11 қыр, 2024 сағат 22:44

"Өнерде өз биігің бола тұра, бағаланбай атақсыз қалдың": Бекжан Тұрыс дүниеден озған әріптесіне жазба арнады


Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері, «Құрмет» орденінің иегері Үсіпхан Сейтімбет дүниеден өтті.

«Ол саналы ғұмырын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына арнап, тума таланты, табиғи дарыны арқасында әр жанрда есте қаларлық сан қырлы образдар галереясын жасады. Халық жадында бойына барлық өнерді қабыстыра білген шебер актер ретінде қалды.
Марқұмның отбасы мен жақындарына, бүкіл театр ұжымына қайғырып, көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы болып, жаны пейіште шалықтасын. Артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін», - деп жазды театр.


Актер Бекжан Тұрыс Facebook парақшасында Үсіпхан Сейтімбет туралы естелігін бөлісіп, әсерлі жазба арнады.

"Өмір атты дүрия-дүрмектен тағы бір әріптесіміз өтті... Ажал келсе, аял бермес, адам ғұмыры шыны шөлмектей ғой,  болымсыздан сызат түсіп, болжаусыздан сынады…

Қайран Үсеке, алпыс екі тамырыңда қазақы қан мен уақыт рухы жарыса ойнаған әділдікке бағыттаған өрісің оң, адалдық пен тазалықтың, кісілік пен кішіпейілдіктің өнегесі едің. Ешкімнің жүрегіне қаяу салмай, өзіңді қоршаған адамдарды аялап, үнемі достық пиғылда жүретін ер-азаматқа тән мінезің қазақ жігіттерінің келбетін кестелеп тұратын еді.

Кеңестік кезеңнің  отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне, тұйық саясатына қарсы жалаңаш денеңді тосып, еліңнің азаттығы үшін қалай күрескеніңді білмегендерге айып жоқ, білетіндер өнердегі жеңістерің мен жетістіктеріңе көз жұма қарады-ау… Қасқайып қаһарман болғаныңмен жалындаған жастық шағыңның екі жылын желтоқсанның ызғарлы желіне “тоңдырдың”… Тәуелсіздіктің жаршысы болған 86-ның қысы бірде - “оқиға”,  кейде  “көтеріліс” аталып әділ бағасын ала алмағаны сияқты сенің де өнерде өз биігің  бола тұра бағаланбай атақсыз қалғаның… 

Өзің еңбек еткен ұжымың ұсынғанымен жоғары жақтың өз таңдауы басқа ма, қайдан білейін, естілерді кейін қалдырып, есіріктерді алға оздырғанда “ұтқанымыз” осы болды. Ең болмаса, “Еңбегі сіңген қайраткер” атағын қимады-ау… Зейнет жасына келгеніңде атағы түскірдің бала-шаға марқайып қалуы үшін де керек екенін жай ғана айтып едің… “Атақтың ең үлкені Желтоқсанның қаһарман батыры”, –  дегенім, анығында өзіңді, осылай жұбатқаным еді.

Қалай тез өте шықты бәрі!?

Көп нәрсе ішіңде жүрді, көп нәрсеңді айта бермейтінсің…Өнердегі орның ойсырап қалатынын қайдан білдік…

Тарыққан көңіліңе кеңшілік көрсете алмасам кешір, Үсеке. Қу тірліктің құлы болып бара жатқанымызды беймезгіл өліміңмен “ескерте” салдың… Мынау сұмдығы көп, шындығы аз заманда сезімтал жүрек сыр берді-ау,  қабырғам сөгілді, жаным езілді.

Осы жолғы Тәшкен сапары соңғы гастролің болды. Адамның жанына үңілгіміз келмейді, өлгеннен кейін осылай күңіренеміз. Жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығарып жататын құбылмалы және аумалы-төкпелі көңіл күйіңді ұққым келсе де,  ұқпаған сияқты болдым ба, білмеймін ғой, жүрекке салмақ салып айықпас мұң сыйлап кеткенің ақиқат. Қош, Үсеке…", - деп жазды актер.

Айта кетейік, Үсіпхан Сейтімбет 1960 жылы Келес ауданы, Игілік ауылында дүниеге келді. 1979 жылы Республикалық Эстрада-өнер студиясын бітіріп, Алматы облыстық филармониясына жұмысқа қабылданды. 1983 жылы Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтына оқуға түсті. Желтоқсан оқиғасы кезінде батырлық пен патриотизм үлгісін көрсетіп, жастар қарсылығын ұйымдастырғаны үшін 1987 жылы екі жылға сотталып, 1989 жылы бостандыққа шықты. Осы жылы институттағы оқуын қайта жалғастырып, тәмамдады. 1990 жылы Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрының актерлік құрамына жұмысқа қабылданды. 1999 жылдан бері М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында актер болып қызмет атқарды.