25 мау, 2024 сағат 12:21

Олжас Бектенов жылу объектілерін жөндеу мерзіміне алаңдаушылығын білдірді

Сурет: pm.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов жылу маусымына дайындық жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуіне алаңдатушылық танытты.

«Қазір алдағы жылыту маусымына дайындықтың нағыз қызған шағы. Жаздың бірінші айы да аяқталуға жақын. Алайда жылу объектілеріндегі жөндеу мерзімдерінің сақталмауы алаңдаушылық туғызып отыр. Мысалы, Екібастұз жылу орталығында жөндеу жұмыстарын бастау мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-ші жылу орталығындағы №2-ші қазандықты жөндеу жұмыстары сәуір айынан бері басталмай тұр. Ондағы турбиналарды күрделі жөндеу жұмыстары да аяқсыз қалуы мүмкін», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.


Одан бөлек, Премьер-Министр 13 мамырда басталуға тиіс болған Тараздың 4-ші жылу-электр орталығындағы №1-ші турбинаны жөндеу жұмыстарынан да әлі күнге мардымды хабар жоғын айтты. Сондай-ақ, Жезқазғандағы жылу-электр орталығының №5-ші қазандығын жөндеу маусымда ғана басталғанын сынға алды.

«Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Еліміздің барлық өңірінен келтіруге болады. Биыл мамыр айының басында Үкімет отырысында жөндеу мерзімдерін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтынын тапсырғанмын. Алайда оператор КЕГОК бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз беттерінше өзгертуін доғармай отыр. Биылдың өзінде ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген», - дейді ол.