Елбасы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың жұмысына жоғары баға берді
Жыл басында бәрі бейқам. Ал жыл соңында қаражатты оңды-солды шашу басталады. Той шаттығына шашылған тәттілер болса, қанеки. Миллиондаған мемлекет қаржысы – сіз бен біздің салығымыздан, инвестицияның игілігінен құйылған түсім жыл соңында игерілді деген қорытындының құрбаны болады. Әсіресе, қараша мен желтоқсан айларында министрліктер қаржы игеру үшін жанталасқа түседі. Мұндай жауапсыздықты кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде айтып, ҚР Қаржы министрлігіне мемлекет қаржысын бақылауды күшейтуді тапсырды.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ашып берген отырыста Елбасы министрлер тарапына бірқатар сын-ескертпелер айтты.
Жиында Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Даниал Ахметов, Батыс Қазақстан облысының әкiмi Алтай Көлгiнов, Қызылорда облысының әкiмi Қырымбек Көшербаев баяндама жасады. Алматы облысының басшысы Амандық Баталов та баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан оңды істерді атап өтті.
Өңiрде өткен жылы дамудың жоғары қарқыны сақталды. Атап айтсақ, мақсатты индикаторларға толығымен қол жетті. Жалпы өңiрлiк өнiмнің 2 пайыздық өсiмi қамтамасыз етілді. Өз баяндамасында облыс әкімі: «529 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жергiлiктi бюджет түсiмi 3,4 пайызға өстi. 25 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, оның 5 мыңнан астамы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылды. Осы бағдарлама бойынша 69 жобаны жүзеге асыруға бөлiнген 38,4 млрд. теңге толық игерiлдi», – деп атап өтті.
Баяндамадан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың жұмысын жоғары бағалап, өзге әрiптестерiне үлгi еттi. «Жұмысың жақсы, оң баға беремiн. Көп әрiптестерiң үйренетiн жұмыс iстеп жатырсың. Табысты бол», – дедi Елбасы.
Кеңейтiлген отырыс әдеттегiдей Ақордада емес, Үкiмет үйінде өтті. Жиында елдiң 2016 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындылары қаралып, 2017 жылдағы мақсат-мiндеттер айқындалды.
Қуаныш ТҰНҒАТАР