Қазақстандық жеңіл атлет, үш дүркін Олимпиада жүлдегері Ольга Рыпакова спорттық мансабын аяқтамайтынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осыған дейін Ольга Рыпакованың спорттық мансабын аяқтағандығы туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған болатын. Алайда жеңіл атлет бұның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Әлеуметтік желідегі бірде-бір жазбамда мансабымды аяқтайтындығым туралы сөз жоқ. Сондықтан журналистер мен блогерлерді жалған ақпарат таратпауға шақырамын. Спортшыға ауқымды додадан кейін демалыс керек. Жеңіс пен жеңілістен кейін келесі сынға дайындалу қажет. Мен де әлі жаттығып, түрлі бәсекелерде өнер көрсеткім келеді», - деп жазды ол Instagram желісіндегі жеке парақшасында.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасында үш қарғып секіруде Ольга Рыпакова финалға өте алмаған болатын.