдайда облыстық атқару комитетінің төрағасы өз орнын босатуға міндетті екені анық. Бірақ осы арада мәселеге МҚК-ның Орал облысы бойынша басқармасының бастығы Червяков араласты. Ол өзінің орнына Гартманды кіргізуді ұсынды, яғни обком бюросындағы креслосын беріп отыр еді. Гартман мен Червяков арасында жасырын одақ бар деген болжам өзінен-өзі осылайша дәлелденді.

Есқалиев осы тұста басқаша әрекетке көшті, сыннан өткен қайта дауыс беру әдісін қолданды. Гартманға қарсылардың дауысын азайту үшін облыстық партия комитеті бюросының құрамы ұлғайтылды. Гартманды облыстық атқару комитеті төрағасы лауазымында ұстап қалу үшін бюро құрамын тағы екі адамға көбейтті. Осылайша, әзер дегенде Гартман обком бюросына сайланды. Осылайша Есқалиев Назарбаевқа берген сөзінде тұрды және ең бастысы Гартманды өз жағына шығарып алды.

Өзінің алдағы мансабы үшін кімге қарыздар екенін түсінген Гартман енді казактардан іргесін аулақ салды, көмекті бағалай білетінін көрсетті. Ақиқат пен адамдардың қолдауы кімнің тарапында екенін де түсінген ол Есқалиев пен оның командасына барлық мәселеде жәрдемдесе бастады. Мәскеу эмиссары Геннадий Колбиннің Нәжімеден Есқалиевқа қарсы жоспарлаған кезекті авантюрасы осылай аяқталды.

Гартманды үйірге қайтару әдісі, шын мәнінде бұл қайтару болды, полковник Червяковқа келмейтін еді, оның үйірі әуелден-ақ басқа болатын. Оны жұмыстан шеттетуден басқа амал жоқ еді. Ол үшін Червяков қоғамға қауіпті казак қауымдастықтарының жандандырумен тікелей өзі айналысып жүргенін дәлелдейтін салмақты дәлел-деректер қажет болды.

Есқалиевқа оралдық казактардың агрессивті ой-ниеттері туралы құжатты деректер керек еді, бірақ МҚК облыстық басқармасы басшысы полковник Червяковтың есебіне сәйкес бәрі тыныш, ешқандай қауіп жоқ деп сипатталатын. МҚК облыстық басқармасы басшысына қатысты мәселені біржолата шешу қажет болды. «Мерейтой» мәселесіне байланысты құрылған штабтың кезекті отырысында Есқалиев штаб мүшелерін қаланың кейбір кәсіпорындарында казактардың қарулы топ құрғаны туралы басқа дерекөздерден алынған мәліметтермен таныстырды. Мәскеуден Ресей атамандары жиынынан келген Сутягин деген біреудің жергілікті казактарға өзінің КСРО вице-президенті Г.Янаевпен кездескенін айтқан, оның Оралдағы казактар құрылымдарына конспиративтік, яғни жасырын режимге көшу жөнінде кеңес бергені туралы мәлімет те Есқалиевтың қолында болды. Әрине, облыс басшылығы казактардың осындай партизандық әрекеттерін болдырмау жолында шаралар қолданатыны анық. Штаб мәжілісінде Есқалиев Червяковқа сауал тастады:

- Казактардың автономия құруға қатысты өршіп тұрған мәселесі Сізді неге алаңдатпайды?

Червяковтың жауабы штаб мүшелерін таңғалдырды.

- Менің казактардың экстремизм мен қандай да бір қарулы топ құрғанына күдіктенуіме себептер жоқ, - деп міз бақпастан жауап берген ол сөзін жалғастырды. Сондықтан Сіз де бейбіт азаматтарды үрейлендірмеңіз.

Червяковтың ресми тұрғыда болса да облыс басшылығын тыңдауға құлқы жоқтығы анық болды, ол өзінің қарсылығын жасырып та отырмады. Оның мәселесін енді тек Мәскеудегі, Лубянкадағы МҚК-нің орталық аппаратының дейгейінде ғана шешуге болады! Иә, сол Мәскеу орталығындағы Дзержинский ескерткішінің артындағы сұр ғимаратта ғана. Бұл ғимаратта кезіндегі сталиндік жендет Берия отырған кабинетте сол уақытта құдіретті генерал Владимир Крючков отырған еді. Мәскеудегі МҚК-нің жоғары органдарына жүгіну үшін облыстың бас қауіпсіздік қызметкері ұлтаралық дау-жанжалды қоздырып отырғанын дәлелдейтін даусыз деректер қажет екені сөзсіз. Червяковтың құпия түрде казак жетекшілерімен араласатыны, оларға кеңес беріп отыратыны туралы Есқалиевқа өз адамдары хабарлап отырды. Мәскеудің толыққанды қолдауын сезінген Червяков Есқалиевпен болған қысқа ғана қызметтік кездесулерде облыс басшысы алдында ақталмайтын және партия обкомы МҚК облыстық басқармасы ісіне араласпау керектігін үнемі ескертіп отыратын.

Сонда үлкен тәуекелге бел буған Нәжімеден Есқалиев МҚК облыстық басқармасы бастығының, яғни Червяковтың орынбасары, ұлты қазақ Тұрысбек Дәулетовті әңгімелесуге шақырады. Әңгімені ашық, еркін формада өткізген ол бүкіл Қазақстан тағдыры таразы басында тұрғанын айтып, Дәулетовке қауіпсіздік қызметкерінің міндеттерімен қоса, қазақ халқының алдындағы парызы барын ескертті.

Бір аптадан кейін Тұрысбек Дәулетов Есқалиевқа бастығы Червяковтың казак атаманы Качалинмен болған әңгіменің таспасын әкеледі. Осы жерден МҚК облыстық басқармасы бастығының «мерекелік шараға» дайындық барысында казак қауымдастығына жан-жақты әрі белсенді көмек беріп отырғаны анық болды.

Орал казактарына қатысты ахуал мен МҚК облыстық басқармасы бастығы Червяковтың бұл мәселедегі рөлі туралы Есқалиев бірден Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хабарлады, ол тікелей Мәскеуге, КОКП ОК мен КСРО МҚК-ге баруына кеңес берді. Жеделдетіп Мәскеуге ұшып, Кремль мен Лубянкадағы жоғары кабинеттерге кіруге әрекет жасау керек болды.

КОКП Орталық комитетінде оралдық казактар мәселесіне таңғалған ешкім болған жоқ. Мәскеу бұл жағдаймен таныс екендігін және «бұрын заңсыз таратылған казак әскери құрамаларының қайта қалпына келуіне» мүдделі екенін жасырмады.

«Демократия деген осы!» деген КОКП Орталық комитетінің сектор меңгерушісі, Қазақстан кураторы Николай Мищенко Есқалиевты көндіруге тырысты. Казактарға қатысты әділеттілік орнату дейтін тарихи қажеттілік дегеніміз осы!».

Осыған ұқсас, бірақ сәл перделенген мәлімдемені Есқалиев КСРО МҚК төрағасының орынбасары кабинетінде де естіді.

Сол кезде Есқалиевке КСРО МҚК төрағасы Владимир Крючковтың қабылдауында болудың сәті түседі. Есқалиев оған полковник Червяковтың казак атаманымен болған әңгімесінің жазбасын көрсетті. МҚК төрағасы, өзі тәжірибелі маман, бұл қалай болды, деген таңданысын жасыра алмады. Дереу өзін телефон арқылы Червяковқа қосуды бұйырған Крючков ешқандай уәде берместен, қысқа қайырды: «Маған қате ақпарат берілген екен. Өзім айналысамын».

Үш күннен кейін Червяков қызметінен босатылып, Оралдан кері шақырылды. Бір аптадан кейін МҚК облыстық басқармасы қызметін тексеруге Мәскеуден үлкен комиссия келді. МҚК облыстық басқармасы бастығының орынбасары Дәулетовті де тәртіптік жаза күтіп тұрған еді. Бұл кезде МҚК Гурьев облыстық басқармасы төрағасы болып көтерілген Дәулетов уақытша Оралда қалдырылды. Кейін ол Алматы МҚК облыстық басқармасы бастығының орынбасары болып жіберілді. Осылайша, ол да қызметтік жолында кедергіге ұшыраған болатын.

Бір айдан кейін Оралға МҚК облыстық басқармасының жаңа басшысы, қазақ тілін жетік меңгерген және қазақтың салт-дәстүрін тамаша білетін Анатолий Дружинин келді. Оның орынбасары қызметіне Оралда туып-өскен Телағыс Темешев бекітілді. Ол штабқа орын алып жатқан жағдайдан үнемі ақпарат беріп отырды. Есқалиев Оралдағы мемлекеттік қауіпсіздік жүйесінде жақсы өзгерістер болады деген сенімде болды және уақыт көрсеткендей, ол қателеспеді. Полковник Дружинин Кеңес Одағының күні таусылатынын және бүгін болмаса да, ертең ол мансабын тәуелсіз Қазақстанда жалғастыратынын, оған енді Мәскеу емес, Алматы кураторларына ойысу қажеттігін жақсы білді. Сондықтан да Дружинин мен облыстық ішкі істер басқармасының жаңа басшысы, полковник Владимир Шумов казак сепаратизмін тоқтату мәселесінде Орал обкомының бірінші хатшысы Нәжімеден Есқалиевтың жағына шықты. Екеуі де кейін марапатталып, мансаптарын табысты жалғастыра отырып, генерал шенін алды.

Күштік құрылым блогын толықтай өзіне қарату үшін Нәжімеден Есқалиев казак жетекшілері жағында болған облыс әскери комиссарын да бүгінгі тілмен айтқанда бейтараптандыра алды. Орал казактарының сепаратистік дүбіріне облыстың әскери басшылығы да қосылған болатын. Орал қаласының «Сокол» шағынауданында орналасқан әскери бөлім командирі, сонымен бірге Орал әскери гарнизоны басшысы болған генерал-майор Владимир Рагузин казак қауымдастығының нағыз жақтаушысы болды, ТЖМК-ны белсенді қолдады.

Облыстық әскери комиссариатта 80 пайыз, ал қалалық комиссариатта 95 пайыз әскери қызметкерлер славян ұлты өкілдері еді. Облыстың әскери комиссары полковник Дмитрий Кравченконың жеке өзі казактар жиналыстарына қатысатыны туралы мәліметтер болды. Ресейлік бір газетте Ростов казактарының атаманы В.Поповтың мақаласы жарияланды. Мақалада Попов КСРО қорғаныс министрі Дмитрий Язов дон казактары ұрпағы екенін және Кеңес Армиясында казак бөлімдерін құру идеясын өз басы қолдайтынын айтқан.

Облыстың әскери комиссары Дмитрий Кравченконың екпінін басып, тізгіндеу үшін Есқалиев оның орынбасары қызметіне полковник Геннадий Мұқатаевтың тағайындалуына қол жеткізді. Генадий Мұқатаев ол кезде Прибалтика әскери округінде қызметте болған еді, ұлты қазақ, Орал облысының тумасы. Бұл әскери округта әскери бөлім басшылығында славян ұлтына жатпайтын үш офицер болған екен. Үшеуі де беделді қызметкер еді. Бұл танк полкі командирі, полковник Геннадий Мұқатаев, мотоатқыштар полкінің командирі, полковник Аслан Масхадов, авиациялық эскадрилья командирі, генерал-майор Джохар Дудаев. Кейінгі екеуі бірнеше жылдан соң қысқа мерзімге болса да тәуелсіздікке қол жеткізген Шешенстанның азаттық жолындағы күресінде ельциндік Ресейдің империялық тасқыны астында қаза тапты.

Есқалиевтың Мәскеу арқылы күш салуымен Геннадий Мұқатаев 1991 жылдың шілдесінде Оралға облыс әскери комиссары орынбасары болып оралды. Есқалиев Мұқатаевты елге әкелу үшін КСРО қорғаныс министрінің орынбасары, авиация маршалы Евгений Шапошниковке хат жазды, сонымен бірге осы іске Қазақ республикалық соғыс, еңбек және Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы, Кеңес Одағының Батыры генерал Сағадат Нұрмағамбетовті және басқа да әскери саланың қайраткерлерін қосқан еді.

Оқиғаның осылай өрбуі облыстың әскери комиссары Дмитрий Кравченко үшін тосын жаңалық болды. 1991 жылдың қыркүйегі алдында Нәжімеден Есқалиев оған еңбек демалысын пайдалануды ұсынды және шұғыл түрде демалысқа кетуін сұрады. 1991 жылдың қыркүйегінің ең қиын күндерінде полковник Мұқатаев өзін қабілетті, батыл да табанды командир ретінде көрсетті, тәртіпті сақтау үшін милицияға көмек ретінде бұрынғы және қазіргі әскерилерден жедел топтар жасақтады. Бірақ оларды пайдалану қажеттілігі туындаған жоқ. Қыркүйек оқиғасынан кейін әскери комиссар Дмитрий Кравченко лауазымынан айрылып, көп ұзамай өзінің туған Украинасына кетті.

Сол кезде Есқалиевтың көмекшісі болған Болат Шәкімов осы кітап авторына казактар «мерейтойына» екі ай қалғанда полковник Геннадий Мұқатаев Есқалиевтың жеке тапсырмасымен су жаңа аңшылық мылтықтарын дайындап қойғаны туралы айтып берді. Әрине, Макашовтың танкілері Оралға кірсе, аңшы қаруы қандай көмек бере алар еді? Бірақ бұл қосалқы моральдық қолдау болатын. Мұқатаев достарының көмегімен Ижевскіден Оралға жасырын түрде екі мыңдай қару жеткізді, олар негізінен қосауыз мылтықтар еді. Картон орамадағы қарулар облыстық комиссариаттың жертөлесінде сақталды. Қуанышқа орай, ешқандай қару қолданылған жоқ, атыс қаруы да, кейбір жігіттерде болған суық қару да қолданылмады.

Оқиғадан кейін Геннадий Мұқатаев осы мылтықтарды республика астанасынан келген қонақтарға, өзімен аңға шыққан аудан әкімдеріне, достарына, фермерлер мен аңшыларға сыйға тартты. Әйгілі полковник аңшылыққа құмар болатын. Ал полковник Мұқатаевтың Қазақстанда бейбітшілік пен тәуелсіздікті қорғау жолындағы сол еңбегі мен ерлік істері ескерусіз қалды.

1991 жылдың соңында демалып, аңға шығу мақсатында Оралға Приволжск-Орал әскери округінің жаңа қолбасшысы, генерал-полковник Анатолий Сергеев (Оралдағы оқиғадан кейін орнынан алынған генерал Макашовтың орнына тағайындалған) келді. Полковник Мұқатаев қонақты жаңа тағайындалған облыстың әскери комиссары және Орал әскери гарнизонының басшысы ретінде қарсы алды. Қолбасшымен бірге адъютанты және үш генерал болды. Осы оқиғаның куәсі болған Болат Шәкімовтің айтуынша, облыстық кеңес төрағасының резиденциясы жанында будкалы әскери машина антенналар қойып қолбасшының сол уақытта Грекияда жүрген қорғаныс министрінің орынбасары Павел Грачевпен байланысын қамтамасыз еткен екен.

Отырыс үстінде өзімен ере келген адамдардың алдында Сергеев полковник Мұқатаевқа Самара облысы әскери комиссары лауазымын, Самара орталығынан төрт бөлмелі пәтер және екі ай ішінде Ресей армиясының генералы шені берілетінін айтып, ұсыныс жасады. Президент Борис Ельцин өзінің досы екенін айтқан қолбасшы, қолынан Ельцин сыйға тартқан сағатты шешіп, Мұқатаевтың қолына таққан.

Әлбетте, полковник Мұқатаев бұл ұсыныстан бас тартты, туған Қазақстанында қызметін жалғастырды, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құруға үлкен үлес қосты. Отставкаға кетер алдында Орал әскери-техникалық мектебінің директоры болды, Бөкей Ордасының тарихына қатысты бірнеше кітап жазды, әскери сала бойынша ғылыммен айналысты.

Жалғасы бар...

Артур НЫҒМЕТ