Елбасымыз Қазақстан халқына арналған Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселесіне көңіл аудару қажеттілігін атап өткен болатын. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жалпы құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін өңіріміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан нысандарға ұйымдастырылған пресс-тур барысында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқарамасының басшысы Арман Сәбитов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Тілшілер тобы ең алдымен Шымкент қаласындағы 350 орындық балабақша мен «Қайтпас-1» мөлтек ауданындағы 500 орындық қалалық емхананың құрылыс барысымен танысты. Мұнан соң олар Түлкібас ауданындағы 100 орындық балабақшаға аялдады. Аталған нысандар да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтеруде.
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында облысымызда 13 жоба іске асырылуда. Бұл жөнінде облысымыз республикада алдынғы қатарда тұр. Оның 8-і білім, 3-уі спорт, 2-уі денсаулық сақтау саласында жүзеге асып жатыр. Бүгінде аталған 13 жобаның 8-іне конкурсы жарияланып, 20 жобаның тиісті құжаттары әзірленуде.
«Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвесторлар тарту ісі жанданып келеді. Бұл ретте шетелдік және жергілікті кәсіпкерлердің де қызығушылығы басым болып отырғанын айта кету керек. Осы тетік арқылы біз бюджет қаржысын үндемдеп қана қоймай, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік аламыз», - дейді Арман Сәбитұлы.
Жуырда ғана Шымкент қаласындағы жедел-жәрдем стансасын модернизациялау жобасын іске асыру мақсатында шетелдік инвестормен келісім-шарт түзілген болатын. Жалпы түзілген келісім-шарт саны бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда тұр.
Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы Шымкент қаласында онкологиялық орталық құрылысы, Шымкент қаласындағы 200 орындық оңалту орталығының құрылысы, «Қауіпсіз қала», Шымкент және Түркістан қалалаларының көшелерін жарықтандыру және т.б. жобаларын іске асыру жоспарлануда.
Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі – бұл қоғамдық маңызды жобаларды жүзеге асыруға жеке инвестицияларды тарта отырып, тиімді басқаруға, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік қызметтерді жеке секторға беруге бағытталған мемлекет пен жеке бизнес арасындағы ынтымақтастық болып табылады.