04 мау, 2025 сағат 11:49

Оңтүстік Кореядағы президент сайлауында Ли Чжэ Мён жеңіске жетті

Фото: Getty Images

Оңтүстік Кореяның жаңа президенті болып оппозициялық Демократиялық партияның кандидаты Ли Чжэ Мён сайланды. Ол 49%-дан астам дауыс жинады, деп хабарлайды Ult.kz.

Негізгі қарсыласы, билеуші «Халық күші» партиясының кандидаты Ким Мун Су, 41% дауыс жинап, жеңілгенін мойындап, жеңімпазды құттықтады.

Екі негізгі үміткерден басқа, бюллетеньдерде тағы үш кандидаттың есімдері болғанымен, олардың жеңіске жету мүмкіндігі болмады.

Оңтүстік Кореяда сайлау мерзімінен бұрын өтті. Бұған былтыр желтоқсанда бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің елде әскери жағдай енгізу әрекеті себеп болды. Бұл әрекет сәтсіз аяқталып, оның импичментіне және елде үлкен саяси дағдарысқа әкелді.

Сайланған президент Ли Чжэ Мён өз жақтастарының алдында жеңіс сөзін сөйлеп, «көтерілісті басуға» және «әскери төңкеріске жол бермеуге» уәде берді. Бұл мәлімдемесі Юнның әскери жағдай енгізу әрекетін меңзегені еді.