Егемендігімізді алып, есімізді жинап, еңсемізді көтерген күннен бергі кезеңге қарасақ, ел тарихында елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Төбесі көк тіреген көп қабатты зәулім үйлер, оқу ошақтары, өнер ордалары бірінен соң бірі бой көтеріп, еліміз елді мекендерінің ажары еселене түсті.
Күні кеше елордада ертеңгі ел болашағына еңбек ететін екі бірдей ғимараттың құрылысы аяқталды. Оның бірі – ауданы 14 мың шаршы метр болатын, 1200 оқушыға лайықталған, 48 оқу кабинеті бар №84 мектеп-лицейі болса, екіншісі – отандық би өнерінің дамуына даңғыл жол ашатын Қазақ ұлттық хореография академиясы. Осынау өнер мен білім ордаларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барып, ашылу салтанатына қатысты.
Елбасы жиналғандарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, тәуелсіздік жылдарында білім беру саласын дамыту және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру үшін мемлекет көп күш-жігер жұмсағанын атап өтті.
– Көптеген жастарымыз шет елдерде білім алуда, бұл жылдарда еліміз бойынша 1700-ден астам мектеп, соның ішінде зияткерлік мектептер ашылды. Биыл 60 жаңа оқу орнын ашу жоспарлануда. Осы қадамдар жас ұрпақтың өсіп-өркендеуі мен еліміздің болашағы үшін жасалып жатыр. Бұл мектеп шейх Халифпен келісім негізінде соның қаражаты есебінен салынды. Сол үшін оған алғыс айтамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оқу орнының инфрақұрылымы 30 орындық оқу залы бар кітапхананы, 360 орындық мәжіліс залын, спорт залын, жүгіру жолағын, сондай-ақ футбол, баскетбол, волейболмен айналысуға арналған алаңдарды қамтиды.
Содан соң Елбасы Қазақ ұлттық хореография академиясының ашылу рәсіміне қатысып, қазақстандықтарды елордада жаңа жоғары оқу орнының бой көтеруімен құттықтады.
– Бүгін біз Астанада жаңа өнер ордасын салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл жерде ұлттық балет пен би шеберлерінің жаңа шоғыры оқып, тәрбиеленеді. Мұнда қазақстандық салт-дәстүр дамып, әлемдік деңгейдегі би өнерін дамытуға жаңаша қадамдар жасалатын болады. Ұлттық хореография академиясы – біздің елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріндегі осы үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны. Онда қазақстандықтармен бірге, өзге шет елдердің шығармашыл дарынды жастары оқитын болады. Еліміздегі бұл академия уақыт өте келе бүкіл Еуразиядағы балет пен би шеберлерін дайындайтын жетекші орталықтардың бірі болатынына сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы академиядағы оқу ісі би мен балет өнерінің негіздерінен бастап жоғары оқу орнынан кейінгі магистрлер мен докторанттарды дайындауға дейінгі білім беру үрдісінің барлық деңгейін қамтитынын атап өтті.
– Бұл көп деңгейлі кәсіби хореографиялық білім беретін толық циклды академияның маңыздылығы мен бірегейлігін ескере отырып, оған менің Жарлығыммен «Ұлттық жоғары оқу орны» айрықша мәртебесі берілді. Сіздер осы жаңа өнер ордасында жоғары халықаралық өлшем мен білім берудің отандық қайталанбас стандартын қалыптастыруға тиістісіздер. Сіздер Қазақстанның би мен балет өнерінің жаңа ұлттық брендін орнықтырады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті оқу орнының бюджеттен тыс қаражат көздеріне салынғанын айтып, сәулетшілер мен құрылысшыларға атқарған жұмыстары мен шығармашылық еңбектері үшін алғыс білдірді.
Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаев академия ректоры А.Асылмұратоваға балеринаның шағын мүсінін табыс етті.
– Бұл мүсінді түлектер жыл сайын бірінші сынып оқушыларына табыстайды, ол балет әртістерінің кәсіби деңгейі өсуінің жалғастығы мен академияның дәстүрлер сабақтастығының символы болады, – деді Елбасы.
А.Асылмұратова Қазақстан Президентіне білдірген сенімі мен академияға жағдай жасағаны үшін алғыс айтты.
– Біз үшін мұнда біліктілігі жоғары әртістер, педагогтар, өнертанушылар ғана емес, сондай-ақ еліміздің нағыз патриоттарын, өнерді құрметтейтін мәдениетті азаматтарды тәрбиелеу маңызды. Академия қазіргі мойындалған мектептердің қатарынан өзінің лайықты орнын табады деп үміттенеміз. Біз сол үшін бар күшімізді саламыз, – деді академия ректоры.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев оқытушылар мен студенттерге еңбек пен оқуда жетістікке, жаңа шығармашылық жұмыста табысқа жетуіне тілектестік білдірді.
Қазақстан Президенті академияның Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба және «Уақыт құты-капсуласына» естелік жазба қалдырды. Бұдан бөлек, Елбасы балет залын, жатақхананы, асхана мен бірінші сынып оқушыларына арналған оқу сыныптарын аралап көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсімнің қорытындысы бойынша өткен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында барша қазақстандықтарды келе жатқан Білім күнімен құттықтап, оқушыларға, ата-аналар мен мұғалімдерге табыс пен мықты денсаулық тіледі.
Рауан ҚАЙДАР,