Фото: digitalbusiness.kz
Дубай стилінде жасалатын танымал шоколадтың үш түрлі брендіне Британияның тағам қауіпсіздігі басқармасы шұғыл түрде тыйым салуға бұйрық шығарды, деп хабарлайды Ult.kz Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Британияның тағам қауіпсіздігі басқармасы өткен айда Nrosis Schokolade Love of Dubai шоколадтарының құрамында декларациядан өтпеген өлімге әкелетіндей аллергия туғызуы мүмкін заттар бар деп, шоколадтың фольгаға оралған түрін бөлшек саудада сатуға тыйым салған.
Енді ресми орын Fix it Dubai Kunafa Chocolate (50 г) және Le Damas Dubai Chocolate Kunafa and Pistachio (200 г) шоколадтарына тағам қауіпсіздігі бойынша ескерту жасап, өнім шығаратын компанияларды дереу сатуды доғару туралы талап қойды.
Сондай-ақ тағам қауіпсіздігі агенттігі бұл шоколадтарды "тағамға пайдалануға болмайды" деген ескерту енгізді. Ескерту тұтынушылар мен бөлшек саудагерлерге арналған.
Бұл шешім шығарылған шоколад партияларының барлық кодтарына және барлық шығару мерзіміне қатысты.
Шоколад әсіресе жаңғақ, жержаңғақ, бадам, кешью мен грек жаңғағына аллергиясы бар адамдарға қауіпті. Ол анафилаксия тудыруы мүмкін. Алайда бұл шоколад қаптамасында жазылмаған.
Бұған дейін Еуропа билігі жүргізген тексерісте Дубай шоколадының кей бір түрінің құрамында декларациядан өтпеген күнжіт, тыйым салынған бояғыштар мен канцентрациялық заттар анықталған.
Бірде неміс зерттеушілері фисташки қосылған импорт шоколадтарда афлатоксин (бауыр рагіне әкелетін токсинді қосындылар) бар екенін анықтап, "жаппай қауіпсіздікті бұзу" фактілерін жариялаған.
Маусым айында Қаржылық реттеу және қадағалау басқармасы (FSA) тұтынушыларды Дубай стиліндегі шоколадтар жапсырмаларын тексеруге және аллергендерді көрсететін ингредиенттер ағылшын тілінде тізімделмеген болса, оларды сатып алмауға шақырды. Сонымен қатар қаптамада өнімнің шығу мерзімі, жауапты компанияның мекенжайы көрсетілуі керек.
Алайда сарапшылар әлеуметтік желі арқылы трендке айналған әйгілі Дубай шоколадының сатылымы оның қауіпі туралы ескертуден жылдам екенін айтады.
