10 ақп, 2022 сағат 19:55

Олимпиадаға қатысқан бір топ қазақстандық спортшы елге оралды


Бүгін бас қаламыздың халықаралық әуежайына Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиадаға қатысушылар - фристайл-могулдан Қазақстан ұлттық құрамасы ұшып келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Спортшыларды Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен жанкүйерлер қарсы алды. 

«Спорт - бақ пен бап қатар жүретін сала. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додада бар күштеріңізді салып, жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. Біз сіздерді қашанда қолдауға дайынбыз. Жарқын жеңістеріңіздің әлі де алда екендігіне сеніміміз мол» -деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова. 

Естеріңізге сала кетейік, байрақты бәсекеде фристайл-могулда ұлттық құрама сапында алты спортшы ел намысын қорғады. 

Олардың қатарында Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд финалға жолдама алып, Юлия он бірінші, ал Дмитрий сегізінші орынға жайғасты.