02 нау, 2022 сағат 13:37

Олимпиада резервін дайындаудың біртұтас жүйесін құру керек - Тоғжанов


Олимпиада резервін дайындаудың біртұтас жүйесін құру керек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Олимпиада резервін дайындаудың біртұтас жүйесін құру уақыты келді. Бұл салада түбегейлі іс-шаралар қабылдау қажет. Министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, әкімдіктер, ғылыми институттар мен федерациялар спортшыларды даярлау барысында өздерінің міндеттері мен рөлдерін анық түсініп, оларды тиянақты орындауы тиіс. Осы жұмысты үйлестіру министрліктің басты міндеті. Олимпиада резервін даярлау қызметін нақты деңгейлерге бөліп, әрбір деңгей үшін тиісті нормативтерді, көрсеткіштерді, жауапты ұйымдарды және қаржыландыру көздерін анықтау қажет», - деді вице-премьер Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында.

Осы ретте Ералы Тоғжанов қабілетті спортшылар тиісті нормативті орындағаннан кейін даярлықтың жоғары деңгейіне өтуі тиіс екендігін баса айтты. 

«Жаттықтырушыларды өз шәкірттерін келесі деңгейге өткізгені үшін марапаттау маңызды. Бұл мәселемен біраз шұғылдандым. Жоғары деңгейге жеткен шәкірттерін көпшілігі өз қарамағында ұстауға ынталы. Сондықтан осындай ынталандыру жүйесінсіз нақты нәтиже де болмауы мүмкін. Осы мақсатта арнайы сыйақы да енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын», - деді ол.