02 сәу, 2018 сағат 17:40

Өлдіге санаған қарындасы 20 жылдан соң ағасына қоңырау соқты

Ақмола облысы Аршалы ауданында тұратын Асылбек Баяжұма есімді азамат 20 жылға жуық уақыт бұрын ұшты-күйлі жоғалып кеткен қарындасын әлеуметтік желінің көмегімен тауып алған. Бұл туралы ол ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Асылбектің айтуынша, оның туған-туыстары үйдің кенжесі - Жанботаның жарық дүниеде бар екендігінен, оның табылатындығынан біржола күдер үзген. Өзі де ауық-ауық еске алып отыратыны болмаса, енді оны көремін деп ойламаған. Алайда, күні кеше 20 жылға жуық уақыт бұрын айдың-күннің аманында көз жазып қалған кенже қарындасы қоңырау шалып, «Мен Жанботамын, аға, бармын, тірімін» дегенде төбесінен жай түскендей күй кешкен.


Жанбота Шаяхметқызы 1984 жылы дүниеге келген екен. 1991 жылы әкесі Шаяхмет Бұрқанұлы Қазақстанға Моңғолиядан алғашқы көшті бастап келеді. Ол кісінің үш жоғары білімі бар, Моңғол елінде түрлі мемлекеттік лауазымды қызметтер атқарған. Анасы  Ғазиза Халхағанқызы жоғары білімді дәрігер. Ғазиза мен Шаяхметтен 4 бала туады: Жандос, Зәуреш, Асылбек  және Жанбота.


1996 жылы сәуір айында анасы Ғазиза Көкшетау облысы (сол кездегі атау - ред.) Володаровка ауданы Дәуқара ауылында бас дәрігер болып жүріп, кенет көз жұмады. Одан соң Шаяхмет Бұрқанұлы бала-шағасымен Көкшетау қаласына көшіп келіп Көкшетау университетінде, «Алаш» қоғамдық қозғалысының орталық аппаратында жұмыс істейді.

2001 жылы 9-сынып бітірген Жанбота Көкшетаудағы қазақ педагогикалық колледжіне оқуға құжат тапсыруға кетіп, сол күйі одан хабар болмайды. Туған-туыстары «Бармысың, бауырым!», «Жди меня» сынды көптеген бағдарламалар арқылы, Ішкі істер органдары арқылы іздестіреді, бірақ еш нәтиже шықпайды. 2-3 жылдан соң өмір ағымымен іздеу жұмыстары да саябырси бастайды. Келе-келе ол тірі деген де үміт үзіледі. Алайда, 17 жылдан соң өлдіге саналған Жанбота ағасын өзі тауып алған.

«Кеше, яғни 1 сәуір күні анамыз Ғазиза марқұмның рухына құран бағыштап отырған сәтте қарындасымыз хабарласып, өзінің тірі екенін, бар екенін айтты. Аузыма сөз түспей, не дерімді білмей қалдым. 1 сәуірдің қалжыңы ма деп те ойладым. Алайда қонақтарым кеткен соң сөйлесе келе оның бар тағдырын білдім», -дейді Асылбек.

Мәлім болғандай, Жанбота үйден кеткен жолында бір дос қызымен Астана қаласына барады. Жастықпен «жұмысқа тұрып, өз бетіммен күн көрем» деген шешім қабылдайды. Кейін жақындары оны іздестіре бастағанда Алматыға қашып кетеді. Алматыда жол көлік оқиғасына ұшырап, 1,5 жыл емделеді. Сол жылдары қыздармен бірге автокөлік ұрлығын жасап, 3 жылға сотталып кетеді.

Түрмеден шыққан соң Талғар ауданында бір қойшы жігітке тұрмысқа шығып, 2,5 жылдан соң ортақ бала болмағандықтан ажырасады. Осыдан соң өз өмірін қолға алып, жаманшылыққа ұрындырған ортадан алыстайды. Осынша оқиғаны бастан кешкен ол ағаларын іздеп баруға дәті бармайды.

Қазіргі уақытта Жанбота Алматы қаласында жұмыс істейді екен. Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде отырып, ойда-жоқта нағашы әпкесінің парақшасын тауып алады. Содан барлық туыстарының номерлерін алып, хабарласа бастайды. Ақыры марқұм анасының өмірге келген күнінде ағасымен тілдеседі.

Біздің кейіпкер аты-жөнін Жанна Шаяхметова деп өзгертіп алған көрінеді. Сол себепті ішкі істер органдарының іздеу жұмыстары нәтиже бермеген.

Жақын күндері 20 жылға жуық бір-бірін көрмеген ағалы-қарындасты екеу кездеспек...