Оңтүстік Қазақстан облысының сапалы ет экспорттау әлеуеті артып келеді. Жыл басынан бергі он айда өңірде 173,2 мың тонна ет өндірілген. Бұл аграрлы аймақтың етті экспорттаудағы шектеулерін жойып, жаңа нарыққа жол ашып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мәселен, осы жылдың сегіз айында өңірден 330 тоннадан астам ірі қара мал мен қой еті және «Ордабасы құс» ЖШС сомасы 1 млрд. 708 млн. теңге болатын 2 485 тонна күрке тауық етін алыс-жақын шетелдерге экспорттаған. Өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру бойынша Иран Ислам Республикасына жүгері мен қой етін тасымалдау мәселесі бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатса, бүгінде Сауд Арабия, БАӘ мен Ирак мемлекеттеріне қой етін экспорттау бойынша алдын-ала келісімдер бар.
Бұл бағыттағы жұмыстар Елбасының Ұлт жоспары - бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының 61-қадамында көрсетілген ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі болмақ.
Айта кетейік, 2016 жылы облыстан етке 6 700 бас ұсақ мал, 400 бас ірі қара мал мен 200-ге тарта жылқы еті экспортталды. Оның ішінде «Қайып Ата» ЖШС Біріккен Араб Әмірлігінің MYCo Trading FZE компаниясымен бірлесе отырып 2000 бас қойды Фуджейра қаласына жеткізген. Сонымен қатар, жылына 3 мың тонна қой етін экспорттау бойынша Ирандық GO HARD TALAYI PASARGAD компаниясымен келісім-шарт түзілген.
Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығы бағытында өсім байқалады. Мәселен, ірі қара малдың саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,9 пайызға артып 925,6 мың басты, қой мен ешкі 1,2 пайызға артып 4 млн. 092 мың басты, жылқы 19,7 пайызға көбейіп 285 мың басты, түйе 6,8 пайызға, яғни, 25,5 мың басты, ал құс саны 2,3 пайызға көбейіп 2,5 млн басты құраған.