29 сәу, 2022 сағат 18:27

Өңірлерде спорт құрамаларының дайындығы бей-берекет жүріп жатыр - министрлік


Ел аймақтарында спорттық құрамалардың дайындығы мәз емес. Сонымен қоса спортшыларды жас ерекшелігіне қарай жаттықтыратын бапкерлер жоқтың қасы. Аталған мәселені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге белгілі, биыл ақпанда ұлттық олимпиада комитетінен мемлекеттік тапсырыс кері қайтарып алынды. Осылайша 1 сәуірден бастап бұл функцияны біздің ведомствоға бағынысты спортты дамыту дирекциясы іске асырады. Дирекция ұлттық құрама командаларының алдағы кешенді және халықаралық жарыстарға дайындығымен айналысады. Қазіргі таңда өңірлерде облыстық құрамалардың дайындығы бей-берекет жүргізіліп жатыр. Спорт түрлері бойынша жас ерекшеліктеріне қарай жауапты жаттықтырушылар жоқ», - деді Самат Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, министрлік жоғарыда аталған олқылықтарды жоюды қолға алады. 

«Өңірлерде осы жұмыстың бәрін орталықтандырып, жауапты мекемені белгілеу мақсатында министрлік жоғары спорттық шеберлік мектебін спортты дамыту дирекциясы етіп қайта құруды ұсынып отыр. Ондағы мақсат - облыстық құрама командаларды дұрыс жасақтау, спортшылардың оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға жүйелі түрде қатысуы, бүкіл жас ерекшеліктері бойынша аға жаттықтырушылардың жауапкершілігі заңдастырылады», - дейді ол. 

Сондай-ақ, комитет басшысы өңірлердегі дене шынықтыру және спорт басқармаларының жұмысы жеңілдей түсетінін айтты. Яғни, спорт саясатын жүргізуде сала мекемелерінің қызметі сапалы түрде үйлестіріледі. 

Спикердің сөзінше, аталған шара спорт саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік бермек.