Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын барлық атлет спорт нысандарына тек қана QR код бойынша кіре алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҰОК спорттық медицина және антидопинг департаментінің жетекшісі Лаура Укбенова мәлім етті.
Оның айтуынша Бейжіңге ұшып келген олимпиадашылар қатаң тексерістен өтеді. Бұл жарысты қабылдайтын мемлекеттің ковидке қарсы шаралары болып саналады.
«Олимпиадашылармен бірге Қытайға спорттық дәрігерлер де аттанды. Олар вирусты инфекцияға қарсы емдеу шараларын жүргізеді. Ойынға қатысушылар осыған дейін міндетті талаптарды сақтады. Ол міндеттер ұшар алдында карантинге жату, күн сайын вирусқа тест тапсыру, геолокацияны бақылап отыратын мобильдік қосымшаны қолдану. Қатысушылардың бәрі қатаң тәртіпті сақтады. Қытайдағы барлық олимпиадалық нысандар QR код бойынша кіргізетін болады», - дейді Лаура Укбенова.
XXIV қысқы Олимпиада 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтеді. Оған Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдама жеңіп алды. Қазақстандықтар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.