Бүгін Үкімет отырысынан кейін еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлау фактісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қылмыс әлемнің кез келген елінде жасалады. Қылмыс жасалмайтын бірде-бір ел жоқ. Дәл сол жерде нақты Олимпиада чемпиондарына қарсы қандай да бір акция жүргізіліп жатыр дегенге түбегейлі қарсымын. Бұл ең алдымен сәйкестік. Ол қаланың ортасы және көлік қоюға арналған орын өте көп. Бейнебақылау жүйесінің және қызметкерлеріміздің жедел жұмысының арқасында аталған қылмыс бір тәуліктің ішінде ашылып, қылмыскер ұсталды. Меніңше, бұл полицияның дұрыс әрі жақсы жұмысының нәтижесі», - деді министр.
Осы орайда ол еліміздегі көліктердің қосалқы бөлшектерін сататын барлық базар тексеріліп жатқанын айтты.
«Бүгінгі күні көлік айнасын сататын бүкіл жерде рейдтік шаралар жүргізіп жатырмыз. Заңсыз жұмыс істеп тұрған базарлардың барлығы іс жүзінде жабылды. Қазіргі уақытта зауыттан шыққан бөлшектер ғана саудаланып жатыр», - деді ол.
Е.Тұрғымбаев БАҚ өкілдерінің Алматының жергілікті полиция басшысы жазалана ма деген сауалына да жауап берді.
«Не үшін? Қылмысты бір тәуліктің ішінде ашқаны үшін бе? Алдын алу шараларын тағы да қарастыратын боламыз», - деді Е.Тұрғымбаев.