04 қаз, 2017 сағат 16:34

Оңтүстіктен Солтүстікке тағы 21 отбасы қоныс аударды

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан 21 отбасы солтүстікке көшті. Қоныс аударғандардың дені бір-біріне жақын ағайындар, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл жолы көшкендердің барлығы Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылының тұрғындары. Олар бұған дейін Солтүстіктің бірқатар аудандарын аралап, жерімен тұрғылықты халқымен танысып қайтқан болатын. Тіпті шаруашылық жүргізуге жер таңдап, істейтін кәсібін де нақытылап келді. Барған соң көшкен жанұялар бірігіп, дербес кооператив құрамыз дейді. Бұл мақсатқа 22 мың гектар егістік жер бөлініп қойыпты. Тұрғындардың өзге жерге көшуіне мемлекеттік қолдау себеп болды. Оның үстіне биыл көктемде солтүстіктегі бірнеше облыстың өкілдері осында еңбек жәрмеңкесі өткізді. 636 кәсіпорын түстік өңірдің азаматтарына 1 мың 785 бос жұмыс орнын ұсынды. Арнайы сапар ұйымдастырып, еңбек нарығындағы жағдайымен танысып келуіне жағдай жасады.

«Басқарма тарапынан аудан, қалаларды аралап, жұмыспен қамтуды орталықтары, бөлімдерде жиналыстар жүргізілді. Насихаттау жұмыстарының арқасында қазір 200-300-ге жақын отбасы көшуге қызығушылық білдіріп отыр», - дейді Облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев.

Айта кетейік, бұған дейін солтүстік облыстарға оңтүстіктен 113 отбасы қоныс аударды. Олар бүгінде медицина, ауыл шаруашылығы, білім және құрылыс салаларында еңбек етіп жүр. Енді бірі кәсіпкерлікпен айналысып, өз ісін дөңгелетуде.