15 қыр, 2017 сағат 19:17

Оңтүстік жұртшылығы латын қарпіне өтуді қолдайды

Мәжілісте өткен латын графикасының бірыңғай стандартын енгізу туралы парламенттік тыңдауы Оңтүстік Қазақстан облысында қызу талқылауда, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің конференц-залында Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі өтті. Жиынды Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов жүргізіп отырды.  


Кеңестің ашылуында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы негізгі басымдылық латын графикасын көшу екеніне тоқталды. «Ортақ істің үлкен жауапкершілігін сезіне отырып, біз сіздерді өз ойларыңызды ортаға салып латын қарпіне көшу жолдарын талқылауға шақырдым», - деді М.Қалмұратов.

Кеңесте педагогика ғылымдарының докторы, профессор,  МҒА академигі Асма Қалыбекова, облыстық корей этномәдени орталығының төрайымы Роза Пак және өзге азаматтар өз ойларын ортаға салды.  


Кеңестің қатысушылары бірауыздан латын қарпіне өту бастамасын қолдайтындықтарын білдірді. Сондай-ақ кеңестің қатысушылары латын қарпіне өту жолында тиімді ұсымдарды дайындауға белсене атсалысатындығын мәлімдеді.  


Айта кетерлігі, кеңеске облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, облыстық ардагерлер кеңесі, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, саяси партиялар мен кәсіподақтар және депутаттар қатысты.