«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің 2016 жылы 18 шілдедегі Алматыда болған қайғылы оқиғаға қатысты үндеуі жарияланды, — деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі.
Үндеуде «Нұр Отан» партиясы Алматыда террористердің қолынан қаза тапқан құрбандардың туғандары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. «Мемлекет басшысы елді дүрліктірген қанды оқиғаға орай Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Онда Елбасы Алматыда және бүкіл еліміз бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты нақты тапсырмалар берді. Президент қазіргі таңда «қауесет таратушылардың жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды» екенін атап өтті. Партиямыздың Төрағасы: «Тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына халық сенімді болуға тиіс», — деді. Мемлекет басшысының мәлімдемесін толығымен қолдай отырып, біз адамгершіліктен ада осынау террорлық актіні жасаған қандықол қылмыскерлер барша Қазақстан халқына қарсы шықты деп санаймыз. Террористер қатаң жазалануы тиіс», — делінген хабарда.
Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, шабуылдаушылар біздің біртұтас қоғамға қауіп төндіріп, үрей туғызуды көздеді. Бірақ лаңкестердің бұл әрекеттерінен түк те шыққан жоқ. «Алматыдағы қайғылы оқиға қазақстандықтарды одан әрі біріктіре түсті. Бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық — біздің еліміздің басты құндылықтары. Бұл қасиетті ұғымдарға ешкімнің сызат түсіруіне құқы жоқ», — дейді ол.
«Қарапайым халықтың қауіпсіздігі үшін өздерін құрбан еткен антына адал полиция қызметкерлері — Қазақстанның нағыз батырлары. Олардың ерлік әрекеттері өжеттілік пен ержүректіліктің және Отаны мен туған халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді. Қазақстан халқы лаңкестікке жойқын тойтарыс береді. Бұл қылмыскерлердің өздерін мұсылманбыз деп атауға еш құқы жоқ. Өйткені, олар адам өлтіріп, ең ауыр күнәні арқалады. Олардың қанқұйлы әрекеттері ешқандай ақтап алуға келмейді және ол мүмкін де емес. «Нұр Отан» партиясы барлық қазақстандықтарды терроризмге қарсы бірігуге шақырады. Қазақстан халқы еліміздегі бұл қасіреттің тамырына тек бірлік пен біртұтастық арқылы балта шаба алады. Қазіргідей қиын жағдайда азаматтарымыздың қайғыны бөлісіп, ынтымақ пен татулық танытуы — соның айқын дәлелі», — делінген үндеуде.