09 қар, 2017 сағат 16:30

Оңтүстікте аламан айтыс өтті

Оңтүстік Қазақстан облысында өңірдің құрылғанына және «айтыстың ақберені» атанған ақын Тәушен Әбуованың туғанына 85 жыл толуына орай аймақтық ақындар айтысы өтті. Сөз майталмандары еліміздің бірқатар өңірінен қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аламан айтыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.  Сөз дүлділдерінің додасы басталмас бұрын жиналған қауым Тәушен ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрмені тамашалады.

Суырып салма айтыскерлердің сөз додасына отырарлық Дәурен Ақсақалов, Дәурен Полатбаев, бәйдібектік Қажымұқан Абзалов, Біржан Байтуов, сайрамдық Жандос Мырзабек, сарыағаштық Нұрғали Әнапиялармен қатар, қарағандылық Дидар Қамиев, Ботагөз Мұхиддинқызы, қызылордалық Мөлдір Айтбай, Жадыра Қазиева, батыс қазақстандық Бауыржан Ширмединұлы, жамбылдық Нұрлыбек Құрмановтар қатысып, айтыссүйер жұртшылыққа сөз зергерлігін танытты. 

Аламан айтысты Отырар ауданының əкімі Ерлан Айтаханов пен облыстық ақын -  импровизаторлар қауымдастығының төрағасы Қабылбек Төретай құттықтау сөзбен ашты. Қара домбыра күмбірі, ақындықтың шабытты сыры тұнған айтыста Тəушен Əбуованың мəңгілік ізі мен үлгі-өнегесі, қасиетті Отырар ауданының тарихи орны мен бүгінгі жетістігі арқау болды.

Өлең құдіретінің құпиясы мен құт ұясын қанында, қаламында ойнатқан, шалқар шабыт иесінің есімін арқалаған аймақтық ақындар айтысында бас жүлдеге қарағандылық Дидар Қамиев лайық деп танылды. Ал бірінші орынды батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы иеленді. Отырар ауданы әкімінің арнайы жүлдесін Қажымұхан Абзалов, екінші орынды сарыағаштық Нұрғали Әнәпия жеңіп алды. Үшінші орынды отырарлық Дәурен Полатбаев иеленсе, «Нұр Отан» партиясы ОҚО бойынша филиалының арнайы жүлдесі қызылордалық Мөлдір Айтбайға бұйырды. Облыстық мәдениет басқармасының сыйлығы қарағандылық Ботакөз Мұхиддинге, Отырар мемлекеттік археологиялық-қорық музейінің алғыс хаты мен арнайы сертификаты жамбылдық Нұрлыбек Құрмановқа берілді.