04 нау, 2025 сағат 14:49

Оқушылар олимпиадасын өткізу бизнестің бір түріне айналып кеткен бе?

Фото: qazaqstan.tv
Қазіргі кезде оқушыларға арналған түрлі пәндік онлайн олимпиадалар көп. Олар шынымен баланың білімін анықтайтынына да күмән жетерлік. Себебі құны 500-1000 теңге шамасындағы саңырауқұлақша қаптаған олимпиадалардың тапсырмаларын орындаған балаға да ешқандай талап қойылмайды. Оған қатысқан бала тапсырмаларды өзі орындады ма, әлде ата-анасы көмектесіп отырды ма, ол да белгісіз. Әйтеуір ата-аналардан ақша жиналады, сосын қатысқаны үшін сертификат таратылады. Бәз бір сертификат тарату үшін өткізілетін сияқты.

Жалпы олимпиада өткізетіндерге талап бар ма, болса қандай? Бұл сұрақты Ult.kz тілшісі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновқа қойды.


Фото: ОКҚ, Ғаждембек Тұрсынов
«Қазақстанда жекеменшік орталықтардың 1000 теңге, 500 теңге тұратын олимпиадаларды өткізуі қазір белсенді болып отыр. Онымен қоймай, кейбір жекеменшік ұйымдар біздің республикалық Дарын орталығы тегін өткізетін пән олимпиадаларының аттарына ұқсас қылып алып, олимпиадаларды өткізуде. Сол себептен осындай мәселелерді көрген кезде біз өзіміздің ақпараттық, әлеуметтік желілерімізде әрдайым осының фейк екенін хабарлап отырамыз. Сондықтан Қазақстанда жүргізілетін Оқу-ағарту министрлігінің олимпиадалары мен байқауларының тізімі арнайы бұйрық бойынша бекітілген. Осы бұйрықта көрсетілген олимпиадаларға қатысуға шақырамын ата-аналарды. Жергілікті жерде болсын, не болмаса республика бойынша осындай ақылы олимпиадалар өткізіп жатқанда күмәнмен қарауларыңызды сұраймын. Өйткені бұл ата-ананың құзыретінде және қатысу-қатыспау оқушының құзіретінде. Біз оған тыйым салатындай құқымыз жоқ», -дейді Ғаждембек Тұрсынов. 


«Ал олимпиада өткізу қазіргі кезде бизнестің бір түріне айналып кеткен деп ойламайсыз ба?» деген сұрағымызға орталық директоры олай ойламайтынын айтты.

«Себебі қазіргі таңда министрлікте бір үлкен құжат дайындалуда. Жалпы осы өткізіліп жатқан жекеменшік оқу орындарының, компаниялардың олимпиадаларын растау үшін бағалау критерий жасалып жатыр. Жалпы болашақта сондай реестр, тізбе бекітілетін болады деп ойлап отырмыз. Яғни кез келген осындай олимпиадаларды өткізетін компания Оқу-ағарту министрлігі жанынан құрылған комиссияға өзінің олимпиадасы бойынша белгіленген талаптарға сай құжаттарын әзірлейтін болады. Сосын комиссия оны қарастырып, бұны өткізуге рұқсат бере ме, әлде жоқ рұқсат бермей ме, шешім шығаратын болады. Сол себепті 514 бұйрықтың 2-ші қосымшасында да талаптар жазылып тұр. Осындай талаптар бойынша да құжаттарды дайындап, арнайы комиссияға тапсырып, жалпы осы олимпиаданы ресми түрде өткізуге мүмкіндігі бар. Бірақ бір ғана ұсыныс ол балаларға тегін болуы керек», -дейді ол. 


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында белгілі болғандай 2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 80 зияткерлік іс-шараға қатысты. Барлығы 1,5 миллионнан астам (40%) оқушы қамтылды.Халықаралық олимпиадаларға қатысқан әрбір екінші қазақстандық оқушы жүлделі орынмен оралды. 

Сондай-ақ Президенттің бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына ақшалай сыйақы тағайындалды. 2024 жылы бұл мақсатқа 77,5 млн теңге бөлініп, 26 оқушы марапатталды. Сонымен қатар 24 педагогке 6,4 млн теңге қаржылай сыйақы берілді. Олимпиаданың алтын жүлдегерлері 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс медаль иегерлері – 1000 АЕК, ал қола медаль иегерлері 500 АЕК көлемінде сыйақы алды.

Бұдан бөлек, халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушылар кез келген қазақстандық жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігіне ие болады.


Балжан Жеңісқызы