Лондон - 2012 Олимпиадасының чемпионы, Бейжің-2008 және Рио-2016 Олимпиада ойындарының жүлдегері Ольга Рыпакова алдағы жоспарлары туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен бұл мәселе туралы әлі ойланбадым, бірақ бір нәрсені айтайын: бұл - менің спортшы ретіндегі соңғы Олимпиадам. Жоспарлар туралы айтуға әлі ерте, аздаған уақыт өтсін, бірақ болашақта да менің өмірім мен жұмысым спортпен тығыз байланысты болады деп ойлаймын», - деді Рыпакова Орталық коммукникациялар қызметінде.
Ол болашақта өзін спортпен байланысты салада көретінін атап өтті.
«Менің мақсатым, менің тілегім – Қазақстандағы спорттың, оның ішінде жеңіл атлетиканың дамуына тағы да үлес қосу. Мен әлі де көмектескім келеді, біздің елімізде жеңіл атлетикадан Олимпиада мен Әлем чемпиондары көп болғанын қалаймын. Өмірдің ағысы қалай болатынын қарап көрейік», - дейді жеңіл атлет.
Спортшы өз қызының да өмірі мен қызметі кәсіби спортпен байланысты болса, жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.