ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының Павлодар қаласындағы филиалында болды. Мұнда ішімдік пен есірткіге тәуелді азаматтар оңалтудан өтеді, деп хабарлайды үміткердің баспасөз қызметі.
«Мені осы мәселені жақсы білетін адам ретінде қабылдағандарыңызды қалаймын. Өйткені, бұл мәселе менің жақын адамдарымның да өмірінде болды. Ол кісімен бірге отырып, жылап, кейде ашуланған түндерім де болды. Мен әрқашан жақын адамдарымның, құрбыларымның және барша қазақстандықтардың басында мұндай келеңсіз жағдай ешқашан болмағанын қалайтынмын. Мен Павлодардағы орталыққа осы себеппен келдім. Әрине, біздің аймақтық штаб зауыттарды, ауруханаларды және т.б. мекемелерді ұсынды. Бірақ мен сіздердің мәселелерңізге бей-жай қарай алмаймын, елдегі есірткі мен ішімдіктің таралуына байланысты ахуалды өзгерткім келеді», – деді ол.
Орталықта өмірінде талай қиындық көрген жандар оңалтудан өтіп жатыр. Кездесуге қатысушылардың бірі өзі туралы былай деді:
«Мен өмірімнің үштен бірін колонияларда өткіздім, өмірімнің жартысынан көбінде есірткі пайдаландым. «Тәжірибе» препараттарына 25 жылымды арнадым. 10 жасымнан бастап жеңіл есірткіні, кейін алкогольді, одан кейін героинді қолдана бастадым. 15 жасымда героинді тамырға салдым. Содан кейін осында келдім, өйткені мен төменгі деңгейге түсіп кеткен едім. Ата-анам менен бас тартты, әйелім кетіп қалды».
Қазір ол оңалтудан өтіп жатыр және өзін өмірге, қоғамға қажет сезінеді, оған жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Қоғам қайраткері әлемдік және отандық статистиканы ортаға салды.
«Әлемде психоактивті заттарды белсенді түрде қолданатын шамамен 275 миллион адам бар. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепкер болады. 19 миллион халқы бар Қазақстан үшін есірткі тұтынудың аз ғана көрсеткіші ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде 18,5 мыңнан астам нашақор тіркелген. Оның ішінде 1,5 мың әйел бар», - деді ол.
Тұрсынбекова бұл тек ресми деректер екенін баса айтты. Расында, нашақорлар одан да көп. Себебі, «дәстүрлі» деп аталатын есірткілер жаңа психоактивті заттармен алмастырылған. Жыл сайын психоактивті заттардың 20-25-тен астам жаңа түрі синтезделеді. Олар есірткінің басқа түрлерінен салыстырмалы түрде арзандығымен, айқын психотроптық әсерімен, әсіресе жастарда бейім болатын тәуелділіктің тез қалыптасуымен ерекшеленеді.
Құқық қорғаушы қарапайым мектеп оқушысының да бұл іске шатылып үлгергенін айтты. Балалар қаланың әр жерінде курьер болып, есірткі тасумен айналысып жүр.
«Негізгі мәселе - бүгінгі күні психоактивті заттарды жасау оңай. Барлық дерлік компоненттер заңды және қол жетімді. Осы факторлардың барлығы синтетикалық есірткіні өз санасына эксперимент жасауға бейім және барлық қауіпті түсінбейтін жастар үшін тартымды етеді», - деп бөлісті Тұрсынбекова.
Кандидаттың айтуынша, тәуелділікті жеңген адамдардың қоғамдастығын құру маңызды. Әкімдіктер оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, көмек беруі керек.
«Біз құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеуіміз керек, сонда олар қылмыскер мен көмекке мұқтаж нашақорды ажырата алады. Ата-анамен, отбасымен, олардың жақын қарым-қатынастағы ортасымен жұмыс істеу де аса қажет. Нарколог-психиатрлар психологтармен бірлесе отырып, отбасыларға арналған профилактикалық бағдарламаларды жасап, тренингтер өткізуі қажет. Бұл толеранттылық, қамқорлық және бір-біріне деген жақсы байланысты көрсете отырып, барлығы атсалысуға тиіс жұмыстың үлкен бөлігі», - деп қосты ол.