14 шіл, 2017 сағат 15:01

Өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа белесі

Бүгін Алматы және Жамбыл облыстары сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және өзге де салалар бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл келісімге Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың шақыруымен келген Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев бастаған облыс делегациясының Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілді. Жұмыс сапарының басты мақсатының бірі – Жетісу өңірінде қант қызылшасын жандандырудағы облыстың сәтті жүзеге асырып жатқан тың технологияларымен танысу болып табылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бірінші кезекте Жамбыл облысынан келген делегация Көксу ауданындағы «Алим-Таяр» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабына ат басын бұрды.

Бұл шаруа қожалығы қант қызылшасы, пияз, майбұршақ және бақшалық көкөністерді өсірумен айналысады. Өткен жылы 53 га алқапқа қант қызылшасын егіп, одан гектарынан орташа есеппен 350 центнерден өнім алған болса, ағымдағы жылы қызылша алқабының көлемін 60 гектарға дейін арттырып отыр. Ағымдағы жылы егілген тәтті түбірдің әр гектарынан орташа есеппен 600 центнерден, жалпы салмағы 3600 тонна қант қызылшасын жинауды көздеуде.

Шаруа қожалығының басшысы Таяр Зейналовтың айтуынша қант қызылшасын өсіру - бүгінгі күні қайта тиімді іске айналды. Бұл үлкен еңбекті талап етеді, алайда дәл қазіргідей мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың арқасында оның өтеуі көңілден шығады. Ең бастысы қалаған уақытта өткізетін өніміңді қабылдайтын қант зауыттары бар.

Шаруашылық қожайының сөзінен кейін делегация мүшелері Көксу қант зауытымен танысуға аттанды. Қазір мұнда зауытты жаңғыртудың екінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Іске асырылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғаған кәсіпорын басшысы Алтынбек Абатов:

-Ағымдағы жылы құны 1 млрд. теңгеге Көксу қант зауытын модернизациялаудың екінші кезеңін жүргізіп жатырмыз. Зауытқа бүгінде қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді. Сондай-ақ әктеу-күйдіру пешін, жылу электрцентралын толықтай автоматтандыруды, жылдам жылытқыш  құрылғыларын орнатуды және «Grimme» фирмасының үймелеуші техникасын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында ағымдағы жылы 220 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, одан 25 мың тонна дайын қант алуды көздеудеміз.

Облыс әкімі Амандық Баталов өткен жылы зауыттың 220 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, одан 22 мың тонна таза қант өндіргендігін және биылдан бастап облыста Ақсу қант зауытын қалпына келтіру жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

- Елбасының Жетісу өлкесіне қант қызылшасының өсіруші өңір атағын қайта жаңғырту туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында облыста кешенді жұмыстар атқарылды. Қазіргі күні тұқым мен тыңайтқыштарды сатып алудан бастап, шыққан өнімді өңдеуге жіберуге дейінгі барлық мәселелер жан-жақты талданып, бір жүйеге келтірілді. Қазір біз келешекке жұмыс істеудеміз. Яғни Ақсу қант зауытын іске қосқалы жатырмыз. Келешекте Алфкөл ауданында облысымыз бойынша үшінші қант зауытын іске қосу жоспарымыз да бар. Бұның барлығы шаруаларға жайлы жағдай туындататындығы белгілі, оның үстіне жыл сайын тәтті түбір өндірушілердің саны артып келеді. Егер бас кезінде бұл бағытта 120 шаруа қожалығы айналысқан болса, қазіргі күні олардың саны 250 жетті, - деді А.Баталов.

Сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және өнеркәсіптік нысандар да делегацияның назарынан тыс қалмады. Атап айтар болсақ, қаладағы Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы, «Жастар» паркі, Қаратал өзенінің жағалауы, қаладағы орталық бассейнімен танысты. Қаланың Оңтүстік-батысында орын тепкен «Талдықорған» индустралды аймағы да қонақтардың ерекше ықыласына бөленді. Жақын болашақта бұл аймақ қаланың ірі өнеркәсіптік алаңы болмақ.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев атап өткендей, қаладағы әрбір нысан өз алдына ерекшелігімен және қайталанбас сәулетімен көзге түседі. Үйренетін және үлгі аларлық жобалар да баршылық.

-Талдықорған заманауи әрі өте әдемі қала! Қалаға кіре берістен бастап әрбір ғимарат, әрбір нысан шынайы пейілмен, жан дүниесін сала отырып орындалған. ұсақ тетіктеріне дейін егжей-тегжей қарастырылған. Бұл әсіресе қаланың көшелерінде орнатылған заманауи электр қуатын үнемдейтін жарықдиодты көше шамдарынан, қаланың көгалдандырылуынан ерекше байқалады. Қаланың көшелеріне сапалы жол төсемдері жайылғандығы бәрі көзге бірден түседі. Пайдалануға беріліп жатқан әрбір нысан тұрғындардың жайлы өмір сүруіне ыңғайластырылып, ұзақ жылдарға сапалы салынғандығы қуантады. Қала тұрғындарының атқарылып жатқан іске көңілдері толады деген сенімдемін. Қаратал өзенінің жағалауын абаттандыру және «Жастар» паркінің жобасы бізді қатты қызықтырды. Үлгі ретінде алмақ ойымыз бар. Осы типтегі жағалауды Тараз қаласындағы Талас өзенінің бойында да салмақ ойдамыз, - деді Жамбыл облысының әкімі.

Осыдан кейін облыстық әкімдіктің мәжіліс залында алдағы уақыттағы қос облыстың ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Алматы облысының экономикалық даму көрсеткіштерін атап өткен Амандық Баталов:

-Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың берген маңызды тапсырмаларының бірі өңіраралық ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Осы мақсатта біз Жамбыл облысымен ынтымақтастығымызды дамытқымыз келеді. Әр өңірдегі жақсы істі үлгі етіп, өз облысыңның аумағында жүзеге асыру арқылы қарқынды дамуға мүмкіндік туады. Жамбыл облысы – өндірістік өңір, ал Алматы облысы – аграрлық өңір. Сол себепті әр облысқа бір-бірімізден аларымыз да, үйренеріміз де мол. Бұл әріптестігіміз алдағы уақытта екі облыстың барлық салалар бойынша дамуына өзінің үлкен септігін тигізетіндігіне сенімдімін, - деп атап өтті Амандық Ғаббасұлы.

Өз тарапынан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев та облыстың экономикалық даму әлеуетімен таныстырып, Жетісу жеріне жасаған жұмыс сапарының нәтижелі болғандығын, бұл кездесудің облыстардың дамуына, соның ішінде қант қызылшасы саласын дамытуда оң ықпалын тигізетіндігіне сенім білдірді.

Кездесу соңында қос тарапқа да тиімді даму жоспарларын екіжақты ынтымақтастық меморандумымен бекітті. Облыстар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және өзге де салалар бойынша өзара ынтымақтастығын әрі қарай дамытатын болады.