Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Көше атауларының маңыздылығы» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, ғалымдар, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен ономастикаға жауапты мамандар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстел» мәжілісін облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Бастар Есқараев ашып, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ономастика мәселесі де кеңінен қозғалғанын айтты.
– Тәуелсіздік жылдары сындарлы мемлекеттік саясаттың арқасында төл тарихымызды түлету, жұрт жадында ұмытыла бастаған тарихи атауларды қайта жаңғырту қолға алынды. Бұдан бұрын келісілгендей, бүкіл ел аумағында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар өзгертілуі тиіс. Осы орайда әкімдіктер елді мекендерге, олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге атау беру, оларды қайта атау кезінде халық арасында дәйекті түсіндіру жұмысын жүргізуі қажет, деді басқарма басшысы.
Бүгінде облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысына аудандар мен қалалардан түскен 27 ұсыныстың құжаттары ресімделуде. Бұдан бөлек, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларындағы 400-ге жуық көшеге атау беру бойынша республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныстар дайындалуда.
Басқосуда облыстық статистика департаментінің басқарма басшысы Райхан Есбергенова, Сарыағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жауапты қызметкері Ербол Назаров пен Кентау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Салтанат Абдуханова атаулардың халық пікірімен сабақтастығы, көше атауларының маңыздылығы, тарихи атауларды ретке келтіру, рухани жаңғыру тақырыптарында сөз сөйлеп, өз ойларымен бөлісті.
Жиын барасында өңірдегі әкімшілік-аумақтық бірліктер және олардың құрамдас бөліктерінің атауларына талдау жүргізіліп, атауы жоқ немесе атауы қайталанатын әрі идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи жер-су және ұлттық танымға жақсын атаулармен өзгерту жайы жан-жақты сөз болды.
Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы 15 аудан, қалада 185 ауылдық округ, 932 елді мекен және 11506 көше бар.