Бір жылдық кідірістен кейін Олимпиада алауы Токиоға да жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық Олимпиада комитетінің сайтына сілтеме жасап.
Олимпиада алауы Токиоға 120 күндік сапарының соңғы екі аптасында Жапониядағы барлық 47 префектураны аралап келді.
«Үміт біздің жолымызды нұрландырады» деген ұранмен саяхаттаған алау 1964 жылы Токио Олимпиадасына арналып салынған Комадзава Олимпиада паркі стадионында салтанатты түрде қарсы алынды.
«Мен алау эстафетасын сәтті өткізуге көмектескендерге шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүкіл Жапониядағы адамдардың көмегімен қиын жағдайларды жеңе алдық», - деді Токио губернаторы Коике Юрико.
Алауды үш дүркін паралимпиада ойыншысы Тагучи Аки подиумға алып шықты.
Бұған дейін Жапония билігі COVID-19 таралуына байланысты 12 шілде мен 22 тамыз аралығында жарияланған төтенше жағдайға байланысты жазғы Олимпиада ойындарына көрермендерді жібермеу туралы шешім қабылдаған болатын.
Ойындар 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.