05 ақп, 2022 сағат 17:03

Олимпиада-2022: Морозова ел рекордын жаңартты


Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында конькимен жүгіру бойынша жарыстар басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасынан Надежда Морозова бірінші болып мұз айдынына шықты. Ол әйелдер арасында 3000 м қашықтықты 4:04.97 уақытта жүгіріп өтті. Осылайша, отандасымыз жарысқа шыққан 30 спортшы ішінде 13-ші орынға тұрақтады. 

Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш отандасымызға жүлдегерлер қатарынан көрінуге мүмкіндік бермеді. Дегенмен Надежда осы қашықтықта Қазақстан рекордын жаңартты. 

Айта кетейік, бұған дейінгі рекорд Людмила Прокашеваға тиесілі болған (4:05.01). Бұл - оның 2001 жылы 2 наурызда Калгариде өткен әлем чемпионатындағы көрсеткіші. 

Надежда Морозова Бейжіңдегі ойындарда басқа да қашықтықтарда өнер көрсетеді. 7 ақпанда ол Екатерина Айдовамен бірге 1500 метрге конькимен жүгіреді, ал 17-сі екеуі де 1000 метрге жарысады. Сондай-ақ, 19 ақпанда Морозова масс-стартта өнер көрсетеді.