Бүгін таңертең №7 және №5 бағыттарда жүретін қос автобустың соқтығысуы салдарынан жарақат алғандар саны 58-ге жетті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
БҚО денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген 17 адамның біреуі жатқызылған. Қалалық көпбейінді ауруханаға 41 адам түссе, соның бесеуі жатқызылған.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, №7 автобустың 1993 жылғы жүргізушісі алдындағы көліктерді басып озамын дегенде, соғылып қалған. Ол жерде жылдамдықты арттыруға болмайтыны жөнінде белгі де тұр.
Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бүгін шамамен сағат 08.40-та Шаған өзенінен өтетін көпірге таман, Зачаган кенті жақтан келе жатқан №7 және №5 бағыттарда жүретін қос автобус соқтығысқан болатын.