29 шіл, 2021 сағат 20:35

Олимпиададағы боксшылар сәтсіздігіне пандемия әсер етті - Бокс федерациясы


Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Мықтыбек Маратбек Орталық коммуникациялар қызметінде қазақстандық боксшылардың Олимпиададағы сәтсіздігіне не әсер еткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, олимпиадалық жарыстарды боксшыларымыз сәтсіз бастады. Олардың дайындалуы үшін Спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан материалдық жағынан, жабдық жағынан бәрі жасалды. Өкінішке қарай, пандемия өз әсерін тигізуде. Спортшылар үйде оқшаулауда отырды, жабық базаларда дайындалды. Шетелдерге шыққанда жарысқа дейін 4-5 күн карантинде отырған кездері болды. Бұл әсерін тигізбей қоймады деп ойлаймын. Сондықтан, оларды сынай беруге де болмайды. Әлі де болса, екінші топ спортшыларымыз ойын көрсетеді, солардан жақсы нәтижелер күтеміз», - деді Марат Мықтыбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Айта кетейік, Токиодағы Олимпиадада Қазақстан құрамасында спорттың 28 түрінен 97 жолдама болған еді. Әзірге Қазақстан қоржынында үш «қола» медаль бар. Оларды дзюдошы Елдос Сметов және ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло жеңіп алды.