03 қыр, 2024 сағат 16:31

Олжас Бектенов: Мемлекет басшысының Жолдауы Үкімет пен бүкіл қазақстандық қоғам үшін стратегиялық бағдар саналады

Фото: pm.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Жолдауы Үкімет пен бүкіл қазақстандық қоғам үшін стратегиялық бағдар болып табылатынын атап өтті. 

«Жолдау бізге таяу мерзімге арналған мақсат-міндеттермен қатар нысаналы көрсеткіштері және индикаторлары белгІленген нақты іс-қимыл алгоритмін айқындап берді. Әрбір тармақтың орындалуы қатаң бақылауда болады. Бұл ретте қорытынды нәтижеге, оның экономикаға тиімділігіне баса назар аударылады. Азаматтардың табыс деңгейін арттыру Үкімет жұмысының өзгермейтін басты мақсаты. Кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттік бюджетті ұтымды бөлу айтарлықтай экономикалық өрлеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, «экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


Мемлекет басшысы экономиканың нақты секторын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бұл өнеркәсіп, энергетика, газ саласы, көлік кешені, экология және цифрландыру мәселелері. Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін Премьер-Министр экономиканың нақты секторы бойынша бірқатар нақты міндеттерді белгіледі.

«Мемлекет басшысы терең өңдеу кластерлерін құру жөніндегі әрбір ірі жоба бойынша өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін неғұрлым белсенді ілгерілетуді және сабақтас өндірістерді құра отырып, кластерлік жүйені дамытуды ескере отырып, әрбір жобаны іске асырудың нақты жоспарын жаңартуы қажет. Автомобиль өнеркәсібі бойынша Өнеркәсіп министрлігіне өндірістерді локализациялау деңгейін белсенді арттыруды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


Елімізді газбен қамту мәселесі бойынша газ ресурстарын ұтымды бөлуге басты назар аударылуы тиіс. Осыған байланысты Үкімет басшысы талдау жүргізу және қандай энергия объектілері газға ауыстырылатынын айқындау қажеттігін атап өтті.

Жаңа газ өңдеу қуаттарын салу үшін Энергетика министрлігіне инвестициялық шешімдер қабылдауды жеделдету тапсырылды. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау үшін қаржылық даму институттарымен бірлесіп 1 қарашаға дейін жаңа генерация объектілерінің құрылысына ұзақ мерзімді кредит беру тетіктерін әзірлеу қажет.

Сондай-ақ Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 6 қазанда республикалық референдумды ұйымдастыру және сапалы өткізу жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп биылғы 1 қарашаға дейін Үкіметке Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту жөніндегі қаулы жобасын енгізу тапсырылды.

«Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап нақты тұтыну нормаларын енгізу қажеттігін атап өтті. Сондықтан адамдарды ресурстарды ұтымды пайдалануға ынталандыру керек. Ұлттық экономика министрлігі биылғы жылдың соңына дейін табиғи монополиялар салаларында реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну мөлшеріне қарай тұтыну нормаларын енгізсін», — деп тапсырды Олжас Бектенов.


Премьер-Министр көлік-логистика секторының мәселелеріне назар аударып, көлік инфрақұрылымын қолдау мен дамыту үлкен инвестицияларды тартуды талап ететінін ескертті. Осындай шаралардың бірі – «Қазақстан темір жолы» көрсететін қызметтердің тарифтерін қайта қарау. Соған орай, «Самұрық-Қазына» қоры Көлік министрлігімен бірге жүктерді теміржол көлігімен тасымалдаудың жаңа тарифтік саясатын әзірлеуі қажет.

Облысаралық және ауданаралық бағыттардағы жолдарды орташа жөндеуді қамтуды ұлғайту үшін көлік министрлігіне осы жылдың 1 желтоқсанына дейін нақты жобаларды, көрсеткіштерді және қаржыландыру көздерін айқындай отырып, егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу тапсырылды. Қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын бақылаудың бәрі және осы жұмыстардың мониторингі Бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүргізілуге тиіс.

Бұдан басқа, Көлік министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп шағын әуе кемелерін сатып алу тетіктерін пысықтау тапсырылды.