Оңтүстік Қазақстан облысында «Менің Қазақстаным» ән байқауы өз мәресіне жетті. Созақ ауданында өткен өнер додасына 100-ге жуық үміткер қатысып, ақтық кезеңге 26 үміткер жолдама алған болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығына арнап ұйымдастырылған өнер сайысы биыл Теріскей жерінде өтті. Сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын, оның ішінде туған жерге арналған патриоттық әндерін насихаттау мен жас талант иелерін анықтау мақсатын тұтқан байқауға аудан, қалалар мен оқу орындарынан 15-29 жас аралығындағы өнер иелері қатысты. Әншілердің орындау шеберліктерін сарапқа салған қазылар алқасы бас жүлдені шым шаһардың «Сарын» тобына берсе, бірінші орынға Созақ ауданынан Ақерке Жұмашева лайық деп танылды. Екінші дәрежедегі жүлдемен шардаралық Қаламқас Қожаназарова марапатталса, шымкенттік әнші Әлжан Нұрлыбек үшінші орынды иемденді.
Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының əкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы жүлдесімен шымкенттік - «Арбат» тобы, Созақ ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Роберт Жеткербаев марапатталды. Сонымен қатар, «Ақмаңдайлым» жүлдесі Мақтарал ауданынан Малика Қалдыбайға, «Ақсұңқарым» жүлдесі Шымкент қаласынан қатысқан Санат Әлімхановқа, «Бәрінен де сен сұлу» жүлдесі Созақ ауданының «Шабыт» квинтетіне, "Ең жас орындаушы» жүлдесі Бəйдібек ауданынан келген Асан Сыдықовқа берілді.
Созақ аудандық «Достар» орталық стадионында өткен жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін, гала-концерт өтті. Онда елімізге танымал эстрада əншілері мен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен облыстық опера және балет театрының өнерпаздары, Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері және балет тобы қатысып, өнер думанын асқақтатты.