Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Өңірде «Қоныс аудару» жәрмеңкесі жалғасып жатыр. Солтүстік өңірден келген сала мамандары бүгін Түлкібас, Ордабасы, Сайрам, Бәйдібек аудандарының тұрғындарымен кездесті.
Түлкібас аудандық Мәдениет үйінде еңбек күшін қажет ететін Солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан Оңтүстік аймақтарынан азаматтарды ерікті түрде көшіру жұмыстары бойынша тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды.
Делегация қатарында Павлодар облысынан келген «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Меруерт Есембаева, Успен аудандық «Мансап» орталығы филиалының директоры Серік Макатаев, Ақтоғай ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысы Қолқанат Неғметулла, Ефремов ауылдық округінің әкімі Сапаржан Гапу және Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют аудандық «Мансап» орталығы филиалының директоры Еркін Самарханұлы, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысының орынбасары Баян Шегебаев бар.
«Қоныс аудару» жәрмеңкесінде Павлодар облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Меруерт Есембаева Солтүстікке қажетті жұмыс күш қатарын толықтыру жұмыстарын насихаттаса, Солтүстік Қазақстан облыстық Мамлют аудандық «Мансап» орталығы филиалының директоры Еркін Самарханұлы қоныс аударушылар жайында бейнероликтерді көрсетті. Сондай-ақ, өзге де сала мамандары түлкібастықтарды солтүстік өңірлерге қоныстанып, жұмысқа орналасуға шақырды.
Іс шараға 250 адам қатысты. Оның ішінде қоныс аударуға кеңес алғандар саны 30 болса, көшуге 8 отбасы ниет білдірді. Жалпы, мемлекет Солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа орналастыруы және жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі.
Кездесу соңында тұрғындар қоныс аудару бойынша кеңес алып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды. «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өңірдегі Ордабасы, Сайрам, Бәйдібек аудандарында да өтті. Онда да Солтүстік өңірдегі ауыл аймақтың тіршілігі жөнінде кең көлемді мәлімет берген сала мамандары, көпшілікті жұмыс күші аз аймаққа қоныс аударуға шақырды.
Айта кетейік, 2015 жылдан бергі көрсеткіштерге сәйкес, жұмыс күші аз Солтүстік өңірлерге Оңтүстік аймақтардан жалпы саны 14 874 адам қоныс аударған.
Еске салсақ, бұдан бұрын насихат тобы Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарының тұрғындарымен де кездескен болатын.