Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай Әйтеке бидің ескерткіші ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жиынға қатысушылар Әйтеке бидің қайраткерлігі мен даналығын сөз етіп, ұлт мақтанышына айналған ірі тұлғаның бүгінгі ұрпаққа берер өнегесі мен тағылымын баяндады.
«Әз Тәукені таққа отырғызып, қазақ хандығында бейбіт күн орнатуға ат салысқан Әйтеке би - тарихтағы айтулы тұлға. Қазақ тарихында алтын әріппен таңбаланған заңғар тұлғаның елі үшін еткен еңбегі әлі күнге ел аузында. Әмір Темір өсиеттері мен қолбасшылық өнерін жетік меңгерген ол, 36 жасында Түркістанда әз Тәукенің хан болып сайлануына үлкен ықпал етеді. Ел намысын көздің қарашығындай қорғаған тұлғаны тану арқылы жас буын бойына қайраткерлік, отансүйгіштік қасиеттерді сіңіреді. Күре жолдың бойында еңсе тіктеген даңқты бидің ескерткіші ел бірлігінің символы бола бермек», - деді белгілі ғалым Еркін Қанжігітов.
Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін өткен «Ырыс алды - ынтымақ» форумында аудан әкімі Қайрат Әбдуалиев сөз сөйлеп, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің бұқара халықты ынтымақ пен бірлікке үндеген ерен еңбектерін атап өтті.
Шараға қатысқан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген заңгер, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев «Ұлыларды ұлықтау - ұрпақтың парызы» тақырыбында баяндама жасаса, ғалым Еркін Қанжігітов ұрпақ сабақтастығының маңызына тоқталды. Сондай-ақ форумда сөз сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов пен облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, ақын Ханбибі Есенқарақызы ел бірілігі, ұлт ынтымақтығы туралы келелі ойларын ортаға салды.
Форум соңында Әйтеке бидің рухына арналған арнайы ас берілді.