13 қаз, 2025 сағат 15:27

Онлайн-құмар ойындарға тосқауыл: билік блогерлерге ескерту жасады


Фото: pexels


Қаржы мониторинг агенттігі заңсыз онлайн-казино мен құмар ойындарды жарнамалайтын қазақстандық блогерлерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Ult.kz.


Агенттіктің мәліметінше, қазіргі айыппұл мөлшері блогерлерді заңсыз әрекеттерден тыймай отыр. Сондықтан енді мұндай жарнама үшін табыстың 200–400%-ына дейін айыппұл салу, ал ірі табыс немесе ауыр салдар болған жағдайда — қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделіп отыр.


«Жыл басынан бері 37 блогер онлайн-құмар ойындарды жарнамалаған. Олардың кейбірі заң талаптарын жүйелі түрде бұзған. 18 блогерге қатысты материалдар уәкілетті органдарға жіберіліп, 4,4 млн теңге айыппұл салынды. Үш блогер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», — деді ведомство өкілдері.



Қолданыстағы заң бойынша тыйым салынған қызметті жарнамалау әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Қазір айыппұл мөлшері 60 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 235 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін.


Алайда агенттік бұл соманы заңсыз жарнамадан түсетін пайдамен салыстырғанда тым төмен деп есептейді және құқықбұзушылықтың алдын алуға жеткіліксіз екенін атап өтті.


Ұсынылған түзетулер:


Әкімшілік кодекске жаңа бап енгізу – заңсыз жарнама табысынан 200–400%-ға дейін айыппұл салу және табысты тәркілеу;
Егер жарнама 1000 АЕК-тен (шамамен 3,9 млн теңге) жоғары табыс әкелсе немесе азаматтарға, ұйымдарға, мемлекетке зиян келтірсе — қылмыстық жауапкершілік енгізу;
Табысы 5000 АЕК-тен (19,6 млн теңге) асқан жағдайда немесе ауыр салдар (өлім, суицид) болса — қатаң жаза тағайындау.



Сонымен қатар, түзетулерде қылмыстық топ құрамында, қызметтік өкілеттігін пайдаланып немесе қайталанған жағдайда жауапкершілікті ауырлататын белгілер ретінде қарастыру ұсынылған. Агенттік бұл бастаманы Әділет министрлігіне жолдап, Бас прокуратура, Әділет және Ішкі істер министрліктерімен бірлесе талқылап жатыр. Президент Әкімшілігі ұсынысты жалпы қолдады. Құжатты жыл соңына дейін пысықтап аяқтау жоспарланып отыр.