Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарының қарым-қатынасы алдағы уақытта дами түседі. Бұл туралы үнгейге келген батыстық делегацияның жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Батыс Қазақстан облысының әкімі бастап келген делегацияны өңір басшысы Жансейіт Түймебаев өзі бас болып қарсы алды. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімдіктері мен бизнес өкілдері арасында бірнеше келісім жасалды.
Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегацияны Оңтүстіктің мүмкіндіктерімен облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі таныстырды. Кездесудің басты мақсаты – өңіраралық қарым-қатынасты дамыту, әсіресе, кооперацияның дамуын жолға қою.
Өз кезегінде БҚО әкімі Алтай Көлгінов Жансейіт Қансейітұлына көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, түрлі салада өңірааралық әріптестікті жолға қою мақсатын білдірді. Нақты айтқанда, тауар айналымы көлемін арттыру, екі өңір арасындағы экономикалық ахуалды жақсартуға баса назар аударылмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша ОҚО және БҚО әкімдіктері мен бизнес-қауымдастық өкілдері арасында екі жақты әріптестікті нығайтуы аясында 2 меморандум мен 1 келісім шарт жасалды. Енді инвестиция және өндіріс саласы, шағын және орта бизнес, сауда, туризм, ауыл-шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларында әріптестік орнатылмақ. Бұған қоса Кентау трансорматор зауыты мен Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг кәсіпорн, “Шымкентцемент” және “БафкерХюгес” компаниялары арасында да меморандум түзілді.
Жиыннан кейін қонақтар қаладағы кәсіпорындармен танысты. Мысалы, отандық тауарлардың қатарын толтырған “Карлскрона” серіктестігінің өнімдері батысқазақстандықтарды қызықтырып отыр. Бұдан бөлек делегация Шымшаһардағы цемент және тоқыма өндіріс орындарымен танысты.
Фото: Самат Мырзалиев