28 қар, 2023 сағат 18:46

Өңірлерде қысқа қажетті мал азығының 99%-ы дайындалды

Фото: primeminister.kz

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жем-шөп дайындау науқанының қорытындысы айтылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Өңірлерде барлығы 24,7 млн тонна жем-шөп дайындалған. Бұл малды қыстан шығаруға қажетті мал азығы көлемінің 98,9%-ын құрайды. Жем-шөп қорының құрамына 1,5 млн тонна шөп, 1,9 млн тонна сүрлем, 4,5 млн тонна сабан, 4,9 млн тонна құнарлы жем кіреді. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мұндай нәтижелерге жедел штабтың уақтылы әрекет етуінің және мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қол жеткізілген.

«”Азық-түлік корпорациясы” АҚ желісі бойынша фермерлерге арзандатылған бағамен астық сатуға арналған 235 мың тонна көлемінде жем-шөп қоры қалыптастырылды. Жемшөп дайындау үшін қосымша 58 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. "ҚазАгроҚаржы" АҚ жем-шөп дайындау техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыру үшін 10 жылға 6%-бен 20 млрд теңге бөлді. Бұл бағдарлама бойынша 6,9 млрд теңге игерілді, бұл 35%-ды құрайды», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангалий Бердалин.


«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер несиелерінің мерзімін ұзарту және қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазірдің өзінде 23,5 млрд теңгеге 574 өтінім мақұлданды, 16 млрд теңгенің 224 өтінімі қаралып жатыр. Сонымен қатар Маңғыстау облысының малшылары үшін теміржол көлігімен мал азығын тасымалдау тарифтері 80%-ға төмендетілді.

«13 өңірде мал азығын субсидиялау үшін тауар өндірушілерге барлығы 27,6 млрд теңге бағытталды, оның ішінде жедел штабтың ұсынысы бойынша 12,9 млрд теңге қосымша бөлінді», — деп атап өтті Бердалин.

Осылайша, қабылданған шаралар қысқа қажетті мал азығы қорларын қалыптастыруға мүмкіндік берді. СҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстарында пішен мен құнарлы жемнің жетіспеушілігі байқалады. Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин барлық өңірлерде қажетті мал азығы көлемін дайындауды қамтамасыз етуді және оларды мал қыстайтын орындарға жеткізуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.