01 қаз, 2017 сағат 21:23

Оңтүстік Қазақстанның шалғай ауыл тұрғындары Елбасы мақаласын талқылады

Оңтүстік Қазақстан облыстық «Нұр Отан» партиясының Мақтарал аудандық филиалында кезектен тыс 29-шы конференция өтті. Көпшіліктің басын қосқан жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басымдықты бағыттарды ауданда іске асыру барысы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияда аудан әкімі және филиал төрағасы Ғалым Исмаилов мақала аясында жүргізілген істер жөнінде баяндама жасады. Төраға жаңғыру идеясы  халық арасында қызу қолдауға ие екенін атап өтті.  Сонымен қатар, партия мүшелерінен құралған топ Жетісай қаласы мен Асықата, Атакент, Мырзакент елдімекендерінде белсенді  үгіт-насихат жүргізді.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы барлық бастауыш партия ұйымдары мен еңбек ұжымдарында талқыланды. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар ары қарай жүргізілетін болады. Еліміз саяси реформалар мен экономикалық жаңғыртуларды жүзеге асырып, дамыған 50 елдің қатарына енді. Енді алдымызда дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Осы аса маңызды міндеттерді орындау үшін Мемлекет басшысы ғылым, білім мен мәдениетті, тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыруды ұсынып отыр»,- деді Ғалым Исмаилов.

Жиында партия мүшелері алдындағы атқарылар жұмыстар анықталды. Күн тәртібіндегі мәселелер оң шешімін тауып, аудандық филиалдың саяси кеңес құрамы үш мүшемен толықты. Ел алдындағы ортақ міндетті айқындаған нұротандықтар, бас партияның кезектен тыс 32-ші облыстық конференциясына 56 делегат сайлады.