27 шіл, 2020 сағат 15:42

Өңірлердегі тұрақтандыру қорларында 35 мың тонна азық-түлік бар – Сауда министрлігі

Өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тұрақтандыру қорларына 35 мың тонна азық-түлік тауарын жинап қойған. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Егіннің жаңа түсімі, жеміс-жидек пен көкөністің пісуіне байланысты сүт пен ет өнімдеріне сұраныстың азаюы, азық-түлік тауарларын сыртқа шығаруға тыйым салу – баға өсімінің қарқынын төмендетуге жол ашты. Бекітілген құнмен қатар, азық-түлік бағасын ұстап тұрудың тағы бір амалы – «айналымды схема» мен «тұрақтандыру қорларын құру», ойластырылған логистика мен тасымал желісін цифрландыру болып отыр. Сауда желілеріне «Айналымды схема» бойынша жеңілдетілген қарыз берілді. Осы қарыз бойынша оларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру міндеттемесі жүктелді. Жалпы сауда желілеріне жергілікті бюджеттен 17,42 млрд теңге бөлінді», - деді Азамат Асқарұлы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тұрақтандыру қорларына 35 мың тонна азық-түлік тауарын жинап қойған. Одан бөлек тұрақтандыру қорларына 7 мың тонна азық-түлік тауарын жеткізу бойынша келісім жасалған.