12 қаз, 2024 сағат 13:28

Оқулықтардағы қателер мен стандартсыз пішіндер: баспа мамандары мәселені қалай шешіп жатқандарын айтты

Фото: "Алматыкітап" баспасы

Қазақстанда оқулықтарға қатысты мәселелер қоғамда жиі пікірталас тудырады. Оқулықтардың мазмұнына қатысты шағымдардан бөлек, жуырда мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев олардың әртүрлі көлемде шығатынын айтып сынады. Оның айтуынша, осының салдарынан отбасы жыл сайын әртүрлі мұқабалар сатып алуға мәжбүр. Оқу материалдарының құрылымы және мектеп оқулықтары төңірегіндегі өзекті мәселелер «Алматыкітап» баспасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде талқыланды. 

Баспагерлердің өзі сыннан қатты шаршағанын айтады. Кейбір сын орынды болса, кейбірі тіпті орынсыз дейді олар. Өйткені кітап шығару бірнеше кезеңнен өтетін күрделі процесс. Баспа президенті Гаухар Саймасаева оқулық оқушының қолына жеткенге дейін бірнеше маманның сараптамасынан өтетінін ескертті.

Фото: "Алматыкітап" баспасы. Гаухар Саймасаева

«Бізде министрлік жанында Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы бар. Бұл орталық оқулықтар мен оқу бағдарламаларының сараптамасын жүргізеді, оларды Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғалымдары әзірлейді. Бізге оқулықтарды дайындау үшін белгілі бір уақыт беріледі, кейде, өкінішке орай, бұл уақыт өте аз болып жатады. Ұжыммен жұмыс істеп, ішкі сараптамадан өткізген соң, оқулықтарды тәжірибелі мұғалімдерге ұсынамыз және олардың пікірлерін ескереміз. Содан кейін оқулықтарды «Білім мазмұнын сараптау орталығына» сараптамаға жібереміз. Қырық күннен кейін олардан ескертулер мен ұсыныстар аламыз, онда да сарапшылардың үлкен тобы жұмыс істейді. Кейін бізге бір ай уақыт беріледі және егер оқулық қайта басып шығарылса, оны екінші сараптамаға ұсынамыз. Егер оқулық жаңа болса, ол апробациядан өтеді. Ел бойынша арнайы таңдалған мектептерде екі ай ішінде оқулықты мұғалімдер мен ата-аналар қарайды.
Біз екінші сараптаманың нәтижелерін және апробация нәтижелерін аламыз, нәтижесінде екі кезеңдік сараптамадан өтеді. Үшінші кезеңге көшеміз – бұл кезеңде үлкен республикалық комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамында көптеген адамдар бар: тәжірибелі мұғалімдер, оларды арнайы Астанаға шақырады. Екі апта бойы олар барлық оқулықтарды қарайды және егер біз республикалық комиссиядан өтсек, «Білім мазмұнын сараптау орталығы» Оқу-ағарту министрлігіне сараптамадан өткен оқулықтар тізімін ұсынады. Осылайша, біз белгілі бір тізімге кіреміз. Яғни, мемлекеттік сараптаманың үш кезеңі бар. Ал баспада корректура, редактура, әдістемешілердің жұмысы және баспаның өз сараптамасы бар. Оқулық төрт түрлі сараптамадан өтеді», - дейді Гаухар Саймасаева.


Фото: "Алматыкітап" баспасы. Асима Рысқұлбекова

Баспаның вице-президенті Асима Рысқұлбекова Қазақстанда Оқулықтану ғылымы жас ғылым екенін ескертті. Тек 2015 жылдан бастап қана ғалымдар төл оқулықтарымызды жазуға көшкен, ал бұған дейін оқушылар аударма оқулықтарды оқып келген.

«2015-2016 жылдардан бастап біз алғаш жаңа білім беру мазмұнына көштік. Оған дейін біздің төл оқулықтарымыз, төл авторларымыз болған жоқ. Негізінен біз аударма оқулықтарды оқыдық. Авторлар мектебі енді ғана қалыптасып келе жатыр. Біздің авторларымыз осы оқулықтану ғылымының қыр-сырын енді меңгеріп жатыр», - дейді ол. 


Алайда қоғам тарапынан қатты-қатты айтылатын сын-ескертпелер көптеген авторды оқулық жазу райынан қайтарып тастайтын көрінеді. 

«Авторлық мектеп енді ғана қалыптасып келе жатыр. Мықты авторларды енді дайындап жатырмыз. Қоғам тарапынан жанашырлықпен кемшіліктерін айтса, біз оны қуана қабылдар едік. Қатты сын-ескертпелер болашақта біздің мықты ғалымдарымыздың, мықты педагогтарымыздың жақсы оқулық жазудан бас тартуына әкелуі мүмін. Болашақта мықты оқулық жазатын авторларды таппай қалуымыз мүмкін», - деп алаңдайды Асима Рысқұлбекова.


Фото: "Алматыкітап" баспасы

Ал оқулықтар пішінінің әртүрлілігіне келер болсақ, баспа президентінің айтуынша, қазір 1-2, 4-сынып оқулықтарының бәрі бір форматта шығарылады, тек 3-сынып оқулықтары ғана жаңалауды талап етеді. 

«Көп мұғалім оқулықтар партаға сыймайды, балаларға ыңғайсыз деді. Содан кейін министрлік арнайы шешім қабылдап, бәрі бірдей форматпен шығарылатын болды. Қазір мектептерде 1-2, 4-сынып оқулықтары толығымен ауыстырылды. 3-сыныпта әлі бұрынғы оқулықтар қолданыста бар, себебі оған әлі жаңа бағдарлама келген жоқ, соны күтудеміз. Жаңа бағдарлама келсе, осындай стандартты форматпен шығарамыз», - деді баспа президенті.


Фото: "Алматыкітап" баспасы. Ольга Дзержинская

Төл оқулықтар бұрынғы Кеңес Одағының оқулықтарынан әлдеқайда күрделі деген сын-ескертпелерге методист Ольга Дзержинская жауап берді.

«Біз бұрын 1+1 қалай оқысақ, қазір де солай оқытып жатырмыз. Көбейту кестесін қай кезде оқысақ, жүйелі түрде қазір де солай оқытамыз. Ата-аналар көбейту кестесі жүйесіз беріледі дейді, мүлдем олай емес. Бұрын біз мұны жоғары сыныптарда оқыдық дейді. Мен 1989 жылы шыққан кітапты алып келдім. Біздің оқулықтарда материал қалай берілсе, сол тәртіппен бұрын да берілген. Түк те өзгерген жоқ. Жақында бір оқулыққа қатысты ескерту болды, теңдеуді біз орта сыныптарда шештік дейді. Теңдеуді әрқашан бастауыш сыныпта оқығанбыз. Қазір бастауыш сыныпқа тек көп санға көбейту ғана қосылды», - деп түсіндірді ол.


Дегенмен, баспагерлер жанашырлық танытып, сын-ескертпесін жолдап отыратын баршаға алғысын білдіреді. Баспа тарапынан заманауи оқулыққа қойылатын талаптарды зерделеп, ең мықты тұстарын оқулықтарға енгізіп жатқандарын айтты. Осы орайда 1-11 сынып оқушыларына арналған Тоpiq.kz электрондық оқулықтар платформасын жасап шығарған. Барлық оқулықтар ҚР БжҒМ барлық талаптарына сәйкес келеді. Цифрлық оқулық – баспа оқулықтың pdf нұсқасы емес, интерактивті тапсырмалары бар мультимедиялық оқу құралы. Электрондық оқулықтар көптеген аудио, бейне материалдардан тұрады. Бұл тақырыпты тереңірек түсінуге, өзін тексеруге арналған тапсырмаларды орындау мен оқу материалын табысты меңгеруге бағытталған.

Фото: "Алматыкітап" баспасы

Дайындаған: Анара Бауыржанқызы