22 қыркүйекте «Отандастар қоры» КЕАҚ Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірлесіп, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің және РФ Омбы облысы Үкіметінің қолдауымен онлайн-форматта Омбыда «Abaı úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуын өткізді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" «Отандастар қорына» сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасы консулдығының өкілдері, сондай-ақ «Отандастар қорының» басшылары, «Омбы қазақтары» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және т. б. қатысты.
Кездесу аясында қазақ мәдени-іскерлік үйінің тұсаукесері өтті, сондай-ақ Ресейдегі қазақтардың мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Жиын барысында «Abaı úıi» қазақ мәдени-іскерлік үйлерінің қазақ мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, шетелдегі отандастармен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайту бойынша мақсаттары мен міндеттері айтылды.
Атап өтер жайт, 2020 жылдың соңына дейін «Отандастар қоры» Қырғызстанда (Бішкек қ.), Өзбекстанда (Ташкент қ.), Германияда (Берлин қ.), Түркияда (Ыстанбұл қ.) «Abaı úıi» атты тағы 4 қазақ мәдени-іскерлік үйін ашуды жоспарлап отыр.