Алматыда Қазақстан Республикасының V қысқы Спартакиадасының ашылу салтанатына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз мәслихатына Алматы қаласы спорт басқармасыны басшысы Рүстем Байсеитов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов және конькимен жүгірушілер, Жасөспірімдер олимпиадасының күміс жүлдегері, ҚР чемпионаттары, Кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2021 жылғы Әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері Анвар Мухамадеев, «Азия балалары» жарыстарының жеңімпазы, ҚР чемпионаттары Кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы Валерий Клименко мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алматы қаласы спорт басқармасыны басшысы Рүстем Байсеитов Алматы қаласы үшін Қазақстан Республикасының қысқы спартакиадасын өткізу үлкен мәртебе екенін айтты.
«Біздің қаламызға қысқы спорт түрлерінен еліміздің ең мықты спортшылары жиналды. Жарысқа 16 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың атынан 1300-ге жуық адамнан құралған құрама командалар қатысуда. Спартакиада бағдарламасына спорттың 14 түрі енді. Олар: биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей (ерлер), шайбалы хоккей (әйелдер), тау шаңғысы спорты, аралас шаңғы, шаңғымен секіру, сноуборд, фристайл-могул, фристайл акробатика. Қаланың барлық спорттық объектілері жарыстарды өтткізуге жарамды. Спартакиаданың ашылу салтанаты бүгін «Алматы Арена» спорт сарайында өтсе, жабылу салтанаты 27 желтоқсан күні «Халық Арена» спорт сарайында өтеді», - деді Рүстем Байсеитов.
Сондай-ақ, Алматы қаласы спорт басқармасы басшысының айтуынша, қысқы Спараткиада қаланың негізгі спорт объектілерінде өтеді.
«Жарыстар «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында, «Медеу» мұз айдынында, «Алматы Арена», «Халық Арена» спорт сарайларында, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамлиндер кешені, «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында өтеді. Алматының құрама командасында 200-ден астам спортшы бар. Алматылықтар қысқы спорттың барлық түрлерінен қатысады. Олар барлық дайындықтардан өтті. Әрине, біз енді спортшыларымыздан жоғары нәтижелерді күтеміз», - деді Рүстем Байсеитов.
ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовың айтуынша, еліміздің өңірлерінде қысқы спортты дамытуға дұрыс көңіл бөлінбей отыр.
«Қазіргі таңда елімізде қысқы спорт түрлерін дамытуға барлық жайдғай жасалғанмен, әрбір өңірде қысқы спорт түрлеріне арналған жабық спорттық кешендер аз. Олар бізде екі қалада ғана бар. Олар: Нұр-Сұлтан мен Алматыда. Мысалы, коньки спортына байланысты ешқандай өңірде бірде-бір жабық спорттық кешені жоқ. Біз Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарынан шыққан коньки спортының жақсы спортышаларын білеміз, бірақ, олардың өз жерлерінде жабық спорттық кешендері жоқ. Сондықтан бұл мәселені қолға алып, облыстарда қысқы спорт түрлерінен жабық спорттық кешендерді көбейту керек деп ойлаймын. Жалпы, Алматыда бүгін өтіп жатқан Спартакиада өңірлерде қысқы спорттың қаншалықты дамып келе жатқанын көрсететін болады», - деді Елсияр Қанағатов.
Жасөспірімдер олимпиадасының күміс жүлдегері, ҚР чемпионаттары, Кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2021 жылғы Әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері Анвар Мухамадеев елімізде қысқы спорт түрлері дамыса деген тілегін жеткізді.
«Әрине, елімізде спорт жақсы дамып келеді. Бірақ, бұдан да жақсы дамыса екен дегім келеді. Себебі, Қазақстанда жазғы спорт түрлері жақсы дамыған, ал қысқы спорт түрлері дәл солай дамып келе жатыр деп айта алмаймын. Дегенмен, бізге қолдау көрсетіледі, жақсы нәтижелеріміз де бар. Менің алғашқы сайысым 22 желтоқсан күні басталады. Мен «Медеу» мұз айдынында конькимен 500 және 5000 метрге жүгіремін. Біз жарысқа жақсы дайындықпен келдік. Ауа райы жақсы болып, жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын», - деді спортшы.
Ал «Азия балалары» жарыстарының жеңімпазы, ҚР чемпионаттары Кубоктарының бірнеше дүркін жеңімпазы Валерий Клименко спорттағы жетістіктеріне көп жаттығулар арқылы жеткенін айтты.
«Бұл Спартакиадаға жақсы дайындықпен келдік. Біздің оқу-жаттығу жиындарының өтуіне қолдау жасалды. Бұл менің алғашқы Спартакиадам. Маған мұнда бәрі қызық, бәрі жаңа. Мен 23-25 желтоқсан күндері «Балуан Шолақ» спорт сарайында қысқа қашықтықта конькимен жүгіремін», - деді Валерий.
Естеріңізге салсақ, 8-27 желтоқсан аралығында Алматыда Қазақстан Республикасының V қысқы Спартакиадасы өтуде. Жарысты ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласының спорт басқармасы.