Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова кәсіби спортпен қоштасатыны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мен бақыттымын, спорттағы мансабым Ольга Саладухина және Катя Мена секілді керемет спортшы қыздардың секторда өнер көрсетуімен тура келді. Токио Олимпиадасы мен үшін де, олар үшін де спорттағы мансабымның қорытындысы болды. Олар мен үшін үздік үштік болып қала береді. Ендігі уақытта мен оларды қарсылас ретінде емес жақын құрбым ретінде құрметтеп, жақсы көремін. Алдағы уақытта сектордан тыс талай кездесеміз деп ойлаймын. Оларға табыс тілеп, алға қойған арман-мақсаттарының орындалуына тілекшімін. Өмірлері табысқа толы болсын!. Ешқашан жасымасын!», - деп жазды О. Рыпакова Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Токио Олимпиадасында үш қарғып секіруде қазақстандық Ольга Рыпакова финалға өте алмады.
Спортшы бұған дейінгі үш Олимпиадада да жүлдегерлер қатарынан көрінді. 2008 жылы күміс, 2012 жылы алтын, 2016 жылы қола жүлдегер атанды.