Оралдағы Еуразия даңғылына ұлы Абайдың есімін беру ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Орал қалалық ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобының кеңейтілген отырысы болып, онда аталған мәселе бірауыздан қолдау тапты.
Жиынды жүргізген қала әкімі Абат Шыныбековтің атап өткеніндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл Абайдың 175 жылдығы кеңінен тойлануда.
Кеше Абайдың мерейтойына арналған шаралар Орал төрінде салтанатпен ашылса, бүгін Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалынан Еуразия даңғылына Абайдың есімін беру туралы ұсыныс түсті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен, халықтың қолдауымен Абайдың 175 жылдығы елімізде жоғары деңгейде аталып өтілуде. Барлық ұлттың ұлылары сияқты, Абайдың да есімін жаңғырта беруге тиіспіз. Абай қай ғасырда да жасай береді, ол мәңгілік. Кеңес дәуірінде Абайдың әкесі Құнанбай бай болғандықтан, төрге оза алмады. Ақын деп айтылғанмен, ұлттың ұлы перзенті ретінде танылған жоқ. Енді еліміз тәуелсіз болғаннан кейін Оралдағы күретамыр көшенің бірі – Еуразия даңғылын Абайдың есімімен атасақ, жарасады деп сенеміз», деді белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының басшысы Ақұштап Бақтыгереева.
А.Бақтыгерееваны филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, Орал қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Нұрбаев, «Яик-Урал казактары одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Вячеслав Солодилов, шаһардағы №17 орта мектептің директоры Тамара Рудич және басқалар қолдады.
Ұсынысты жиынға қатысқан аталған жұмыс тобы мен қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары да мақұлдады.